Қазақстанның солтүстігін газдандыру мәселесі – бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан өзекті тақырып. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын түгелдей газбен қамту қажеттілігі турасында сөз қозғады. Себебі 2,8 млн. адам тұратын аталмыш облыстардағы газдандыру деңгейі екі пайыздан да төмен. Бұл онсыз да демографиялық ахуал ушығып тұрған өңірлерде өмір сапасын төмендетіп отыр.
Қазақстан аумағында газдың 3,8 трлн. текше метр қоры бар екені нақты дәлелденген. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 22-орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түркіменстаннан кейін үшінші орында тұр.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде халықтың 62,4 пайызы немесе 12,6 млн. адам табиғи газға қол жеткізген. Биыл да өңірлерді газдандыру жұмыстары жалғасады. Республикалық бюджеттен 65,9 млрд. теңге бөлініп, 45 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар аясында еліміздің 13 өңіріндегі бірқатар елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланған. Мәселен, Ақмола облысында – 1, Атырауда – 1, Жамбылда – 17, Жетісуда – 21 елді мекен қамтылады. Нәтижесінде осы жылы 7 облыста 36 мыңнан астам адам газ желісіне қосылады. 2030 жылға дейін ел бойынша пайдаланушылар санын 65 пайызға жеткізу жоспарланған.
Екі тәсілдің біреуін таңдау керек
Соңғы бірнеше жылдан бері еліміздің солтүстік өңірін, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесі үздіксіз көтеріліп келеді. Аталған өңірлерге газ жетсе, кәсіпорындарының қарқынды дамуына, бизнес жүргізу және өмір сүру тартымдылығын арттыруға септігін тигізері анық. Бұл жайында Президент: «Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оны шешудің екі жолы бар. Атап айтқанда «Сарыарқа» магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Аталған екі тәсілдің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауы қажет», – деген болатын.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры Қазақстанның астанасы мен орталық және солтүстік аймақтарын газбен қамтуға арналған. Құбырды төрт кезеңде салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Жезқазған-Қарағанды-Астана бағытындағы магистралды газ құбырының құрылысы жүргізілді. Екінші кезеңде Астана қаласынан Көкшетауға, ал үшінші кезеңде Петропавл қаласына тарту көзделіп отыр. Қазір «Сарыарқа» газ құбырының үшінші кезеңі басталды. Соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртаудағы компрессорлық станциялардың құрылысы қарастырылған. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайды.
Жобаның қарқыны баяу
Жалпы алғанда, «Сарыарқа» газ құбыры 2040 жылға қарай 2,8 млн. тұрғыны бар 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді деп болжанған. Дегенмен әр жыл сайын солтүстік өңірден сайланған Мәжіліс, Сенат депутаттары көптің көкейіндегі «Қашан газ тартылады?» деген сауалды қоюдан жалыққан емес. Себебі халық күтіп отыр. 2022 жылы Сенат депутаты болған Ерік Сұлтанов оның құрылысының баяу жүріп жатқанын, бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай солтүстік өңірлерді газдандыруды аяқтау мүмкін болмайтынын айтты. Осыған байланысты Үкімет басшысына газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітуді жеделдетуді ұсынды және онда осы мәселелердің бәрі көрініс табуы тиіс екенін тілге тиек етті.
Сол кезде «Сарыарқа» газ құбырын солтүстікке ұзарту жұмыстары Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысымен қатар жүретіні айтылды. Сондай-ақ, жобаны келер жылдың соңында аяқтау жоспарланғанын мәлімдеді. Алайда бірнеше жыл артта қалғанымен, жағымды жаңалықты еститін күн алыс сыңайлы.
«Сарыарқа» жобасының 2 және 3 кезеңдері Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздегенімен, оны жүзеге асырудың бір түйткілі бар. Алдымен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының қуатын арттыру қажет.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы 2026 жылдың соңына дейін катарлық инвестормен бірлесіп, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының желілік бөлігінде құрылыс- монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Яғни, «Сарыарқа» жобасының Петропавлға дейін жалғасуы бұл жұмыстардың табысты жүзеге асуына тәуелді.
Газы бардың назы бар
Сондай-ақ, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесі бойынша келіссөздер Ресеймен де белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта тараптар арасында өзара тиімді шарттармен жұмыс істеу туралы уағдаластық бар. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасында 10 млрд. текше метр көлеміндегі газ жеткізу көлемі қарастырылып жатыр.
Қазіргі таңда газдың бағасы мен көлемі бойынша нақты келісімдер жүргізілу үстінде, ал құбыр тарту жұмыстары тек осы шарттар анықталған соң ғана басталмақ. Қазақстандық тарап дайын, тек Ресейдің нақты жауабын күтіп отыр. Министрліктің мәлімдеуінше, келесі бір жыл – бұл үдерістің тағдырын шешетін негізгі кезең болмақ. Газдың бағасы, көлемі және жеткізу шарттары нақтыланған соң, көптен күткен газ солтүстікке де жетеді деген үміт бар.
Бірақ көңіл күпті. Себебі әлемдік саясатта мәңгілік достастық жоқ, тек мәңгілік мүдде ғана болады. Осы күнге дейін «сыйға тартылған жерлер» үшін іргемізге күдікпен қарап келсек, енді құбырға құлдық ұрар күн туа ма деген үрей басым. Осындайда халықтың «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген мақалы тілге оралады. Біреу арқылы қол жеткізген игіліктің ерте ме, кеш пе өтеуі сұралады. Сондықтан бар әлеуетімізді ішкі инфрақұрылымды дамытуға арнағанымыз дұрыс болар.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».