«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«СЕМЕНОВНА» БИДАЙЫ – ОТАНДЫҚ СЕЛЕКЦИЯНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Отандық тұқым шаруашылығын аяққа тұрғызып, жергілікті өнімнің үлесін арттырып, селекцияны дамыту — агросаланы өркендетудің басым бағыттарының бірі. Сапалы, генетикалық әлеуеті жоғары, құбылмалы ауа райына төзімді егін материалына сұраныс қашан да жоғары. Кей шаруалар элиталық тұқымды мұхиттың арғы жағынан алдыруды да қымбатсынбайды. Өйткені дақылдың дәнегі сапалы болмаса, еңбектің еш кеткені.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптық сынау бойынша мемлекеттік комиссия дәнді дақылдардың 387 сұрпын Қазақстан аумағында өсіруге болады деген шешімге келген. Ұсынылған сұрыптардың 218-і – отандық селекцияның жетістігі. Арнайы комиссия өңірде «Степь», «Айгүл», «Старт», «Анель 16», «Янтарная 60», «Янтарная 150» сияқты қатты бидай сұрыптарын өсіруге болатынын растаған. Бұлардың біразы Ресейдің көршілес облыстары мен еліміздің теріскейіндегі өңірлердің ғалымдары шығарған тұқым түрлері. 2021 жылы солтүстікқазақстандық және ресейлік ғалымдар бірлесіп шығарған «Семеновна» сұрыпты бидай да комиссияның рұқсатын алып, оның Қызылжарда өсіруге қолайлы екені расталды. Омбы аграрлық ғылыми орталығы мен Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мамандарының бірнеше жылдық еңбегі ақталып, өңір климатына қолайлы «Семеновна» бидайының алғашқы тұқымы алынды.

2012 жылы екі елдің зерттеушілері бірлесіп солтүстіктің құбылмалы ауа райына төзімді, суық пен күн сәулесінің аздығына қарамастан тұрақты мол өнім беретін, қысқа жазда ерте пісіп үлгеретін сұрып шығаруды қолға алады. Жаңа бидай түрін шығаруға бар өмірін агросалаға арнаған, өңірдегі стансаның селекция және тұқым шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Ольга Гасс айтарлықтай үлес қосты. Кейін жаңа бидай ғалымның құрметіне орай «Семеновна» атауын алды.

Тәжірибелік стансадағы жұмыс егіс даласындағыдай емес, алқаптары да шағын. Алдымен бидай дәндері шағын ғана жерге егіледі. Кейін қажетті өсімдіктер қолдан тозаңдандырылады. Бидай кездейсоқ басқа сұрыппен тозаңданып кетпеу үшін масағына арнайы изолятор кигізіледі. Кейін піскен дәндер жиналып, қайтадан топыраққа егіліп, өнімділігі мен төзімділігі бағаланады. Мұндайда жаңа сұрып жақсы нәтижелер көрсете қойса игі. Жетістікке ондаған жыл еңбектеніп, талай қателіктен өтіп барып қол жеткізетіндер аз емес.

– Жұмысымыздың алғашқы нәтижелері 2018 жылы көріне бастады. Тәжірибелік стансадағы дақылдың өнімділігі гектарынан 27 центнерге жетті. Ал омбылық әріптестеріміз бір гектардан 60 центнер өнім алғандарын растады. Кейін сұрыпты аудандарда сынап көрдік. Мен жаңа бидай түрінің бірнеше атауын ұсынып көрдім. Алайда оның біреуі де қабылданбады. Кейін стансадағылар хабарласып, жаңа атау тапқандарын айтты. Өнертабысымызды «Семеновна» деп атауды ұсынғанда дағдарып қалдым. Мұндайды мүлде күтпеген едім. Әріптестерім өздері кеңесіп осындай шешім қабылдап қойыпты, – дейді 60 жылын сүйікті ісіне арнаған Ольга Семеновна.

Жаңа сұрыпқа ғалымдардың берген сипаттамасында дақылды түрін Батыс Сібір мен еліміздің өсіру қолайлы екені көрсетілген. Бірнеше жыл бойы сұрыпты сынау Омбы облысы мен Қызылжардың жауын-шашыны аз аймағында жүргізілген. «Семеновна» сұрпы «Уралосибирская», «Омская 37» сияқты кеш пісетін бидай сұрыптарын будандастыру арқылы шығарылған. Алынған будандардың ішінен барлық талапқа сай гибридтер таңдап алыныпты. «Лютесценс 354/04-6» селекциялық буданы өзінің ауруларға төзімділігін көрсетіп, кей стандарттар бойынша жоғары нәтиже көрсеткен. Мысалы Азиев стандарты бойынша ақуыз құрамы 1-2, шикі дәнмаңыз көрсеткіші 3-4 пайыз жоғары болған.

«Сұрып жоғары өнімділік пен ауруларға төзімділік қасиетке ие. Сабақ, жапырақ патогендеріне де шыдамды. «Семеновна» өнімділік, дән салмағы, дәнмаңыз, ақуық құрамына қарай қазақстандық Астана, ресейлік Дуэт стандарттарынан жоғары нәтиже көрсетті. Сұрып табиғаттың жайлы жағдайлары мен қолайсыздығына жылдам бейімделе алады. Бұл – интенсивті сұрыптарға тән қасиет. «Семеновна» Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге бейімделген және заманауи ауыл шуаруашылығы талаптарына сай», – делінген ғалымдар қорытындысында.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы сұрыптың дәнін көбейтіп, шаруаларға жоғары сапалы тұқым ұсынып отыр. Аталған стансада бидай, сұлы, бұршақ сияқты тағы да басқа дақылдардың он сұрпы шығарылған.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp