Елбасы өз Жолдауларында ұлт денсаулығы табысты болашағымыздың негізі екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына орай денсаулық сақтаудың ұзақмерзімді жаңғырту бағдарламасы жасалып, бірыңғай стандарттар енгізілген. Алайда, бұл мәселенің бір жағы ғана. Ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсартумен, материалдық-техникалық базасын нығайтумен қатар, дене шынықтыру мен спортқа да айрықша назар аударылмайынша ойдағыдай нәтижеге жетуіміз қиын. Жастайынан денесін жаттықтырып, шынығып өскен адамның бойы да, ойы да таза болады. Жақсы істерге ұршықша үйіріліп, жаман ғадеттерден аулақ жүреді. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, мемлекетшіл қасиеттер қалыптасады. Ал ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдыланған жастар жалқаулыққа бой ұрады, ішкілікке салынып, бұзақылық пен қылмысқа барады. Демек, спорттың бойдағы күш-қуатты толыстырумен қатар, адамгершілік ұстанымдарын орнықтырудағы маңызы өлшеусіз.
Саламатты өмір салты ел тұрғындары денсаулығының кілті десек, бұқаралық спортты кешенді дамыта отырып қана белгілі нәтижелерге жетуге болатынын тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Біздің дене шынықтыру және спорт бөлімі тұрғындардың бұқаралық спортқа жаппай тартылып, спорттық шеберліктерін жетілдіруге бағытталған ұйымдастырушылық шараларды үзбей атқарып келеді. Бүгінде 300-ге жуық спорт нысандары жұмыс істейді. 56 спорт залы білім ошақтары мен серіктестіктерде орналасқан. Бұдан тысқары 24 хоккей қорапшасы, 5 ату тирі, 2 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, 47 футбол, 34 баскетбол, 71 волейбол алаңы бар. Өткен жылға қарағанда спорт ғимараттары 12 бірлікке көбейді. Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында құрамында жүзу бассейні, ойын залдары, сауна, джакузи бар спорт кешені бой көтерді. Оны салу жұмыстарымен “Солтүстік Құрылыс” ЖШС айналысып, 56 миллион теңге жұмсалды. Жаңа жыл қарсаңында спорт-дене шынықтыру орталығы іске қосылды. Инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 266 миллион теңге бөлді. Онда баскетбол, волейбол, футбол, бокс, күрес, жеңіл атлетика залдары жұмыс істейді. Күніне 150 адамға дейін қабылдай алады.
“Жастар” орталық стадионына қайта жаңғыртулар жүргізілді. Осында мұз айдыны қолданысқа беріліп, үлкендер мен жастар жиі келетін орынға айналды. Жеке кәсіпкер Рафаил Сұлтанов Новоишим кентіндегі “Солнечный” шағынауданында хоккей қорапшасын салуға қаржылай жәрдемдесті. “№2 нан базасы” кәсіпорнында жасанды шөп төселген шағын футбол алаңы жасалды. Аудан орталығының станса жақ аумағында жаңа құрал-жабдықтар орнатылған күрес залы пайдалануға берілуі айрықша оқиға ретінде атап өтілді. Оның ашылу рәсіміне Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан командалар қатысып, солтүстік аймақ бойынша ел кубогын сарапқа салды. Жарыстың қорытындысы бойынша ауданның апайтөс балуандары Теміртау қаласында ұйымдастырылған ақтық сайысқа жолдама алды.
Аудан базасы негізінде ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада өткізуіміз, спорттағы үздік жетістіктеріміз үшін “Оскар” сыйлығын алуымыз естен кетпейді. Аудандық жарыстарға 15 мыңға жуық адам қатыстырылды.
Спортшыларымыз түрлі деңгейдегі додаларда намысты қолдан бермей, жүлделі орындардан көрініп жүр. Былтыр облыстық “Ақ бидай” жазғы спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алдық. Республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарған оғландарымыз жетерлік. Осы жылдар бедерінде 2 спорт шебері, 18 спорт шеберіне үміткер, 11 бірінші разрядты спортшы дайындалды. Бүгінде 12,3 мыңдай адам спортпен айналысады. Бұл аудан халқының 28,2 пайызын құрайды. Спортты жандандыруға 16,7 миллион теңге жұмсалды. Бұл салаға 104 білікті маман, оның ішінде мектептер мен лицейлердің 78 оқытушысы тартылған.
Шаруашылықтар да тұрғындарды саламатты өмір салтына бейімдеу, денсаулығын жақсарту шараларынан бас тартқан емес. Бұл іс Новоишим, Буденный, Червонный, Новоселовка, Ломоносовка елді мекендерінде жақсы өріс алған. “Нежинка-Ерке” серіктестігі 4 миллион теңгеге бокс рингін сатып әперіп, 4 спорт алаңын салып берді.
Адам – ең басты капиталымыз, өлшеусіз байлығымыз. Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың білімімен, әлеуметтік жағдайымен, дене күш-қуатымен өлшенетіні белгілі. Сол себепті халық денсаулығы мемлекет тарапынан стратегиялық мақсаттарға жетудегі ілгерілеу қадамы ретінде қарастырылып, өмір сапасын жақсартуға, аз қамтылған жандардың әлеуметтік қорғалуына үлкен мән беріліп келеді. Саламатты өмір салтын үзбей насихаттау, озық тәжірибелерді кеңінен тарату – алдымыздағы келелі міндеттердің бірі. Президентіміз әкімдерге халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырғаны белгілі. “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттердің бірі ретінде қазақстандықтар бойына саламатты өмір салтын қалыптастыру жайының аталуы тектен-тек емес. Өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін жеткізу озық және бәсекеге қабілетті ұлттың сапалық қасиетін айғақтаса керек. Демек, халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізу тек медициналық қызметтің сапалық деңгейімен емес, алдымен, жеке адамның өмір сүру белсенділігін қалай ұйымдастырумен өлшенетінін ұғынатын мезгіл жетті.
Сергей МИНИН,
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.