Иван БЕРЕЖНОЙ
1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданының Кременчуг ауылында туған. 1942 жылғы тамыз айында әскерге алынды. 1943 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіріп, майданға жол тартты. 4-ші Украина майданында 87-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 261-ші атқыштар полкінің пулемет взводының командирі. 1944 жылғы сәуірде Қырымдағы Перекоп мойнағында жаудың қорғанысын бұзып-жарып өткен ұрыста ерекше көзге түсті. Оның взводы шабуылдаған батальонды қолдады. Ал жаудың танктерге ерген жаяу әскері қарсы шабуылға шықты. Ұрыс қызған кезде И.Бережной біздің бір пулеметшінің мерт болғанын байқап қалады. Ашық алаңды жүгіріп өткен ол пулеметті қолына алып, жақындап қалған фашистерді оқтың астына алады. Бірақ снарядтың жарықшағы тиіп, киімі жана бастайды, өзі қансырап қайтыс болады.
Бұл 1944 жылғы 10 сәуір еді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен И.Бережнойға (қаза тапқаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
“Сталинградты қорғағаны үшін” медалімен марапатталды.
Қырым облысындағы Суворов қаласында жерленді. Херсон қаласындағы №1 қалалық кәсіптік-техникалық училищенің аумағында оған ескерткіш тақта орнатылды. Тайынша ауданындағы Кременчуг орта мектебінің ауласында батырдың мүсіні тұр.
Николай КОЛОГОЙДА
1922 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданындағы Воскресенка ауылында туған. Орта мектепті соғыс басталардан бір жыл бұрын Свердлов облысындағы Полевский қаласында бітірген. Сондағы криолин зауытында бақылау-өлшеу аспаптарының шебері болып еңбек етті. 1941 жылдың маусымында Полевский аудандық әскери комиссариаты оны әскерге алды.
Николай Васильевич Кологойда әскери-жаяу әскер училищесін лейтенант дәрежесінде тамамдап, алғашқы ұрысқа Москва қорғаныс аймағында кірісті. Содан соң – Солтүстік батыс майданы, Воронеж түбіндегі, Днепрдегі ұрыстар, Варшава маңындағы екпінді шабуылдар мен Прага көшелеріндегі соңғы шайқастар. Оның тобы Крещатик селосында 270 фашисті құртты.
1944 жылдың ақпанында Николай Васильевич қолма-қол ұрыста 17 фашисті түйреп өлтіріп, Кеңес Одағының Батыры атанды.
Соғыс біткен соң Н.Кологойда партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оны бітірген соң Свердлов облысы Артин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып екі жыл қызмет атқарады. Содан кейін тағы да В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академияда оқиды. Академия түлегі майор Кологойда 1956 жылдың жазында әскери бөлім командирінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Николай Васильевич өзінің жауынгерлік тағылымын, білімін жас жауынгерлерге дарытады. 1963 жылғы 8 мамырда полковник Кологойда әскери делегация құрамында Берлинде кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатында болды.
Бір жылдан соң ауыр сырқатқа шалдыққан Николай Васильевич төсек тартып жатып қалды. 1964 жылғы 18 қыркүйекте ол дүниеден өтті. Полевский қаласында оның атында көше де, мектеп те бар.