«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРІК ХАМЗАҰЛЫ СҰЛТАНОВТЫҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

2014 жылғы 11 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты жылсайынғы Жолдауын ел халқына арнады.

Президент Жолдауында республиканың инфрақұрылымдық дамуының жоспары өзегіне айналған “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жария етті.

Президенттің Жолдауы ел экономикасының өсімін, инвестициялық белсенділікті қолдауды, тұрғындардың кірістерінің кемітілуін болдырмауды, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдың мүлтіксіз жоспарын қалыптастырады.

Жолдау шеңберінде өңірімізде автомобиль жолдарын салу және жөндеу, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, тұрғын үй-коммуналдық сала, индустрияны, өнеркәсіп пен бизнесті дамыту жөнінде бірқатар жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Тұтастай алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасында оң серпін аңғарылады, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.

Жалпы өңірлік өнім 778 млрд. теңгені құрап, 3 пайыз өсті, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,5 пайызға өсіп, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада 6-шы орынға ие.

Облыста инвестиция тартуға айрықша назар аударылады. Жаңа жобаларды іздеп табу және ілгерілету инвесторларды, соның ішінде шетелдерден тарту басты басымдықтардың қатарында.

Өткен жылы қарашада Петропавл қаласында өткізілген “Kyzylzhar Invest – 2014” халықаралық инвестициялық форумы инвесторлардың өңірімізге қызығушылығын айқын аңғартты. Форум 800-ден астам, соның ішінде 300 шетелдік қатыcушыны тоғыстырды. Австралиядан, Финляндиядан, Қытайдан, Румыниядан, Ресейден, Украинадан және басқа елдерден инвесторлар келді. Жалпы саны 70 млрд. теңгеден асып түсетін 50 құжатқа (меморандумдар, келісімдер, шарттар) қол қойылды.

Тұтастай алғанда, 2014 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 2013 жылмен салыстырғанда 8,7 пайыз өсіп, 115 млрд. теңгеден асып түсті.

Инвестицияның ең көлемдісі экономиканың жетекші салаларына тиесілі: ауыл шаруашылығында – 43,4, өнеркәсіпте – 21,6 пайыз.

Аграрлық сектор – облыс экономикасының негізі, оның үлесі – жалпы өңірлік өнімнің 24 пайызы.

2014 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі табиғи көлем индексі 102,6 пайыз жағдайында 283,5 млрд. теңгені құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9 пайызға өсе отырып, 50 млрд. теңгеге барып қалды.

2014 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары 4346,8 мың гектар болды. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 8 пайызға кемітілді, майлы дақылдардың өсімі – 36, жемазықтық дақылдардікі 38 пайызға қамтамасыз етілді.

Ауа райының соншама қолайсыз болғанына қарамастан, өткен жылы 3127,7 мың гектар алқаптан дәнді дақылдарды жинап ала білдік, бұл – 97 пайыз деген сөз. Дәнді дақылдардың жалпы түсімі 5,1 млн. тоннаны құрады, шығымдылығы – гектар басы 16,4 центнерден, майлы дақылдар – 435,1 мың тонна, шығымдылығы әр гектардан – 9,7 центнерден. Мұның өзі дәнді және майлы дақылдардың республикалық көлемінің үштен бір бөлігін орындауға мүмкіндік туғызды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы қол жеткізілген жетістік – өткен жылы көлемі екі есе өскен демеуқаржы түріндегі жылсайынғы мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.

2014 жылы техникалық парк сомасы 17,6 млрд. теңгенің 1220 жаңа да жоғары өнімді техникасымен толықтырылды, соның ішінде сомасы 11 млрд. теңгенің 457 техникасы агролизингке алынды.

Есепті жыл ішінде облыста жалпы сыйымдылығы 279 мың тонна, құны 12 млрд. теңгенің 7 элеваторы іске қосылды. Энергия үнемдеудің жаңа технологиясын қолдана отырып, Петропавл қаласында тұрғызылған “ТНС экспорт” астық қабылдау кәсіпорны” ЖШС-нің ірі элеваторы ең айтулы жобалардың бірі болды.

Қазіргі таңда облыстың астық қоймаларының жалпы қуаты – 6,5 млн. тонна, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында – 3,7 млн. тонна.

2015 жылғы егіс жұмысына 1220,4 мың гектар сүдігер көтерілді, 1,5 мың гектар танаптарға күздік дәнді дақылдар отырғызылды.

Мал шаруашылығының әрі мал қыстатудың қажеттерін қамтамасыз ету үшін 792 мың тонна шөп, 165 мың тонна пішендеме, 164 мың тонна сүрлемдік дақылдар, 846 мың тонна сабан дайындалды.

2015 жылға 547,2 мың тонна жаздық дақылдардың тұқымы қажет болса, құйылып алынғаны – 509,9 мың тонна немесе 93 пайыз.

Мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Есепті кезең ішінде салада тірідей салмақпен 91,9 мың тонна немесе 103,9 пайыз ет, 473,3 мың тонна немесе 103,2 пайыз сүт, 543 млн. немесе 111,4 пайыз жұмыртқа өндірілді.

“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру шеңберінде шетелдік ірі қараның лимузин, ангус, герефорд, симменталь және қазақтың ақбас сиыры сияқты тұқымдарын әкеліп, 1,7 мың бас түлікке арналған 10 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, сондай-ақ, 2800 басқа шақталған 5 бордақылау алаңы салынды. 1 мың тонна ет, соның ішінде 902 тонна сиыр еті экспортқа шығарылды.

“Сыбаға” бағдарламасы шеңберінде 3439 бас немесе 104 пайыз, “Құлан” бойынша – 879 бас немесе 146 пайыз жылқы, “Алтын асық” арқылы 5105 бас немесе 102 пайыз қой сатып алынды. “Ырыс” бағдарламасы шеңберінде 233 бас малға шақталған 3 тауарлы-сүт фермасы құрылды.

Тындырылған жұмыстың нәтижесінде облыс агроқұрылымдардағы асылтұқымды ірі қараның үлесі 2014 жылы 53 пайызға жетті. Ауылшаруашылық мал басының өсімі 16,6-дан 49,4 пайызға дейін қамтамасыз етілді.

Ұқсату саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды басымдыққа ие. 2014 жылы тамақ өнімдерін өндіру көлемі 73,9 млрд. теңгені құрады, табиғи көлем индексі 106,4 пайыз болды.

2013 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру – 6,8, сүт пен кілегей – 15, сарымай – 11, құрғақ сүт 5 пайызға ұлғайтылды.

2014 жылы терең өңделетін өнімдерге жәрдемқаржы ретінде тұңғыш рет 623 млн. теңге бөлінді. Бұл шара ұқсату кәсіпорындарына айтарлықтай қолдау болды.

Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешеніне зор міндет жүктеліп отыр. Кемінде 4350 мың гектар алқаптарға ауылшаруашылық дақылдарын сіңіру жоспарда бар.

Бүкіл мемлекеттік салалық бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасын табатын болады. Оларға жәрдемқаржы ретінде 2015 жылдың бюджетінен 16,8 млрд. теңге көзделген.

2015 жылы кемінде 4350 мың гектар алқаптарға ауылшаруашылық дақылдарын отырғызу көзделсе, соның 3,3 млн. гектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар.

Мал шаруашылығында ауылшаруашылық мал басын және мал өнімін өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғастырылмақ. Ет өндіруді – 98,0 мың тоннаға дейін, сүтті – 506,0 мың тоннаға дейін, жұмыртқаны 7 пайыз арттыра отырып, 581 миллион данаға жеткізу жоспарланып отыр.

Шамасы 20 мыңдай бас ірі қара сатып алуды қамтамасыз ете, 2,9 мың басқа шақталған асылтұқымды репродуктор құра және шетелдерден мал әкеле отырып, “2011-2015 жылдары ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру жалғастырылуға тиіс.

