«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СМАҒҰЛ ҚҰБЫЛЫСЫ

Мына тағылымды дерекке мән бере қараңызшы: қазақтың тәуелсіздігі үшін соңғы демі таусылғанша аянбай күрескен Смағұл Сәдуақасұлы 1933 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болды. Араға 58 жыл салып, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Бұл – жай сәйкестік емес, рухтың һәм намысқа толы сенімнің сәйкестігі! Сонда бұрынғы-кейінгі қаһармандар, Кенесары мен Наурызбай, Әлихан мен Ахмет, Мұстафа мен Смағұл т.б. бәйгеге басын бекер тікпеген болды ғой! «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген осы шығар…

Смағұл 20 жасында үлкен саясат айдынында өз желкенін көтерді. 20 жасында «Жастарға – жаңа жол» атты бағдарламалы-деректі туындысын замандастарына ұсынды. Ал осыншама аз ғана жаста ел тұтқасына жарауы, өзіндей сан мыңдаған жастарға бағыт сілтер шығарма жазуы жас қайраткердің аспаннан салбырап түсе қалмағандығын, тақырға шықпағанын айғақтаса керек. Шынтуайтында Смағұл Сәдуақасұлы алаш ұранды алдыңғы толқыннан үлгі-өнеге алды. Олардың жіберген қатесі бұған сабақ болды. Ағалардың ақ-адал ісіне мысқалдай үлес қосуды ол өзіне бақыт санады. Бір сөзбен айтқанда, құрбы-замандастарын алашқа тыныс беруге шақырды. 1916 жылы Омбы ауыл шаруашылығы училищесіне түсісімен қазақ жастарының тұңғыш мәдени-ағарту ұйымы «Бірлікке» мүше болып кірді. Ұйымның «Балапан» атты қолжазба журна лында қаламын ұштады. Алаш Орда үкіметі тұсында «Бірлік» шала бүліне бастағанда, Смағұлдар ұйытқы болып, күллі қазақ жастары ұйымдарының басын біріктіріп, 1918 жылы «Жас азамат» атты алашшыл жастар ұйымын құрды. Ұлттық мемлекетті орнықтыруға қам жасап жүрген саясатшы ағаларына жәрдемдесті. Алаш идеологиясын «Жас азамат» газетінде насихаттады. Смағұл осы басылымға өткір-өткір мақалалар жазып, саясат пен әдебиетке болашағынан үміт күттірер жас талаптың келе жатқанын танытты. «Жас азаматтың» басшыларының бірі бола жүріп, сол 1918 жылы Алаш Орда үкіметінің Ақмола облыстық комитетін құруға атсалысты. Училищені толық тамамдауға ақтар мен қызылдардың ойқастап, қашып- пысқаны кедергі болып, 1918 жылдың соңы мен 1919 жылы ол Батыс Сібірдің «Цитро-сибирь» кооперативтер бірлестігі одағында (Омбы) нұсқаушы болып қызмет жасады. Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті, шаруашылығы мәселелерін арқау етіп, орыс тілінде одақтың үні «Трудовая Сибирь» журналына мақалалар жазды. Жиырма жасар саясаткердің саяси және қаламгерлік соқпағының қысқаша жосығы осындай еді.

1920 жылы қыркүйекте Қазақстан автономиялы республикасы Жастар одағының басшылығына, қазан айында республика Орталық Атқару комитеті хатшылығына сайланған Смағұл Сәдуақасұлы айналасы төрт- бес жылдың ішінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1925 жылы сәуірде Халық ағарту комиссарына дейін өсті. Соңғы қызметін 1927 жылдың ортасына дейін атқара алды. Атқара алды деуімізге себеп: қайраткер нағыз дер шағында, күш-қуаты мол ер шағында саясаттан аластатылыпты. Халық ісі жолында бар қабілетін жұмсаған, өмір-ілімнен тапқан-таянғанын аянбаған С.Сәдуақасұлы осынау аз мерзім ішінде «Еңбекші жастар», «Кедей сөзі» (Омбы), «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» газеттері (Орынбор) мен «Қызыл Қазақстан» журналының жауапты шығарушысы болды. Мұның сыртында сол уақытта шығып тұрған қазақ, орыс тілдеріндегі басқа мерзімді басылымдардың барлығына дерлік араласты. Көркем әңгімелері де басылып тұрды.

