«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Серік УӘЛИЕВ: “ЕГЕМЕНДІГІМІЗ БАЯНДЫ БОЛҒАЙ”

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жаңа мемлекет құрған Қазақстан ертең Тәуелсіздік күні мерекесін атап өтпек. Бұл мереке – мемлекетіміздің ерекше қуаты мен еркіндігінің нышаны. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған азаттық пен еркіндік бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиді. Тәуелсіздік – біз үшін ең қасиетті құндылық. Сондықтан да оны қадірлеп, қастерлеу – әр азаматтың міндеті. Бүгінде егемендігіміздің арқасында еліміз елеулі жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстан бүкіл әлем мойындаған мемлекетке айналды. Осы мереке қарсаңында біз, ардагер-ұстаз, көп жылдар бойы білім беру мен тәрбие саласында еңбек еткен Серік Уәлиевпен сыр-сұхбат жасауды жөн көрдік.

– Серік Сейпиұлы, ең алдымен, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында екі бөлмелі жаңа пәтер алуыңызбен құттықтаймыз!

– Рахмет. Бұл мен үшін қос қуаныш деп айтуға толық құқым бар. Өйткені, менің туған күнім ел Тәуелсіздігінің мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бір Алланың құдіреті шығар, Елбасының сындарлы саясатына шын сенгендіктен, еліміздің болашағы жарқын болатынына өзімнің еш күмәнім болған жоқ. Сондықтан ауылда жүрген кезімде “Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамына отбасыммен келісе отырып қаржы аударуды бастадық. Менің бұл шешімімді ұлдарым қолдады. Астана және Шымкент қалаларында әскери қызметте жүрген қос ұлымның осы банкте ашылған менің есепшотыма қомақты қаржы аударуының арқасында екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алуға қажетті ақша жиналып, мереке әрі туған күнім қарсаңында жаңа баспанаға ие болып отырған жайым бар. Бұл күні “Береке” шағынауданында екі жүзден астам отбасы қоныстойларын тойлады.

– Секе, мен сізді көп жылдан бері “Солтүстік Қазақстан” газетінің шын жанашыры ретінде білемін. Өзіңіздің айтуыңызша, редакцияға бас сұқбасаңыз ішкен асыңыз бойыңызға тарамайды екен…

– Иә, дөп айттың. Редакция орналасқан мекенжайдың маңында бұрын қызым тұратын. Өзім ол кездері ауылдан көшпеген кезім болатын. Облыс орталығына жол түскен кезімде редакциядағы азаматтарды бір көріп кету мен үшін бір ғанибет еді. Өтірік айтпайын, ең алдымен жиенімді бір иіскеп алып, сендерді көруге асығушы едім. Редакцияда еңбек ететін тұлғалармен аз-мұз әңгімелескеннің өзі біраз уақытқа қуат беруші еді. Қазір Аллаға шүкір, балаларымның арқасында облыс орталығына қоныс аудардым. Петропавл қаласының 19-шы шағынауданында зайыбым екеуіміз кенже ұлмен үш бөлмелі жайлы пәтерде тұрып жатырмыз.

– Екеуіміз бірге Қостанай облысындағы “Сосновый бор” шипажайында өткен жылы демалған кезде сіз өз өміріңіз жайлы да сыр шерткен едіңіз…

– Әңгімеміздің басында айтылғанындай, мен екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы әлі толық жазылмаған 1948 жылдың 16 желтоқсанында қазіргі Есіл ауданының Бірлік ауылында туыппын. Әке-шешем ауылға беделді адам болған екен, шілдеханамды өткізіп, әкеме серік болсын деген ниетпен есімімді Серік қойған көрінеді. Ауылдағы бастауыш, содан кейін Николаевкадағы орта мектептерді үздіктер қатарында бітірдім. Н.Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтын биология-химия пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамадаған соң еңбек жолымды Шал ақын ауданындағы Ленин орта мектебінде мұғалім болып бастадым. Содан кейін заман талабына сәйкес 1972-1973 жылдары Кеңес армиясы қатарындағы азаматтық борышымды Түмен облысының Есіл қаласында атқарып қайттым.