“Сыбаға” бағдарламасы бойынша 5318 бас ірі қара сатып алу, “Алтын асық” бағдарламасы бойынша 6286 бас қой сатып алу, “Құлан” бағдарламасы бойынша 1207 бас жылқы сатып алу, сиыр етін экспортқа шығару 1,1 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. 4,4 мың бас малға шақталған бордақылау алаңдары тұрғызылады.

Ұқсату саласында мынадай жұмыс жүргізіледі:

4,5 мың тоннаға шақталған сүт өңдеу жөніндегі тоқтап қалған қуаттарды қалпына келтіру және қуаттарды 15,1 мың тоннаға, оның ішінде Тайынша ауданында сүт өңдеуді ұйымдастыра отырып, 5 мың тоннаға ұлғайту;

ет өңдеу кәсіпорындарының қуаттарын 127 тоннаға тең қалпына келтіріп, 760 тоннаға дейін ұлғайту;

ұн өндіру кәсіпорындарының жұмысын 200 мың тонна деңгейінде қалпына келтіру және Аққайың, Тимирязев, Тайынша, Қызылжар аудандарында диірмен кешендерін салуды қамтамасыз ете отырып, 89,1 мың тоннаға дейін ұлғайту;

Өсімдік майын өндіруді 2016 жылға дейін 868,0 мың тоннаға жеткізе отырып, майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды ұлғайту, оның ішінде – “ТНС экспорт” ЖШС-нің бір ірі жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету.

Аталмыш барлық бағдарламалар бойынша шығынға жәрдемқаржы ретінде 2015 жылдың бюджетінен 16,8 млрд. теңге көзделген.

Белгіленген жоспардың болжамды мерзімде орындалуы жалпы өнім шығару көлемінің 7 пайызға дейін өсімін қамтамасыз етеді.

Өнеркәсіп – экономиканың жалпы өңірлік өнімді қалыптастыратын негізгі салаларының бірі өткен жылы ЖӨӨ-дегі өз үлесін 11%-ға дейін ұлғайтты.

Облыста өнеркәсіп өнімдерін шығаруды 800-ден астам өнеркәсіп кәсіпорны және өндіріс орны жүргізеді, оларда 20 мың адам жұмыс істейді.

Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 19,3%-ға, өңдеуде 3,4%-ға, электрмен жабдықтауда – 3,1%-ға, сумен жабдықтауда 2%-ға өсті.

Индустрияландыру картасының бірінші бесжылдығында 31,3 млрд. теңгенің 32 жобасы жүзеге асты. Соның ішінде 2014 жылы инвестициялық көлемі 4 млрд. теңгеден асатын 4 жоба жүзеге асырылды, 300-ден астам жұмыс орны құрылды.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты бұған дейін Қазақстанда шығарылмаған энергетикалық жылу қазандығы қондырғысын өндіруді игерді.

“Единство” ЖШС темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауытты жаңғыртты, қалыпсыз құю технологиясы игерілді, шығарылатын өнімдер номенклатурасы 12-ден 35 атауға дейін көбейді.

Өткен жылдың желтоқсанында Есіл ауданындағы Әулие кен орнында алтын шығару жөніндегі кен-металлургия кешені іске қосылды.

Биылғы жылы мәре алған екінші бесжылдықтың аясында Индустрияландыру картасына оларды жүзеге асырған кездегі инвестиция сомасы 100 миллиардтай теңгені құрайтын 40 шақты жобаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Карта облыстың барлық аудандарын қамтитын болады. 23 млрд. теңгенің 26 жобасы қазірдің өзінде картаға енгізілген, олардың тағы 13-і жыл соңына дейін енгізілетін болады. Бұл 10,5 млрд. теңгенің өнімін өндіруге және 520-дан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

“Самұрық-Қазына-Инвест” ЖШС-нің қатысуымен жаңа “Қазтехмаш” машина жасау зауыты кәсіпорны құрылды, онда финдік “SAMPO RosenІew” компаниясының технологиясы бойынша ауылшаруашылық техникасы шығарылатын болады. Сол сияқты басқа өндірушілердің технологиялары бойынша коммуналдық және тасымалдау техникасы да шығарылады.

Австралиялық “IІuka Resoucеs LTD” компаниясымен өңірімізде жер қойнауын геологиялық зерттеу аясында ынтымақтастық көзделуде. Әлемдік деңгейдегі осызаманғы әдістемелер мен технологиялардың көмегімен болашағы бар алаңдар бойынша бірегей ақпарат алынатын болады, ол геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген кезде тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.

Оған қоса барлық жергілікті өндірушілер бойынша оларды өнімді алға жылжыту жолымен үстеп жүктемелеу жөніндегі шаралар қолданылуда.

Сонымен бірге, 2014 жылдың қорытындысы бойынша тоқтап тұрған 9 өндірістің қызметі қалпына келтірілді, үстіміздегі жылы тағы 14-ін іске қосу жоспарлануда.

“Биохим” өндірістік кешенінде жұмысты қайта бастау жөніндегі мәселе шешілуде. “ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу – маркетинг” АҚ-ның белсенді іс-қимылдарының арқасында Францияның “Axsens” компаниясы қысқа мерзімде техникалық аудит жүргізді. “Қазақстанның инвестициялық қоры” АҚ мүлікке қайта бағалау жүргізді және осы жылғы ақпанда ол “ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу – маркетинг” АҚ-ның меншігіне берілетін болады. Кәсіпорынды іске қосудың жол картасы жасалды, үстіміздегі жылдың желтоқсанында “Биохим” кешені іске қосылады.

Кәсіпкерлік. Мемлекет басшысы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында бұл саланы ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты тетігі деп атап, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударды.

Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтіндердің саны 112,1 мың адамды құрады. 2014 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 2013 жылдың деңгейінде (235 млрд. теңге) күтілуде.

Облыста “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. 2014 жылы оны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысушылар саны екі есе көбейді, алғаш рет облыстың барлық ауданы қамтылды.

Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесі 2014 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілерінің 222 өтінішін мақұлдады, солардың ішінде:

– сомасы 9,6 млрд. теңгеге 143 кредиттің сыйақы ставкаларын демеуқаржыландыруға;

– сомасы 739,3 млн. теңгеге 48 кредитті кепілдендіруге;

– сомасы 2,8 млрд. теңгеге 6 нысан бойынша өндірістік инфрақұрылымдарды дамытуға;

– сомасы 10,7 млн. теңгеге ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің 4 жобасын кепілді қаржыландыруға;

– 46,3 млн. теңгеге сервистік қызмет көрсетуге.

Өткен жылы жаңа өндірістерді ұйымдастыру және бұрын жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту есебінен экономиканың барлық салаларында шағын бизнес субъектілері қосымша 6351 жұмыс орнын құрды, соның ішінде жеке кәсіпкерлердің құрғаны – 3842.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтуде. Мысалы, “Жуков С.И.” ЖК “ПЭТ бөтелкелерін шығару бойынша қызметін кеңейту” жобасын жүзеге асыруға кредит алып, өз өнімін шығаруды 1,5 есе өсірді. Мамлют ауданында “Бирюков Д.Д.” ЖК гранттың көмегімен үй қояны фермасын ұйымдастыру жөніндегі жобаны жүзеге асыруға кірісті.

“Жас кәсіпкер мектебі” жобасы іске қосылды, онда 60 жас адам оқытылды. “Бизнестің жол картасы – 2020” аясында 1000-нан астам кәсіпкер оқудан өтті, соның ішінде 2-еуі – шетелде.

Ақпараттық-консультациялық қолдауды камтамасыз ету мақсатында облыстың барлық ауданында өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалдары және кәсіпкерлерді қолдау орталықтары құрылды. 3,5 мыңнан астам кәсіпкер ақыл-кеңес алды.

Өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. 28 кәсіпорын 10 жылға жылдық 6 пайызбен арзандатылған кредит алды.

