Сені іздеуде Алматы өр аймағы,
Жырға қостың тебіреніп көл – айнаны.
Сағыныштан шаштарын жайып тастап,
Сені іздеуде Қызылжар тоғайлары.
Шабытымды жырларың еселеді,
Мағжан – Рух боп тербеттің неше мені?
Кеудесіне көгілдір көктем кіріп,
Сені іздеуде Тәшкеннің көшелері.
Төгіліп бір Шолпанның бар күнәсі,
Сылдыр қақты Тобылдың арғы басы.
Жырларыңнан күш алып, қанат қаққан,
Сені іздеуде Қазанның қарлығашы.
Жеңе алмады сені, ақын, өлім дағы,
Өлеңіңнен құлпырды көңіл бағы.
Көк тулы елдің жұртына елеңдеген,
Сені іздеуде Омбының өр ұлдары.
Сені іздеуде қарттар да, жас та мына,
Айналдың ба Алаштың дастанына?
Сағыныштан сарғайып, мүжілуде,
Сені іздеуде Уфаның тастары да.
Бөтенді де қосқан ең өз еліңе,
Өкінішім тығылды өзегіме.
Өзенінде өмірдің ағып жатқан,
Сені іздеуде Мәскеудің өзені де…
Кеңейтуде мұратың тар сананы,
Көңілімді миллион ой паршалады.
Жан-жағына қолдарын жайып өсіп,
Сені іздеуде Бурабай аршалары.
Ризамын мен ел-жұртың күткеніне,
Ауырлауда көтерер жүк те, міне.
Сені іздеуде Сібірдің қынасы да,
Сені іздеуде Карелия мүктері де…
Күннен нұрдай Әлемге тараласың,
Жасарасың, және де жаңарасың.
Ақындардың ақыны ең арда туған,
Сені іздейтін артыңда бар Алашың!
Саят ҚАМШЫГЕР.