Соңғы күндері өңір аумағында карантин шараларының күшейтілуіне байланысты бірқатар сұрақтар туындап, бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтің қатысуымен онлайн режімде өткен конференция барысында жауапты мекеме басшылары осы сауалдарға жауап беріп, жаңа талаптарды түсіндірді.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес мемлекеттік мекемелер, денсаулық сақтау ұйымдары, дәріханалар мен бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы режімде жұмыс істей беретінін тілге тиек еткен Руслан Әлішев карантин талаптарының қатаң сақталуы тиіс екенін ескертті.
“Карантин талаптары күшейтілді. Біз сәуір айының басынан төтенше жағдай талаптарға бағынудамыз. Облыста қауіпті індет жұқтырғандар санының артпауы да осының нәтижесінде”, – деді Руслан Қанатханұлы.
Қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі коронавирус індеті өрши қоймаса да, карантин шараларын күшейтудің қандай қажеттілі барын түсінбеуде.
Бұл жайтты облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова жаппай скрининг жүргізудің басталғанымен түсіндірді. 37 мыңнан астам облыс тұрғынына скрининг жүргізіледі. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау саласы мен медицина мамандары, қант диабеті, пневмония, басқа да созылмалы дертке шалдыққан азаматтар тексеріледі. Бүгінге дейін 2363 адам тестен өткен.
Облыстағы талдау орталығының мүмкіндіктері шектеулі екенін айтқан Татьяна Горлова Петропавлда екінші орталық ашылып, қажетті материалдар жеткізілгеннен кейін скринингтен өткізу қарқын алатынын жеткізді. Ал әрі қарай карантин шараларын күшейту немесе азайту скрининг нәтижесіне байланысты болмақ. Руслан Әлішевтің айтуынша, скринингке қажетті материалдар мен қосымша тесттер өңірімізге жіберілген.
Карантин кезінде қала көшелерінде жүріп-тұру талаптары жайлы облыс орталығының әкімі Болат Жұмабеков баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Петропавл қаласында жұмыс істейтін 1,5 мың серіктестік пен ондағы 18 мың қызметкер енгізілген база әзірленуде. Әзірше бұл тізімге 8 мың адам қосылған. “Жұмысқа жеке көлікпен бару үшін қажетті құжаттар тізімі қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланған анықтама және бағыт парағы қажет. Облыстық штаб қозғалыс уақытын таңғы сағат 8-10 және кешкі уақытта 17-20 аралығы деп белгіледі. Ал ұжымда елу адамнан көп жұмысшысы бар кәсіпорындар қызметкерлері үшін арнайы көлік қарастыруы тиіс”, – деді Болат Жұмабеков. Төтенше жағдай кезінде жолаушы тасымалдауға рұқсаты бар такси жүргізушілерінің де тізімі жасалып, күн сайын жаңаруда.
Қала көшелерінде жүру шектелгенімен, тұрғындар сақтық шараларына әлі де бағынбауда. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев карантин жарияланғаннан бері ескертуді елемей, тәртіпке бағынбаған 300-ден астам адам жауапқа тартылғанын жеткізді. Сонымен қатар адамдар аулаларында қыдырып, түнгі уақытта алкогольді ішімдік ішіп, тыныштық бұзуларын да тоқтатпай отыр.
Онлайн конференцияда коммуналдық қызметтерге көмек ретінде 15 мың теңге беру жайы да қозғалды. Мұндай қолдау 1, 2 және 3-топтағы мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына және оларға теңестірілген азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеушi, көпбалалы отбасыларға, ең төмен және аз төлем алатын зейнеткерлерге, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлерге қарастырылған. Өңірімізде мұндай санатқа жататын азаматтардың саны 37 мыңның көлемінде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, республикадан тиісті қаржы түскеннен кейін өтініш беру қажеттігі туралы арнайы хабарланады.