Кәсіпкерлікті дамыту аясында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында 2015 жылға мынадай негізгі міндеттер айқындалған: кәсіпкерлік қызметке тұрғындарды кеңінен тарту жолымен экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешу, облыс экономикасына шағын және орта бизнестің қосар үлесін арттыру, экономиканың басым салалары: туристік инфрақұрылымды дамытуда, сауда инфрақұрылымын дамытуда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру, экономиканың басым салаларында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағыталған қаржы-кредиттік және инвестициялық тетіктерді жандандыру.

Банк саласы. Облыстың банк жүйесі 19 екінші деңгейлі банк филиалдарынан және олардың 59 құрылымдық бөлімшесінен құралған.

Банк филиалдары салымға тартқан тұрғындардың және заңды тұлғалардың ақшалай қаржы көлемі 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті және 64,3 млрд. теңгені құрады.

Облыс экономикасына кредиттік салымдар көлемі 2014 жылы 7%-ға артты және 113,7 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте екінші деңгейлі банк филиалдары берген кредиттер көлемі 7,6%-ға өсіп, 121,4 млрд. теңгеге дейін жетті.

Банктердің шағын бизнесті кредиттік қолдауы 26,9 млрд. теңгені құрады және 32,5%-ға өсті.

Бюджет. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 27 млрд. теңгеден астам өзіндік кіріс жиналды, бұл өткен жылдағыдан 5%-ға көп. Салықтар мен төлемдер бойынша алынбаған берешек 0,5 млрд. теңгеге азайды.

Шығыстар бойынша бюджет көлемінің 1,2 есе өсімі байқалады. Мысалы, егер 2012 жылы бұл көрсеткіш 106,1 млрд. теңгені құраған болса, 2014 жылы 127,2 млрд. теңге болды. Шығыстар бойынша бюджет 98,7%-ға атқарылды.

Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 2014 жылдың қаңтар-желтоқсанында 7,5%-ға өсіп, 79,7 мың теңгені құрады.

Құрылыс. Құрылыстың маңызды бағыттарының бірі “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы болып табылады.

2014 жылы 120 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 104,4%-ды құрады.

Мына бағдарламалар бойынша тұрғын үйлер тұрғызылды және пайдалануға берілді:

– “Жас отбасы” – екі 15 пәтерлік үй және екі 27 пәтерлік үй;

– тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі желісі бойынша – облыс орталығында 45 және 93 пәтерлік тұрғын үйлер, Тайынша және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда екі 50 пәтерлік тұрғын үйлер;

– жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй – екі 72 пәтерлік үй, “Береке” шағынауданында 6 үйдің және 2 жатақхананың құрылысы жалғасуда.

Жекеменшік инвестиция есебінен 524 үй, бюджет қаржысы есебінен Ақжар ауданында – 10 үй, Аққайың ауданында – 2 үй, Мағжан Жұмабаев ауданында – 9 үй, Мамлют ауданында – 2 үй мен 18 пәтерлік тұрғын үй және Тимирязев ауданында 9 үй пайдалануға берілді.

2015 жылы 124 мың шаршы метр көлеміндегі тұрғын үйді іске қосу жоспарлануда.

Петропавл қаласы бойынша:

“Жас отбасы”:

– жалпы алаңы 1739,19 шаршы метр 15 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 2845,19 шаршы метр 27 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 6674,07 шаршы метр 75 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 6245,33 шаршы метр 93 пәтерлік тұрғын үй құрылысы.

Азаматтардың барлық санаттары үшін:

– жалпы алаңы 5847,12 шаршы метр 55 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 7078,10 шаршы метр 90 пәтерлік тұрғын үй құрылысы.

“Тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар” бағдарламасы бойынша:

– жалпы алаңы 11253,86 шаршы метр 2 жатақхана құрылысы.

“Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” бағдарламасының аясындағы жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй (“ҚИК” АҚ желісі бойынша):

– жалпы алаңы 8384,36 шаршы метр Петропавл қаласының “Береке” шағынауданындағы 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 8157,74 шаршы метр Петропавл қаласының “Береке” шағынауданындағы 80 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– жалпы алаңы 7045,0 шаршы метр Юбилейная көшесі, 9 “В” мекенжайы бойынша 126 пәтерлік тұрғын үй құрылысын аяқтау;

– Петропавл қаласында “Береке” шағынауданында 116 және 96 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы.

Облыс аудандарында жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйлер:

– Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында жалпы алаңы 1567,07 шаршы метр 18 пәтерлік жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй құрылысы;

– Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында жалпы алаңы 1567,07 шаршы метр инженерлік коммуникациялары бар 18 пәтерлік тұрғын үй құрылысы;

– Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында жалпы алаңы 3134,14 шаршы метр екі 15 пәтерлік тұрғын үй құрылысы.

Спорт нысандары. Петропавл қаласындағы құны 2,2 млрд. теңгенің мұз аренасы және жеңіл атлетикалық манежі бар Спорт сарайы құрылысы.

Мұз аренасы және жеңіл атлетикалық манежі бар Спорт сарайы мына спорт түрлерін өрістетеді: шайбалы хоккей, коньки жарысы, шорт трек, шағын футбол, баскетбол, волейбол, күш жекпе-жектері, таэквондо, бокс, дзюдо, көркем гимнастика, тасжолдағы жарыстар. Ғимараттың алаңы – 14853 шаршы метр.

Жобада үш функционалдық блок қарастырылған, олар: жеңіл атлетикалық манеж, мұз корты, велосипедшілер мектебі.

Жеңіл атлетикалық манежі бар әмбебап залдың алаңы – 4775 шаршы метр. Жеңіл атлетикалық манежде мыналар қарастырылған:

– 6 жолағы бар ұзындығы 200 метр айналма жүгіріс жолы;

– 6 жолағы бар 60 метрге жүгіру үшін тура жүгіріс жолы;

– әмбебап спорт залының сыйымдылығы – 500 көрермен. Мұз кортының алаңы – 2348,5 шаршы метр. Мұз кортында 1000 орындық трибуна қарастырылған. Велосипедшілер үшін 173,6 шаршы метр және 157,4 шаршы метр екі орынжай бар. Тренажерлік залдың алаңы – 221,8 шаршы метр. Күш жекпе-жектері залының алаңы – 294,4 шаршы метр. Жалпы дене шынықтыру дайындығы залының алаңы – 156 шаршы метр.

Білім беру нысандары құрылысын аяқтау. Мамлют ауданындағы Мамлютка қаласында 300 орынға арналған мектептің құрылысы; Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында 90 оқушыға арналған мектептің құрылысы.

Сумен жабдықтау. Таза ауызсу – осызаманғы тұрмыс сапасының басты шарттарының бірі. Облыстағы 689 ауылдың 292-сі орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілмеген, соның ішінде 160-қа жуық ауылдың тұрғындарының саны 100 адамнан асады.

2014 жылы облыстың елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін сомасы 5,9 млрд. теңгенің жұмысы атқарылды, соның ішінде республикалық бюджет қаржысы есебінен – 5,5 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 0,4 млрд. теңге бөлінді. 354 шақырым су құбырларының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары орындалды.

“Ақ бұлақ” бағдарламасының аясында 2014 жылы сумен жабдықтау бойынша 37 жобаны жүзеге асыру басталды, соның ішінде 34 жоба – ауылдарда. Сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары Ақжар ауданының 6 ауылында, Аққайыңның 7 ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданының 6 ауылында, Қызылжардың 9 ауылында, Тайыншаның 3 ауылында, Тимирязевтің бір ауылында және Уәлиханов ауданының 4 ауылында жүргізілді. Үстіміздегі жылы аталмыш жобалар бойынша жұмыс жалғасатын болады.

2014 жылдың қорытындысы бойынша 5 елді мекенге су берілді, оларда 1,5 мың адам тұрады. Тұрғындары 1,3 мың адамды құрайтын 3 ауылда сумен жабдықтау жақсартылды.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамту өсіп, 54,1%-ды құрады.

2015 жылы Ақжар ауданының 4 ауылында, Аққайың ауданының 7 ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданының 6 ауылында, Қызылжар ауданының 9 ауылында, Тайынша ауданының 3 елді мекенінде 30 сумен жабдықтау нысанын салу және қайта құру жөніндегі жұмыс, Уәлиханов ауданының су жеткізу торабында жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгенің жұмысы жалғасады.

Бірінші кезекте сумен жабдықтауды талап ететін 24 ауылға сапалы ауызсу беру мәселесі шешілуде. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауға 58,5 млн. теңге бөлінді.

Сонымен бірге, Су ресурстары жөніндегі комитет Преснов топтық су құбырын жаңғыртуды жалғастыратын болады, ал жалпы сомасы 2 млрд. теңгенің Соколов топтық су торабын қайта құру жұмысы аяқталды.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтауды 56,3%-ға дейін (оларда 77,4% ауыл тұрғындары тұрады) өсіру жоспарлануда.

Энергетика. “СолҚазЭнерго” АҚ-ның №2 “Петропавл жылу-электр орталығы” кәсіпорнын жаңғырту және қайта құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

2014 жылы құны 5,1 млрд. теңгенің №8 жылу қазандығы агрегатының құрылысы аяқталды. Ол станцияның бу беру өнімділігін арттыруға және жылу қазандығы агрегаты бойынша тозуды 7% азайтуға мүмкіндік берді.

Сол сияқты №1, №5 турбиналарды және №12 қазандық агрегатын ауыстыруға арналған жұмыс басталды. Оларды пайдалануға беру 2015-2016 жылдарға жоспарланған. Бұл шаралар станцияның белгіленген қуатын 25 пайызға, яғни 541 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді.

“Нұлы Жол” бағдарламасы аясында облыстың 2015 жылғы инфрақұрылымын дамытуға сомасы 3,2 млрд. теңгенің 12 жобасы қарастырылған, олардың ішінде Петропавл қаласында сомасы 1,6 млрд. теңгенің жылу желілерін қайта құру және салу жөнінде 7 жоба бар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. Облыста 1705 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1041-і – Петропавл қаласында, олардың 364-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 2011-2014 жылдары ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына 151 үй жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгемен қатысты. Бүгінгі күнге дейін пәтер иелері жоспардағы 372 млн. теңгенің орнына 421 млн. теңге қайтарды.

2014 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Петропавл қаласында сомасы 776,6 млн. теңгеге 45 үйді жөндеуге шарт жасалды, оның 40 үйінде жөндеу жұмыстары аяқталды, қалғандары бойынша жұмысты үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа қайтарылатын қаражат есебінен жалпы сомасы 76,4 млн. теңгеге 3 үйге жөндеу жүргізуге шарт жасалды. Бағдарлама аясында барлығы 36 үйдің шатыры қалпына келтірілді, 15 үйдің қасбеті, 12 үйдің кіре-берісі, 29 үйдің үйішілік инженерлік желілері жөнделді,16 үйдің лифтілері ауыстырылды.

2015 жылы бағдарлама аясында Петропавл қаласында республикалық қаражат есебінен жалпы сомасы 136,5 млн. теңгеге 8 үйге және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда пәтер иелерінің қайтарылатын қаражаты есебінен жалпы сомасы 8 млн. теңгеге 1 үйге жөндеу жүргізу жоспарлануда. 2015 жылы жөндеу жүргізу жоспарланған 9 үйдің барлығының шатырлары жаңартылады, 2-інің қасбеттері қалпына келтіріледі, 7-інің кіреберісі, үйішілік инженерлік желілері жөнделеді.

Елді мекендерді абаттандыру. 2014 жылы облыстың елді мекендерін абаттандыру және тазарту жөнінде жұмыс жүргізілді. Саябақтардың, шағын бақтардың және алаңдардың 130 гектары тазартылды және абаттандырылды, 47 субұрқаққа ағымдағы жөндеу жүргізілді, ескерткіштер мен құлпытастар жаңартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар полигоны қажетті жағдайға келтірілді, 680 заңсыз қоқыс төгілген орын жойылды, 285 мың текше метр қоқыс қалдықтары шығарылды.

Есепті кезеңде 60 мың ағаш, 33 мың бұта отырғызылды, 47 мың шаршы метр гүлзарлар жасалды. Демеушілік және бюджеттік қаражат есебінен балалардың 45 ойын алаңы орнатылды. Петропавлда жасанды төсемді және жарықтандырылған 15 шағын футбол алаңы абаттандырылды.

2014 жылы Петропавл қаласында сомасы 46,9 млн. теңгеге электр қуатын үнемдейтін шамдар орнату арқылы ұзындығы 7,8 шақырым көшенің жарықтандыру желісі жаңғыртылды. Осы кезеңде 3 қоғамдық биодәретхана орнатылды.

2015 жылы елді мекендерді тазарту және абаттандыру жұмысы жүргізіледі, оның ішінде 50 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында барлық ескерткіштер мен құлпытастар жаңартылады, саябақтар, шағын бақтар, аулалық аумақтар абаттандырылады.

Облыс орталығында “Южный” коллекторын қайта жаңарту аяқталады.

Автомобиль жолдары және көлік. Көлік инфрақұрылымын дамыту облыс экономикасын дамытудың басым бағыты болып табылады.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті мақсаттағы автомобиль жолдарының желісі 7530 шақырымды құрап, ұзындығы жөнінен республика өңірлері арасында 3-орынды иеленеді (Шығыс Қазақстан (8422 шақырым) және Қостанай (8106) облыстарынан кейін). Осы жағдайда жолдардың 3840 шақырымы немесе 49 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда және жөндеуді қажет етеді.

Өткен жылы біздің облыстағы жолдарды жөндеуге топырақты тұрақтандыру және салқын ресайклирлеу (тұрақтандырушы және тұтқыр материалдарды пайдалану арқылы бұрынғы жамылғыларды қалпына келтіру) сияқты жаңа әдіс қолданылды. Бұл әдісті қолдану шығынды 3 есе азайтуға және сол арқылы жөнделген автожолдардың ұзындығын арттыруға мүмкіндік береді.

2014 жылы жолдарды қайта жаңартуға, жөндеуге және ұстауға 6 млрд. теңге бөлінді, бұл 2013 жылға қарағанда 1,1 есе көп.

Тайынша ауданындағы “Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово” автожолының 6,6 шақырымы қайта жаңартылды, 283 шақырым көлемінде күрделі және орта жөндеу, сол сияқты ағымдағы жөндеу жүргізілді және автомобиль жолдарын ұстау жұмыстары атқарылды. Осының өзі 250 мыңнан астам тұрғыны бар 300-ден астам елді мекенді жалғастыратын жолдардың жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.

Өткен жылы облыс орталығында жалпы сомасы 1 млрд. 543 млн. теңгенің жұмыстары атқарылды. Осы қаражат есебінен 46 көшеде әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 17 шақырымды құрайтын көтерме жолдардың 82 мың шаршы метр аумағына қиыршықтас төселді.

2015 жылы қаланың көтерме жолдарына қиыршықтас төсеуге 200 млн. теңге бөлінді, ол қаланың Ватутин, Ружейников, Волочаев, Амангелді, Парфирьев, Перминовтер қысқа, Перминовтер, екінші Перминовтер қысқа, Петров, Ертіс, Позолотин, Челюскин, Амангелді қысқа, екінші Амангелді қысқа, Мир қысқа, 4-ші қысқа Кірпіш, Тухачевский, Қорған, Короткий, Киев, Чернышевский, Западный, Февраль, Калюжный, Вознесенский, Көкшетау, Урицкий, Чайкина, Гастелло сияқты 30 көшеге ұзындығы 30 шақырым, жалпы аумағы 140 мың шаршы метрді құрайтын жұмыс жүргізу жоспарланған.

Облыс бойынша 209 автобус бағыты жұмыс істейді, оның ішінде 5-еуі – халықаралық, 27-сі – облысаралық, 82-сі – қалааралық облысішілік, 17-сі – қала маңындағы, 38-і – ауданаралық, 7-еуі – ауыларалық, 33-і – қалааралық. Облыста 17 сапаржай, Петропавл қаласында 1 сапаржай және 2 жолаушыларға қызмет көрсету қосыны жұмыс істейді.

2014 жылы облыстың 111 елді мекені қосымша жолаушылардың тұрақты автобус қатынасымен қамтылды, бұл жалпы қамтуды 91,6 пайызға жеткізуге мүмкіндік берді (2013 жылы қамту 71,4%-ды құрады).

Биыл облыстың барлық елді мекендерін тұрақты автобус қатынасымен толық қамтуға арналған жұмыс жалғасады. Соған орай тасымалдаушылардан жаңа бағыттар ашу туралы ұсыныстар түсті.

2015 жылы Петропавл қалалық әуежайының жолаушылар терминалы ғимаратына және ұшу-қону жолағын қайта құру қарастырылған. 1975 жылы пайдалануға берілген әуежай қазір ұшу-қону жолағының апатты жағдайына байланысты үлкен сыныпты ұшақтарды қабылдай алмайды.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі көлік жүйесінің инфрақұрылымын интеграциялау және даму бағдарламасы аясында Инвестиция және дамту жөніндегі министрлікпен 2014 жылы ұшу-қону жолағын, руль жолағын, перронды, жарық-дабыл құрал-саймандарын қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттары (ЖСҚ) және техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұдан басқа өзіндік қаражат есебінен жолаушылар терминалын қайта жаңартуға ЖСҚ жасалды. Барлық жобаларға мемлекеттік сараптаманың жасалған қорытындысы бар.

Қайта құрудан кейін әуежай барлық үлгідегі жолаушылар мен жүк тасымалдайтын ұшақтарды қабылдай алатын болады, ол тұрақты авиажолаушылар тасымалы санын, транзиттік авиарейстерге қызмет көрсету мүмкіндігін арттыруға, жүк авиатасымалдары үшін тұрақты бағыттарды ұйымдастыруға жағдай жасайды, тұтастай алғанда өңірдің көліктік тартымдылығын арттырады.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау. Облыста тұрғындардың әлжуаз топтарын жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қорғау үшін мүмкіндік туғызылуда.

2014 жылы 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 16,8 мың адам жұмысқа орналастыру органдары арқылы, олардың 82 пайызы – тұрғындардың мақсатты топтарынан.

Өткен жылы 12801 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 9236-сы – ауылда (72,1%). Жұмыспен қамту органдары 7361 жас адамның жұмысқа орналасуына көмектесті, оның ішінде 4439 адам (60,3%) – тұрақты жұмыс орнына. Тұтастай алғанда тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жүргізілген жұмыс жалпы жұмыссыздық деңгейін 2014 жылдың басынан бері – 5,1%-дан 4,9%-ға дейін, жастардың жұмыссыздық деңгейін 7,6%-дан 3,9%-ға дейін қысқартты.

Аудандардың, қаланың әкімдері және жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдары арасында меморандумдар жасауға арналған жұмыс жүргізілуде.

Жыл қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс кірісінен төмен тұрғындардың үлесі 3,4%-ға азайды, ол 2013 жылдың көрсеткішінен төмен (4,8%).

2014 жылы 5 мыңнан астам азаматқа стационарлық және жартылай стационарлық, үйде күту және уақытша болу жағдайында арнайы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Мемлекеттік тапсырыс аясында облыс бюджеті есебінен сомасы 174,6 млн. теңгенің 1187 оңалту құрал-жабдығы сатып алынды (мүгедектер арбасы, сурдо-тифлотехника). Осы уақытта 1410 адам санаторийлік-курорттық емделуге жіберілді және протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етілді.

Аудандар мен Петропавл қаласының бюджеті есебінен 1730 мүгедекке міндетті гигиеналық құрал-жабдық берілді, 416 адам әлеуметтік жеке көмекшілер қызметімен және ым тілі мамандарымен қамтылды.

Мүгедектерді жұмыспен қамту картасы аясында 2014 жылы 870 адам жұмысқа орналасты, оның 536-сы – тұрақты жұмыс орнына, 209-ы – қоғамдық жұмыстарға, 10-ы – жастар тәжірибесіне, 72-сі – әлеуметтік жұмыс орнына, 16-сы кредит алды (жиһаз, еттен жартылай дайындалған өнім әзірлеу, такси қызметін көрсету, мал шаруашылығы), 43 адам “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша инфрақұрылым нысандарын жөндеуге жіберілді. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша осы санаттан барлығы 224 адам әлеуметтік қолдау шараларын алды.

2014 жылы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 53 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 237 жұмыссыз адам жұмысқа орналасты.

Мүгедектердің табиғи ортаға, оның ішінде нысандарға, көлікке, ақпарат пен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданылуда. Мүмкіндігі шектелген тұлғалар үшін 2014-2015 жылдарға арналған кедергісіз орта құру бойынша жоспар-кесте бекітілді.

Мүгедектердің қолжетімділік деңгейін бағалау үшін 2269 нысанға құжаттау жүргізілді. Нәтижесінде мемлекет меншігіндегі 70 нысан бейімделіп, жеке сектордың 27 нысаны кіру элементтерімен қамтамасыз етілді. Аталмыш жұмыс жалғасатын болады.

Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге ерекше назар аударылуда.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге арналған бірыңғай мерекелік медалімен марапаттау ережесі бекітілді, Үкімет қаулысымен Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, қатысушыларына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқандарға теңестірілген тұлғаларға әлеуметтік көмек шараларын көрсету бойынша республикалық күнтізбелік жоспар-кесте және шаралар жоспары бекітілді.

Облыста Жеңіс мейрамына әзірлік жасау және мерекелеу бойынша өңірлік шаралар жоспары жасалды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан азаматтарға республикалық және жергілікті бюджет есебінен бірмезгілдік төлем төлеу, тұрғындардың осы санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған басқа шаралар жүзеге асырылатын болады. Бекітілген стандартқа сәйкес арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша шараларды жүзеге асыру қарастырылған.

2015 жылы 423 әлеуметтік жұмыс орны құрылатын болады, 3932 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберіледі. 556 жұмыссыз кәсіби әзірліктен және қайта даярлаудан өтеді. Жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін ЖОО-лардың және колледждердің 400 түлегіне жергілікті бюджет қаражатынан 85 млн. теңге бөлу жоспарланған.

2015 жылы тұрғындардың әлжуаз топтары санатындағы 6675 адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетілетін болады, оның ішінде 3546 жұмыссызға, 2159 өнімсіз жұмыспен өзін қамтамасыз еткендерге және аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды 970 мүшесіне.

Білім беру. 2014 жылы саланы дамытуға 37,4 млрд. теңге жұмсалды.

Мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 568 бірлікті құрайды. Есепті жылда облыста 1118 жаңа мектепке дейінгі орын ашылды. Жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамту 3,8 пайызға артып, 93,1 пайызды құрады. Бұл жөнінен республикада алтыншы орындамыз.

Облыста мектепке дейінгі 18 жекеменшік ұйым бар, соның ішінде 11-і – Петропавл қаласында, оларда 1482 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген.

Апатты мектептердің орнына екі мектеп: Мамлют ауданының Мамлютка қаласында республикалық бюджеттен 300 орындық және Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында жергілікті бюджеттің есебінен 90 орындық мектеп салынуда.

Облыс орталығында химия-биология бағытындағы 720 орындық, 120 орындық жатаханасы бар Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталуда. Қазіргі уақытта мектептің педагог кадрлары мен оқушылары конкурс бойынша іріктелді.

Облыс мектептерінде сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін жаңа үлгідегі 891 кабинет: химиядан – 164 (36 пайыз), биологиядан – 184 (40,4 пайыз), физикадан – 273 (60 пайыз), лингафонды-мультимедиалық – 270 (59,3 пайыз), 308 интерактивті тақта жұмыс істейді. 90 білім беру мекемесі электронды оқыту жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Интернетке кең жолақпен қосылған мектептер саны 346-дан 371-ге дейін артты. Облыс мектептерінде компьютерлер саны көбейді, қазіргі уақытта 1 компьютерде 4 оқушы оқи алады (2013 жылы – 5 оқушы).

Біздің оқушыларымыз 21 медальды (2 алтын, 5 күміс, 14 қола) жеңіп алып, республикалық олимпиадада жақсы көрсеткіштерге ие болды.

2014 жылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыстың төрт мектебі (Қазақ-түрік лицейі, Ә. Досмұхамбетов атындағы гимназия, “БЭСТ” гимназиясы, Бірінші лицей) республиканың 100 үздік мектебінің қатарына кірді. 32 түлек “Алтын белгі” иеленді, 33 түлек үздік аттестат алды.

17 сауықтыру лагерінде және мектеп жанындағы алаңда 15 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 217 млн. теңге бөлінді.

Барлық жалпы білім беретін мектептерде ыстық ас беру ұйымдастырылған. Әлеуметтік әлсіз, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының 9 мыңнан аса баласы тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 243 шаруашылық субъектісі 221 мектепте 6578 оқушыны тамақпен қамтамасыз етті.

Жетім балалар – атқарушы билік органдарының айрықша назарында. 2014 жылы 825 баланың қамқоршыларына (жанашырларына) жергілікті бюджеттен 119 млн. 545 мың теңге төленді.

2014 жылы облыстық бюджеттен 168 балаға патронаттық тәрбие беруге 84 млн. 110 мың теңге бөлінді.

Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 27 ұйым жұмыс істейді. Оларда 13430 студент, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 8513 адам немесе 63,4 пайызы оқып жүр. Негізгі назар дуальды оқуға бөлінуде. Әлеуметтік әріптестермен бірлесе жұмыс жүргізілуде. 7 мыңнан аса студент, соның ішінде 33 пайызы еңбекақы төленетін жұмыс орындарында өндірістік тәжірибеден өтті.

2014 жылы 4725 маман, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 2688 студент немесе 56,9 пайызы даярланды. 74,3 пайызы жұмыс орындарында еңбекке орналастырылды, түлектердің жалпы жұмыспен қамтылуы 93 пайызды құрады.

2015 жылы дуальды оқытудың жол картасына 3 колледж (Аққайың ауданының аграрлық колледжі, Ленинград ауылшаруашылық колледжі, Уәлиханов ауылшаруашылық колледжі) кіріп, жалпы 2500 студент қамтылады.

Ж. Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінің негізінде Түмен мемлекеттік ауылшаруашылық академиясының қашықтан оқыту орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықта “Агрономия”, “Ветеринария”, “Агроинженерия” мамандықтары бойынша колледждің 145 түлегі оқып жүр. 2014 жылы алғашқы 56 студент бітіріп шығып, олардың бәрі де жұмысқа орналастырылды.

2015 жылы 3513 студент, соның ішінде 2528-і мемлекеттік тапсырыс бойынша бітіріп шықпақ. 118 дәнекерлеуші, 279 құрылысшы, 22 токарь, 56 техник-механик, 470 тракторшы-машинист, 24 мал дәрігері, 26 агроном және басқалар еңбек нарығын толтырады.

Үстіміздегі жылға білім беру саласына мына міндеттер жүктеліп отыр:

2015 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы ынтымақтастық жалғасын табады. Облыс орталығында құрылыстар салудың және ғимараттарды қалпына келтірудің есебінен жекеменшік мекемелерде 1080 жаңа орынды іске қосу, Петропавл қаласында балаларды 93,4 пайызға дейін қамту, сондай-ақ, облыстағы күннің қысқа мерзіміндегі 15 шағын орталықты толық күнге көшіру көзделіп отыр.

Орта білім беру бойынша үш ресурс орталығын (Шал ақын, Ғ. Мүсірепов атындағы және Тимирязев аудандарында) ашу жоспарланды. Облыстың барлық жалпы білім беретін мектептерінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізу арқылы білім сапасын көтеру керек.

Дуальды оқыту аясында техникалық және кәсіптік білім беру бойынша кадрлар даярлау одан әрі жалғастырылады.

Оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру, шығармашылық тұлғаны қалыптастыру, өзін-өзі әлеуметтік, мәдени және кәсіби бағдарлау үшін жағдай жасау, жастардың бойында толеранттық сана-сезімді нығайту, патриоттық рухты тәрбиелеу бойынша жұмыс жандандырылады.

Мұғалім мамандығына ынталандыру және бұған жас мамандарды тарту практикасы жалғастырылады.

Денсаулық сақтау. Облыстың денсаулық сақтау жүйесін 4008 орындық 29 аурухана, соның ішінде 3953 орындық 27 мемлекеттік, 30 орындық 1 ведомстволық, 25 орындық 1 жекеменшік, 127 амбулаториялық-емханалық ұйым, соған қоса 52 фельдшерлік-акушерлік қосын және 456 медициналық қосын құрайды.

Мемлекеттік ұйымдарда 1420 дәрігер, 4983 орта буын медицина қызметкері, 3055 өзге де мамандықтағы қызметкер облыс тұрғындарына медициналық жәрдем жасайды.

2014 жылдың басына кадрлар жетіспеушілігі 181 маманды құрады. Есеп беріліп отырған жылда облысқа 75 жас кадр, соның ішінде 43-і (57,3 пайызы) ауылдық жерлерге келді. Дәрігер кадрларды тарту бойынша жұмыс одан әрі жалғастырылады.

2014 жылы денсаулық сақтау саласына 21,3 млрд. теңге жұмсалды. Бұл 2013 жылға қарағанда (19,7 млрд. теңге) 1,8 пайызға артық.

Облыста Есіл ауданындағы Явленка, Аққайың ауданындағы Смирново ауылдарында, М. Жұмабаев ауданының Булаево және Шал ақын ауданының Сергеевка қалаларында бір ауысымда 250 қабылдау жасайтын 4 емхананың құрылысы аяқталды.

Есепті жылда денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 1,1 млрд. теңге бөлінді. Облыстың барлық аудандарының жедел медициналық жәрдем бөлімшелеріне 245 млн. теңгеге 14 реанимобиль, сондай-ақ, сараптауға ультрадыбыспен зерттеу аппараттары, телепатология және басқа да диагностикалық жабдықтар алынды.

Жалпы алғанда, осы салада кейбір көрсеткіштердің төмендеуінің оң көріністері байқалады. Тұрғындардың жалпы өлім-жітімі 1000 адамға шаққанда 13,27-ден 12,07-ге дейін, 9 пайызға азайды. Ана өлімінің бірде-бір оқиғасы тіркелмеді. Туберкулезбен сырқаттану көрсеткішінің – 5,5 пайызға, туберкулезден қаза болу – 21,2 пайызға, онкологиялық аурулар 1,9 пайызға төмендегені байқалады.

Облыста эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Айрықша қатерлі сырқаттарға шалдығу оқиғалары орын алған жоқ және кейбір сырқаттармен науқастану (өткір ішек жұқпалары – 21,6 пайызға, сальмонеллез 25,5 пайызға, өткір вирусты гепатит – 18,5 пайызға) төмендеген, дифтериямен сырқаттану оқиғасы тіркелмеген.

2014 жылы облыстың 6 ұйымында (облыстық аурухана, балалардың облыстық ауруханасы, перинаталдық орталық, кардиология орталығы, онкологиялық диспансер және қалалық 3-ші аурухана) тұрғындарға жоғары мамандандырылған медициналық жәрдем түрінде (ЖММЖ ) қызмет көрсетіліп келеді. Осындай жәрдеммен 900 адам қамтылды. Қолқа-қан тамырын кесіп алып, тігу бойынша – 173 (2013 жылы – 113), бітелген тамырды анықтау бойынша – 514 (2013 жылы – 523), коронарография бойынша – 1451 (2013 жылы – 1347), рентгенге түсіру арқылы қан тамырларын зерттеу бойынша 54 (2013 жылы – 226) ота жасалды.

Облыстық балалар ауруханасының және облыстық перинаталдық орталықтың негізінде халықаралық технологиялар бойынша оқыту орталықтарының жұмысы жалғастырылды. 2014 жылы амбулаториялық деңгейдегі 345 дәрігер антенатальдық күтімнің және балалар ауруын бірлестіре емдеуді жүргізудің тиімді технологияларын енгізу бойынша сабақтастырыла оқытылды.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы “Қалалық №3 аурухана” коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының негізінде репродукция бөлімшесі жұмыс істейді. Онда экстракорпоралдық ұрықтандыру жүргізіледі. Бөлімше жұмыс істеген уақыттан бері экстракорпоралдық ұрықтандырудың 86 бағдарламасы жүргізіліп, 17 бала дүниеге келді.

Ести алмайтын, сурдологиялық жәрдем, есту аппараттарын, кохлеарлық импланттар алған және есту-сөйлеуін қалпына келтіру көмегін алған адамдарды электронды тіркеуге қою жұмысы жалғастырылуда. 23 сәби кохлеарлық жасанды ұлпаларды сіңіру бойынша оталар жасалғаннан кейін Астанадағы Балаларды оңалту республикалық орталығында емделді.

Алда тұрған кезеңде денсаулық сақтау саласына денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, медициналық жәрдемнің жоғары сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттері жүктеледі.

Тұрғындардың мақсатты топтарының қан айналымы, қант диабеті, онкологиялық сырқаттарды бастапқы кезден анықтап, кейінде диспансеризациядан өткізу, анықталған аурулардан айықтыру үшін скринингтік бағдарламаларды жалғастыру керек.

Облыстың ауруханаларында тұрғындарға жоғары мамандандырылған жәрдем көрсету әдістерін жетілдіру жалғастырылуға тиіс.

Ана мен нәресте шетінеуіне жол бермеу мақсатында жүкті әйелдердің қатерлі жағдайларының мониторингі, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған бағдарламаларды енгізу және тиімді технологияларға оқыту жалғастырылады.

Мәдениет. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 583 мәдениет және мұрағаттар нысандары жұмыс істейді. 2014 жылы 28 мекеме: 22 клуб, 6 кітапхана ашылды.

“Мәдениет” және “Мұрағаттар” саласында 2014 жылы қаржыландыру 2 млрд. 418 мың теңгені құрады.

Мәдениет және мұрағаттар қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін 2520 адам құрайды, соның ішінде 2319-ы – мәдениет, 201-і – мұрағаттар қызметкерлері.

Кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде музыка-педагогикалық факультетінің негізінде “Әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылық” бөлімшесі ашылды. Гуманитарлық-педагогикалық колледжде (Борки ауылы) сырттан және күндізгі оқу бойынша “Әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылық” мамандығы ашылып, студенттерге жатақхана берілді, стипендия төленеді. Қазіргі уақытта онда 180 студент оқып жүр.

2014 жылы облыстық филармонияға қызметке келген екі жас маманға жайлы баспана берілді.

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында 11 нысанды күрделі жөндеуге 293 млн. теңге бөлінді. Қуыршақ театры, М. Жұмабаев, Ақжар, Аққайың, Мамлют, Ғ. Мүсірепов атындағы, Уәлиханов аудандарындағы ауылдық кітапханалар, клубтар мен мұрағаттар күрделі жөнделді.

2014 жылы жалпы сомасы 20,5 млн. теңгеге сахналық киімдер, музыкалық техникалар, әдебиеттер, соның ішінде 10 млн. теңгеге облыс аудандарында алынды.

Облыстың мемлекеттік кітапханаларының кітап қоры 3 млн. 667 мың 716 құжатты құрайды. 2014 жылы 73 млн. 163 мың теңгеге 111145 жаңа құжаттар келіп түсті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011-2015 жылдарға Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың аясында облыс орталығында “Көпес Янгуразовтың үйі” ескерткішін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде (27 млн. 850 мың теңге бөлінді). Жергілікті бюджет есебінен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қасбеті қалпына келтірілді.

15 мұрағат мекемесіндегі 4 мың 801 қорда 1 млн. 520 мыңнан астам құжат сақталуда. Олардың арасында айтарлықтай айрықша құнды 32 мың 939 құжат: шіркеулер мен мешіттердің 1855 жылдан бергі тіркеу кітаптары, Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор қалаларынан және басқалардан алынған мұрағат құжаттарының көшірмелері бар.

Өңіріміз бен республикамыздың айтулы және мерейтой күндеріне арнап 4 кітап: “Солтүстік Қазақстан облысының 2014 жылғы айтулы және естелік күндері” күнтізбесі, облыстық мұрағат қызметінің 90 жылдығына “Мұрағат – халықтың құжаттардағы зердесі”, тың игерудің 60 жылдығына “Тың эпопеясы тарих таразысында” және “Жас азамат. Есіл даласы” кітаптары дайындалып, басылып шығарылды.

Облыста хореография ұжымдарының “Петропавл көктемі – 2014” халықаралық конкурсы, Сегіз сері атындағы “Гауһартас” халық аспаптары оркестрлерінің және ансамбльдерінің бірінші республикалық фестивалі, “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық фестивалінің облыстық кезеңі, ардагерлер ұжымдарының “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” облыстық байқау-фестивалі, Солтүстік Қазақстан облысының Астана қаласы мен Ақмола облысындағы Мәдениет күндері сияқты бірқатар ірі мәдени-бұқаралық шаралар болып өтті.

Шығармашылық ұжымдар Ресейдің, Грузияның, Абхазияның және Болгарияның қалаларындағы халықаралық конкурстарға қатысты.

Қазақстан және Ресей халықтарының мәдени мұраларын сақтап, молайту үшін “Шекаралардағы кездесулер” Ресей-Қазақстан жобасының аясында облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада республикадағы тұңғыш электронды кітапхана құрылды. Мұнда құнды басылымдарды тіркеу, оларды электронды таратушыларға көшіру жұмысы жүргізіледі, өлкетану шоғырларының деректері жинақталады. Өткен жылы облыстық кітапхананың ұжымы ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясының “Мәдениет пен өнердің дамуына сіңірген еңбегі үшін” белгісімен аталып өтілді.

Биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты маңызды оқиғалардың аталып өтуімен ерекше елеулі. Облыста мерейтойлы жылдың аясындағы барлық шараларды жоғары мазмұнды деңгейде ұйымдастыру міндеті қойылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып мұражай қорынан сурет және мүсіндер көрмесі ашылады, сондай-ақ, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың сайтында виртуалдық лекция, көрмелер орналастырылады. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, халық әндерінің, музыкасы мен билерінің облыстық “Есіл өңірі ән шырқайды” фестивалі өткізіледі.

Жеңістің 70 жылдығына “Солтүстік Қазақстан: тарихи тұлғалар” шоғырының 3-ші кітабының “Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары” өмірбаяндық анықтамалығы басылып шығарылады. Ұлы Отан соғысының барлық ескерткіштерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі, Петропавл қаласындағы Жеңіс саябағын қалпына келтіру аяқталуға жақын.

Конституцияның 20 жылдығына көрмелер, экспозициялар, суырыпсалма ақындардың облыстық “Жер жұмағы – Қызылжар” және эстрада әндерін орындаушылардың “Жас қанат” конкурстары, тағы басқа да шаралар ұйымдастырылады.

Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына мұражай экспозициялары жаңартылады, көрмелер ашылады, халық ансамбльдерінің және дәстүрлі әндерді орындаушылардың конкурс-фестивалі өтеді, Қожаберген жырау туралы театрландырылған қойылым, “Бейбарыс сұлтан”, “Алпамыс” спектакльдері және тағы басқалар сахнаға шығарылады.