Қырық жылдан астам уақыт ғұмырымды болашақ ұрпақты тәрбиелеуге арнаппын. Шал ақын, Тимирязев аудандарындағы білім ордаларында еңбек еткен соң ұстаздық жолымды өзімнің туған ауылым Есіл ауданындағы Бірлік орта мектебінде жалғастырдым. “Туған елдің түтіні де ыстық” демей ме дана халқымыз. Туған мектебімді он жылдан астам басқарып, құрметті еңбек демалысына шықтым. Қазір шыққан төбемнен өткен өміріме зер салсам, Аллаға шүкір деймін. Құдай қосқан қосағым екеуіміз үш ұл мен бір қыздың сүйікті ата-анасы атандық. Қызым Күләш бүгіндері Петропавл қаласында тұрады, жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, бірнеше жыл бойы бизнес саласындағы мекемеде абыройлы еңбек етіп жүр. Ұлдарым Бақыт подполковник шенінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде жауапты қызмет атқарады, ал Бейбітім – Шымкент қаласындағы үлкен әскери бөлім командирінің орынбасары. Ал кенжем Даниярды газет оқырмандары жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Ол бүгіндері облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Мектеп қабырғасында жүрген кезден ол білімге, жаңалыққа құштар болып өсті. Мен де баламның талпынысына қолымнан келгенше қолдау білдіруге тырыстым. Ауыл мектебінде оқып жүрген кезінен әртүрлі робот жасауға құштарлық танытты. Бала қиялының асқақтығы сондай, кейде менің ойыма келмейтін құлтемірлерді жасап таңғалдыратын. Қазір сол бала армандарын жүзеге асырып, облыстағы роботехника ісін дөңгелетіп отыр деуге болады. Мектеп оқушыларын роботехника үйірмелеріне тартып, республикалық, халықаралық жарыстарға апарып, жүлделі орындардан көрінуде.

Қазақ атамыздың дәстүрі бойынша кенже ұл отаудың иесі болып қалады ғой. Даниярымнан көрген үш немеремді зайыбым екеуіміз бағып-қағып жатырмыз. Баяғыда аталарымыздың “Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің” деген тәмсілі бар еді. Сол сөздің қадірін балаларымыз түсінгендей, қолымызды жылы суға салып отыр. Ал немерелерімізді мектепке, шахмат, сурет салу және басқа да үйірмелерге апару біздің мойнымызда.

– Секе, әңгімемізді ауыл тақырыбына бұрсақ. Өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған ауылдың бүгінгі халі қалай? Елге жиі барып тұрасыз ба?

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің қиындау кезеңдерінде де ауылға ерекше көңіл бөлді. Үлкен-үлкен басқосу мен жиындарда ауыл проблемасын әрдайым сөз етіп, қаржы мәселесін мүмкіндігінше шешіп беріп отырды. Одан кейін үш жыл қатарынан “Ауыл жылы” атанып, қыруар қаражат бөлінді. Еңсесі түсіп, есеңгіреп қалған ауыл тұрғындары бір жадырап, көңілдері көтеріліп, Елбасына алғыстарын жаудырды. Ауыл жұртшылығы кешегісіне алаңдамай, ертеңіне сеніммен қарап, еңбекке құлшына кірісті. Нағыз шын, адал және еркін еңбек қана адамның тұрмыс-тіршілігіне қолдау болатынын, егер ондай еңбек болмаса, әр адам өзінің бағасын, адамдық қасиетін жоғалтатынын әркім түсінді. Ұлы Абайдың: “Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық”, – деуі заман үрдісін айқындап, анықтап бергендей болды. Мемлекеттің негізгі тірегі ауыл екені айдан анық. Өйткені, ел байлығы – алтын астықты өндіретін ауыл диқандары, мал өсіріп, сүт-ет дайындайтын ауыл адамдары, елдің болашағы – жастардың дені ауылда дүниеге келеді. Түптеп келгенде, ауыл өскелең де өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Ауыл мен адам да, ауыл мен қоғам да бір-бірінен алшақ кете алмайды. Саналы ғұмырын өзінің кіндік кескен ауылында өткізіп, еңбек еткен азаматтың өзі: “Мен бірінші ата-анама, екінші туып-өскен ауылыма қарыздармын”, – дейді. Бұл саналы сөзге қарсы дау айта алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті жай. Көрнекті жазушы, марқұм Тахауи Ахтанов: “Ойлап отырсам, талантты ақын-жазушылардың тоқсан тоғыз пайызы ауылда дүниеге келген екен. Сондықтан біздің ұямыз – ауыл. Біздердің қан тамырымыз да, жүрегіміз де ауыл деп соғады”, – дейді.

Мен өзім жырақта жүрген соң туған ауылым Бірлік туралы әлдебір пікір айтудан аулақпын. Бұл Ерке Есіл өзенінің жағалуында, тасжолдан небәрі бес шақырым орналасқан құтты мекен болатын. Кезінде 120 үйі, орта мектебінде екі жүзге жуық оқушысы бар ауыл еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық қиындықтар мен жекешелендіру кезінде елге бас болатын азаматтардың болмауынан ауылдың басынан бағы тайды десем, қателеспеспін. Ауылдастары сенім артқан азаматтар жеке бастарының мүддесін ойлаумен шектелді. Қазір бұл ауылда отыз шақты ғана түтін қалды. Бала болмағандықтан, мектеп жабылып еді, биыл оралмандардың көшіп келуіне орай бастауыш мектеп ашылды. Қазір жеке кәсіпкер Бейбіт Тұрғынов ауыл тұрғындарының хал-жағдайын ойлап, дүкен ашты, автобусымен тұрғындарды тасымалдауда, жерлестерінің тілектерін орындап, алғысына бөленуде. Ауылдастарым бүгінгі уақытша қиындықты жеңіп шығады деген ойдамын. Ал өзім ауылмен байланысымды үзген жоқпын.

– Қазақстанның бүгіндері қол жеткізген биік белестеріндегі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше екендігі даусыз ғой.

– Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым заман тынысын жіті сезінетін заманауи, сол заманның талабына сай дер шағында қадам жасайтын бастамашыл елге төнген қандай да бір қатерді алыстан болжап, алдын ала білетін көреген, кез келген пікірталасқа да ашық баратын болмысымен демократияшыл тұлға деп санаймын.

Мемлекеттік құрылыстың алғашқы кезеңінде ұлттық қайта өрлеудің басты құралына айналған президенттік билік ең басты, шешуші рөл атқарды. Осынау аса қуатты тәсілді пайдалана отырып, еліміздің Тұңғыш Президенті туған халқының ғасырлық мүдделерін анықтап, туған елінің игілігіне тиімді де еркін қызмет етті. Мұның барлығы, түптеп келгенде, барша қиындықтарды жеңіп, туған ұлтын қайта түлетіп, сенімді түрде заманауи Қазақ мемлекетінің құрылуына сара жол салды.

Әрине, байырғы қазақ даласында бұған дейін де талай мемлекет, талай хандық болған. Қазақ мемлекеттігі тым әріден бастау алады. Бірақ заманауи әлем қауымдастығының толыққанды мүшесі атанып, тәуелсіз елге тән барлық белгілерін қалыптастырып, мемлекет құрған тек біздің буын ғана.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы ширек ғасыр болып отыр. Осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа, тиімді мемлекеттілік қалыптастырудағы айқын да нақты президенттік жоба-жоспарға түзілген стратегиялық қадамдарының қаншалықты маңызды болғаны білінуде. Басқаны айтпай-ақ елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуін алып қарайықшы. Шешім қабылданар тұста көпшілік, тіпті, Президенттің ең жақын деген серіктері бұл шешімнің өзін ақтайтындығына күмән келтірген болатын. Астананың Арқа төсіне қоныс аударуы мемлекетіміздің тұтастығын нығайтты. Кеше ғана көлінде қамыс қаулап, қырында шаң бұрқырап жатқан далада Қазақстанның көркем келбетіне, қарқынды дамуының шынайы көрінісіне айналған заманауи қала бой көтерді. Егемендігіміз баянды болғай деп тілейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp