«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ – СЕГІЗ ЕДІ

Ұлытау облысына жолға шыққандағы мақсатымыз – белгілі өнер зерттеушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Оспанмен атақты Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығы төңірегінде әңгімелесу еді. Сапарымызды Домбауыл, Жошы хан, Алаша хан мазарларына барып, тарихи тұлғаларға тағзым етуден бастадық.

«Сегіз сері өмірі мен музыкалық мұрасы» кітабының авторы Серік Кәрібайұлының айтуынша, атақты әнші һәм батыр туралы осы уақытқа дейін екі жүзден аса мақала жазылған, үш ғылыми диссертация қорғалыпты. «Серінің сүйген аруы Мақпал – Бағаналы Найманда өмір сүрген Бақтияр деген байдың қызы. Сегіз сері ол қызға арнап «Гауһартас», кейін «Мақпал» әнін шығарады. Мақпал дүниеден өткен соң жоқтау іспеттес «Айдидау» деген ән дүниеге келеді. Бұл оқиғалар Сырдың бойында болған. Тіпті ол жақта Мақпал деп аталатын көл де бар», – дейді Серік Оспан.

Сегіз серінің есімі этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде жиі кездеседі. «Сегіз сері әндерінің қай- қайсысын алсаң да, бір хас зергердің қолынан шыққан алтын қасықтай ұқсастығына куә боласың. Басқа қандай дерек қажет, айналайындар-ау?!» – депті ғалым бір еңбегінде.

Ұлытаудан кейін Астананы бетке алдық. Біз әңгімелескен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов Сегіз серінің аңыз адам болғанын, мықты тұлға ғана аңызға айналатынын айтты. «Мақпал-Сегіздегі» Сегіздің тұлғасы неге тұрады? Исатай мен Махамбет көтерілісіне қатысқан ер Сегіздің бейнесі қандай? Арқаның сал-серілерінің атасы болған, серіліктің негізін салған Сегіз серінің есімі Қызылжардың орталық көшелерінің біріне беруге әбден лайық», – дейді Баянғали Әлімжанов.

Облысымыздың құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің айтуынша, 1979 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Сегіз сері» атты мақаласы басылған. Содан бастап серінің аты ел арасында жиі атала бастады. Қазақтың ақын- жазушылары, зерттеушілері, композиторлары Сегіздің шығармашылығына зейін қойды. Қазақ радиосының музыкалық бөлімін басқарған Ілия Жақановтың нұсқауымен асыл тұлғаның әндері жиі шырқалды. 1983 жылы «Жұлдыз» журналына Әлкей Марғұланның қазақтың әншілері, күйшілері жөніндегі зерттеу мақаласы басылды. Сонда алғаш рет Сегіз серінің өмірі жан-жақты айтылған. Ғалым өз мақаласында Сегіз серінің 1818 жылы туғанын, 1854 жылы 36 жасында дүние салғанын, 1830 жылы Омбының тілмаштар даярлайтын 6 жылдық «Азия мектебіне» оқуға түскенін тайға таңба басқандай қылып көрсеткен.

– Сегіз серінің кейбір эпикалық жырлардың авторы екені де айтылады. Атақты Жаяу Мұсаның серінің өмірін зерделеген «Ер Сегіз» деп аталатын дастаны бар. Академик Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай туғанда Сегіз сері ақ батасын берген. Жазушы Ғабит Мүсірепов 1976 жылы жарық көрген «Ұлпан» романында «Атақтының атақтысы – Сегіз сері» деп жазады. ХХ ғасырдың шежірешісі, жазушы Сәбит Мұқанов 1971 жылы «Қазақ қауымы» еңбегінде: «Біздің ауылда Қабамбайдың Ғабдолы деген кісі болған. «Мақпал» деген дастанын жырлайтын. Мақпал ер Сегізге ғашық болған екен», депті. Атақты Біржан сал: «Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері, Солардан үлгі алған мен Біржан сері» деп жырлаған, – дейді Серік Негимов.

Сегіз сері шығармашылығына қатысты түрлі монография, зерттеу еңбектер жазылса да атақты тұлғаның өмірі мен мол мұрасының өз деңгейінде дәріптелмей отырғанын мойындауымыз керек. Бұған біз осы сапар барысында сұхбаттасқан 2018 жылы Қызылжарда өткен «Сал-серілердің серкесі» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт та қынжылыс білдірді.

«Серінің саңлағы – Сегіз еді,

Жүрегі жұртыменен егіз еді.

Тұлғасы асқар таудай болды дейді,

Ойының тереңдігі теңіз еді», – деп жырлаған ақын әрі депутат Сегіз шығармашылығын мектеп бағдарламасына енгізу қажеттігін айтты. «Мен бұл мәселені Парламент қабырғасында көтеремін. Оқушылар оқуы тиіс авторлардың алғы шебінде Сегіз сері тұруы керек. Бір ғана «Гауһартасты» қазақ мәдени мұрасындағы баға жетпес құнды шығарма деп тануға болады», – дейді Ринат Зайыт.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Петропавл-Жезқазған-Астана-Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp