Мен тәуелсіз елдің азаматымын. Ата-бабаларымыз сан жылдар бойы арман еткен егемендікке осыдан жиырма бес жыл бұрын қол жеткіздік. Бұл біздің бақытымыз, барымыз, ең құнды қазынамыз. Ширек ғасырда еліміз қарышты қадаммен алға басып, гүлдеп, өркендей түсті. Бүгінгі таңда Қазақстан дамыған елдермен терезесін тең етіп, бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекеттер қатарынан орын алды. Қандай саланы алып қарасақ та, ілгері басушылықты байқауға болады. Жастар үшін білім алып, еңбек етуге барлық жағдай жасалған.
Мен Петропавл қаласындағы “Көпбейінді жабдықтар зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде конструкторлық бюрода еңбек етемін. 240 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған мекемеде орта жасқа жеткен еңбеккерлер аз, есесіне, 20-35 жастағы мамандардың қатары қалың. Қазір техниканың дамыған уақыты. Сондықтан да жауапты жұмысты ерекше қызығушылықпен атқаруға тырысамыз. Жұмыспен қатар мен білімімді де шыңдап, ғылыми жоба жазып, “Болашақтың энергиясы” байқауына жолдадым. Қолымнан келгенше еңбек етіп, ел экономикасын дамытуға өзіндік үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін. Осының барлығы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарды саясаты арқасында қол жеткізген жетістігіміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болу үшін аянбай еңбек етіп жүрген Елбасы жастарға зор сенім артып отыр. Біз – тәуелсіз елдің ұландары еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болуы үшін жан-жақты білім алып, “Мәңгілік Ел” болу жолында атқарылып жатқан игі істерге белсене араласамыз. Себебі, біз жастар, еліміздің “намысы”, үкілеген үміті, жайдары да сенімді болашағымыз!
Аманхан БОЛАТОВ,
“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-нің инженер-конструкторы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.