Саясаттан, республикадан қуылып, Мәскеуді паналаған жылдары Смағұл ХХ ғасыр басындағы қазақ халін, 1916 жылғы оқиғаны, төңкерістің алды-артындағы жағдайды арқау еткен романын жалғастырды. Бұл шығармасы қолжазба күйінде әйелі Елизавета Әлиханқызының қолында ұзақ сақталып, 50-жылдардың соңында М. Әуезов қолына тиген. Толық емес қолжазбасы қазір М.Әуезов музейінде сақтаулы тұр…

Бізге белгілі Смағұл Сәдуақасұлы аманат-мұрасының ұзын-ырғасы осы. Енді мұны қалай игермекпіз? Қайтіп ұрпаққа тағылымды етпекпіз?

Біздіңше, С.Сәдуақасұлы, ең бірінші, саяси қайраткер ретінде зерттелінуі қажет. Бұл бағытта түрен салынды деуге болады. Әйтсе де Смағұл Сәдуақасұлының саяси тұлға ретінде, қоғам және мемлекет қайраткері есебінде ашылмай жатқан қырлары аз емес. Айталық, оның «Жас азамат» ұйымындағы қызметі, Алаш Орда қайраткерлерімен қарым-қатынасы, 1928 жылдан 1933 жылға дейінгі ұстанған бағыты жете сөз бола қойған жоқ. Тарихшы ағайын қазақ мәтіндерін зерделеуге шорқақ және ой астары дегенді айналып өтеді. Сондықтан ақиқат нәрсе: біз қаншалықты С.Сәдуақасұлын қайраткер ретінде елдік таным-парасат тұрғысынан тани алсақ, Алаштың һәм тұтас қазақтың тарихын соншалықты шынайы таныған боламыз.

Екіншіден, Смағұлды көркем сөздің білгірі, әдебиетші ретінде зерттеу керек. Бұл бағытта іс қолға алынды. Қазір қаламгердің 2 томдық академиялық жинағын жарыққа шығардық. Бірақ бұл да – қаламгердің барлық мұрасының жинағы дей алмаймыз. Яғни, әлде де іздестіру, салаландыра зерделеу жұмыстарын жалғастырған жөн.

Үшіншіден, Смағұл еңбектері тарихи дереккөзі ретінде қарастырылуы тиіс. Қазақтың жер мәселесі тарихын әуезе еткен мақала, еңбектері қазірше өз зерттеушісін күтіп жатыр. Сонымен бірге оның баяндамаларындағы қазақ тарихы туралы пікірлерді тарихшылар ескергені ләзім.

Төртіншіден, Смағұлдың шаруашылықтың әртүрлі салалары бойынша жазған мақала-зерттеулері де арнайы зерделеуді қажет етеді. «Трудовая Сибирь» журналындағы, кеңес тұсындағы қазақ, орыс тілінде жазылған жүздеген мақалалары осыны айғақтайды. 1923 жылы қазақ жерін аудандау ісін басқаруды өкімет Сәдуақасұлына маман ретінде арнайы тапсырды. Сол жылдары жазған «Основные проблемы, возникшие при районировании Киргизии», «Итоги проделанной работы в области земельной политики», «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір», т.б. еңбектері Смағұлдың сындарлы экономист екенін де көрсетті.

Бесіншіден, Смағұлды ұлттың білім, білік деңгейін көтерген ағартушы есебінде қарастырған жөн. Қайраткер оқу, білім, тәрбие мәселесіне ерте назар аударды. Мұның себебі де бар. Ол алғашқы еңбек жолын (1915 жылы) мұғалімдіктен бастады. 1918-19 жылдары қазақ курстарында кооперация қисыны, табиғаттану, жаратылыстану, физика пәндерінен сабақ берді. 20-жылдары баспасөз бетінде оқу мәселесіне арнап көптеген мақалалар жазды. «Қазақстанның экономикалық географиясы» атты оқулық әзірледі деген де мәлімет бар. Мұның сыртында оқулық жазған авторларды бар жағынан ынталандырып отырды. Ал Халық ағарту комиссары болып тұрғанда ол сансыз игілікті істер жасады. Ірілерін айтсақ: тұңғыш университет (Ташкенттегі Қазпедвуз алғаш осылай аталған) ашуға, «Жаңа мектеп» журналын шығаруға мұрындық болды. 1927 жылы шыққан «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» атты Смағұлдың кітабынсыз 20-жылдардағы оқу-ағарту ісіне лайықты баға беру қиын.

Алтыншыдан, Сәдуақасұлы қазақтың ұлттық журналистикасын дамытқан көсемсөзші ретінде зерттелінгені абзал.

Міне, біз Смағұлдың бай мұрасын осындай бағыттарда зерттеу керек деп есептейміз. Сондай-ақ ұлттық саяси ойлаудағы, саяси күрестегі, рухани жетілудегі Смағұл құбылысын жан-жақты байыптау да қажет деп санаймыз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

академик.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp