Интернет аудиториясының кеңеюі қазақ баспасөзінің, жалпы қазақстандық медиаплатформаның алдына жаңа талаптар қойды. Баспа БАҚ-тың, әсіресе, аймақтардағы облыстық газеттердің жаңа медиа нарыққа бейімделуі – қазақ журналистикасының алдында тұрған маңызды мәселенің бірі. Әрине, ақпарат тасқынында жедел жаңалықтарымен көзге түспесе де, салмақты мақалаларымен өз аудиториясын жинап отырған редакциялар аз емес. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстанның облыстық газетінің Интернет сайты. Орайы келгенде “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетін шығарушы “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры Кәрібай Мұсырманды әңгімеге тартқан едік.
– Кәрібай Иманжанұлы, аймақтардағы облыстық газеттердің ішінде Интернет сайт жасатып, айына 19 мыңнан астам оқырман оқитын контентке айналыпсыздар, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Жаңа медиа тілін түсіну қиын болды ма, сұрақты осыдан бастасақ?
– Ең алдымен, осы игілікті істе бізге тікелей қолдау көрсетіп келе жатқан “Қазконтент” акционерлік қоғамына үлкен алғыс айтамыз. Сайтымыз оқырмандар көңілінен шығып жатса, оның жасалуы мен безендірілуіне “Қазконтенттің” сіңірген еңбегі зор. Жаңа медиа тілін жете түсініп, жаңаша жұмыс істеу уақыт талабы болғандықтан, біз оған қызыға кірістік. Бірақ, меніңше, ең бастысы – газеттің ішкі мазмұны, оқырман қауым үшін тартымдылығы болса керек. Бұл ретте газетіміз жұрт назарын аударарлықтай материалдар жаза алатын білікті журналистерге кенде емес. Жарасбай Сүлейменов, Болат Қожахметов, Зейнолла Әкімжанов, Тоқтар Зікірин, Нұрсайын Шәріп сынды белгілі қаламгерлердің ізін басып келе жатқан Арайлым Бейсенбаева, Жадыра Қанафина, Гүлбике Төлебаева, Алма Жүсіпова, Қанат Атаманов сынды жас әріптестеріміз де оқырмандарға жақсы танылып қалды. Газетімізде облыс өміріндегі оң өзгерістер мен өзекті мәселелерді жан-жақты ашып көрсетуге тырысамыз. Орын алған кемшіліктер де әділ сыналып келеді.
– Баспа редакторлары, соның ішінде ардагер редакторлардың арасында Интернетке өтсек, газет сатылмайды, газет оқырманын жоғалтамыз деген пікірге не айтар едіңіз?
– Біз сайт ашқаннан кейін оқырмандарымызды жоғалттық деп айта алмаймыз. Қызылжар өңірінің 200 мыңдай ғана тұрғыны бар екендігіне және олардың елеулі бір бөлігінің мектепте ана тілінде оқу мүмкіндігі болмай, қазақшаға шалағай болып өскендігіне қарамастан, биыл газетіміздің таралымы 10700 данаға дейін жетті. Бұл – бірнеше жылдан бері сақталып келе жатқан тұрақты деңгей. Оның үстіне, өзіңіз айтқандай, газет сайтын ай сайын орта есеппен 19 мың оқырман қарайды екен. Теріскей өлкедегі қазақ газеті үшін әзірге жаман көрсеткіш емес сияқты. Әрине, қолда бар мүмкіндігімізді әлі де толық пайдалана алып отырған жоқпыз.
– Бұл жұмыспен директордың орынбасары – “Солтүстік Қазақстанның” шеф-редакторы Роза Шәкенова жүйелі түрде айналысып келеді. Ол сайттың қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Соңғы кезде сайт жұмысына өзім де көбірек көңіл бөлуді ұйғардым. Алдағы уақытта сайт редакциясын нығайтатын боламыз.
– Кәрібай аға, “сауатты Интернет тілін қалыптастыра алмадық” деген пікір бар журналистер арасында. Облыстық газеттердің сайттары “сауатты Интернет тілін” қолдануда үлгі бола алады ма? Өзіңіздей тәжірибелі редакторлардың жіті назарымен Интернетте “сауатты Интернет тілін” айналымға түсіру мүмкін бе? Әріптестеріңізге не айтар едіңіз?
– Сауатты Интернет тілін қалыптастыру – қолымыздан келетін іс. Өйткені, сайтқа салатын пікірлерді елеп-екшеп отырмаса болмайды. Бәріне жауапкершілікпен қарау қажет. Ең бастысы – Интернеттің ақпарат тілін «сауықтыруымыз» керек.
– Интернет контентті дамыту үшін қызықты айдарлар мен фоторепортаждар керек. Мысалы, “Біздің ауыл”, “Құт мекен” деген секілді айдарларды дамытып, әсіресе, Интернет пайдаланушыларды контентті дамытуға тарту ойларыңызда бар ма?
– Шығармашылық жұмыста шек жоқ қой. Сіз айтқандай айдарлар газетімізде қазір де аз емес. Алдағы уақытта басылымымыздың сапасын арттырумен қатар, сайтымыздың да сапасын арттыруға тырысамыз. Қызғылықты идеялар баршылық. Тек оларды “көрпемізге қарай көсіліп” дегендей, қаржы жағдайымызға қарай біртіндеп жүзеге асырмақшымыз.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Жұмыстарыңыз жандана берсін!
Сұхбаттасқан
Алмас МҰҚАШҰЛЫ.
Baq.kz
11 маусым, 2014 жыл.