Биылғы жылы біздің өңірімізде Батыс Қазақстан облысының және Батыс Қазақстан облысында Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері, Астанада, Алматыда, Ресей Федерациясының Омбы қаласында облыстың шығармашылық ұжымдарының алмасу гастрольдері өтеді.

Жергілікті бюджет есебінен 100 млн. теңгеге 10 мәдениет нысанын қалпына келтіру, орыс драма театрының материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ, облыстық филармонияның ғимаратын күрделі жөндеу көзделуде.

 

Спорт. 2014 жылы спорт саласын қаржыландыруға 3,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға көп.

Солтүстік Қазақстан облысында дене шынықтырумен және спортпен 151 718 адам (өңір тұрғындарының жалпы санының 26,5 пайызы) айналысады.

Өңірімізде дене шынықтырумен және спортпен белсенді шұғылдану үшін 2484 спорт ғимараты жұмыс істейді. Спорт ғимараттарының желісі 207-ге көбейді.

Облыс аудандарында 300 хоккей қорапшасы, оның 100-і үстіміздегі жылы салынды және қайта жаңартылды. Петропавл қаласында 1 жабық және 8 ашық хоккей қорапшасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығында жасанды жабылғысы бар 15 шағын футбол алаңы ашылды.

Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында республикалық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, демеушілердің қаржысымен жүзу бассейні іске қосылды.

Облыс әкімдігімен қол қойылған меморандум шеңберінде республикалық спорттық жекпе-жектер мен спорттың күштік түрлері конфедерациясы бастамасының және қолдауының нәтижесінде дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатта жалпы сомасы 42 млн. теңгеге төрт спорт залы жөнделді және қалпына келтірілді, ауыр атлетика залына жаңа қондырғылар, күрес, таэквондо, дзюдо және бокс залдарына спорт жабдықтары әкелінді. Спорттың осы түрлерін дамыту үшін жергілікті бюджеттен қосымша 50 млн. теңге бөлінді.

Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен және спортпен айналысуын қамту үшін 12 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысатын 26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернаты, спорттың ойын түрлері бойынша 4 спорт клубы, 2 жоғары спорттық шеберлік мектебі, олимпиадалық резерв даярлау орталығы мен 22 аула клубы жұмыс істейді. 2015 жылдың қаңтар айында волейболдан “Қуаныш” әйелдер клубы мен баскетболдан “Барыс” клубы өз жұмысын бастады.

Облыстың барлық аудандарында балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары жұмыс істейді, оларда 4 мыңнан астам жеткіншек бос уақыттарын мазмұнды өткізеді.

2014 жылы “Солтүстік” қысқы спорт мерекесі, қазақ күресінен облыстық “Қызылжар барысы” турнирі, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спартакиада, ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада, “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі, облыстық әйелдер спартакиадасы және облыстық Денсаулық күндері өткізілді.

2014 жылдың қараша айында балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық “Мен – чемпион!” балалар спорт ойыны мен облыстық “Алтын шайба” турнирі сияқты екі ауқымды жоба мәре алды, ол спорттың бұқаралығын арттыруға септігін тигізеді.

Облысымызда спорттың 67 түрі дамып келеді. 2014 жылы солтүстікқазақстандықтар 12 әлем чемпионатына, 1 Еуропа чемпионатына, 10 Азия чемпионатына, Азиялық және Параазиялық ойындарға, 179 республика чемпионатына, 40 халықаралық турнирге және жасөспірімдердің олимпиадалық ойындарына қатысты.

Конькимен сырғанаушы Роман Креч Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық рекордты жаңартып, жетінші орын алды. Облыс тарихында тұңғыш рет жазғы Азиялық және Параазиялық ойындарда Қазақстан құрамасының сапында он солтүстікқазақстандық болды. Велошабандоз Алексей Луценко мен жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева Ойындар чемпиондары атанды. Жасөспірімдердің олимпиадалық ойындарында біздің гимнасшымыз Дарья Медведева қола жүлдеге ие болды. Студенттердің әлем чемпионатында грек-рим күресінен Ақан Баймағамбетов күміс медальды жеңіп алды. Самбодан Азия және әлем чемпионаттарында Назгүл Маратова жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов Еуропа чемпионы атанды, Еуразия чемпионының атағын қанжығасына байлады.

Бүгіндері 353 солтүстікқазақстандық еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында өнер көрсетуде, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 58 адамға көп.

Облыс жаттықтырушылары 2014 жылы 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 32 спорт шеберін, 150 спорт шеберлігіне үміткер мен 167 бірінші разрядты спортшылар даярлады. Есепті кезең ішінде спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлерінен өткізілген республикалық және халықаралық жарыстарда жерлестеріміз 593 медаль жеңіп алды.

Өңіріміздің белгілі спортшылары айтарлықтай қолдауға ие болуда. 2014 жылы 64 спортшы облыс әкімінің шәкіртақысын алды. Бұл 2013 жылға қарағанда 29 шәкіртақыға көп. Жоғары спорттық көрсеткіштері үшін Дүниежүзілік паралимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы, суда жүзуші Владимир Эрманға пәтер кілті табыс етілді.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде кадр мәселесін шешу үшін жаңа “Спорт жаттықтырушысы” бөлімшесі ашылды, ол өңірімізде жетекші спортшыларды сақтауға және білікті жаттықтырушы кадрларын тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Бүгіндері Петропавл қаласында мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар Спорт сарайының құрылысы жүргізілуде. Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында “Зенченко және К” КС өз қаржысы есебінен көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үстінде. Қызылжар ауданындағы Бескөл және Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылдарында осызаманғы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтермек.

Солтүстікқазақстандық спортшылар 2015 жылы бірнеше ірі республикалық жарыстарға қатысатын болады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының жастар ойындары, ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, республикалық жазғы спартакиада, Қазақстан Республикасының паралимпиадалық ойындары, еліміздің мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадасы бар.

2015 жылы дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың қатарын қалыңдату мен спорт ғимараттарының желісін кеңейту бағытында жұмыс жалғасатын болады.

Жастар саясаты. Жас ұрпаққа қамқорлық өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып табылады.

2014 жылы өңірімізде жастар саясатын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 15 млн. теңге бөлінді.

Облыста жастарды қолдау үшін жастар саясаты жөніндегі кеңестер мен жастар бастамасының орталықтары жұмыстарын жалғастыруда.

Мемлекет ауыл жастарын қолдау үшін қолайлы жағдай жасауда. “Дипломмен – ауылға!” жобасы шеңберінде 2014 жылы 311 жас маман сомасы 40,5 млн. теңге болатын көтерме жәрдемақы алды. Осы кезеңде 161 маманға сомасы 385,5 млн. теңге кредит берілді.

“Жастар практикасы” жобасы шеңберінде былтыр жұмыс берушілердің белсенді қолдауының нәтижесінде 587 адамға еңбек етуге жолдама берілді, олардың 313-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша 323 адам жұмыспен қамтылды.

Жастарды еңбекке орналастыруға мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде облыста жұмыссыз жастар деңгейі 3,7 пайыз болды.

Жастар саясаты саласында жастарды жұмысқа орналастыру, олардың шығармашылық, спорттық, зияткерлік және іскерлік белсенділіктерін арттыру бойынша жұмыс жалғасын табатын болады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңіріміздегі жайлы өмір мен қызметті қолдайтын маңызды құрамдас бөліктердің бірі болып табылады. Сондықтан бұл мәселе тұрақты назарда болады.

Мал ұрлауға қарсы күрес бойынша шаралар қолданылуда. Былтыр облыстың ішкі істер органдары аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, ауылдық жерлерде тұрғындардың 719 жиынын өткізді, оларда азаматтардың құқық тәртібін қорғауға, қоғамдық малды бағуды ұйымдастыруға, “Сақшы” отрядын құруға қатысу мәселелері талқыланды. Бұл өз нәтижесін берді. Облыста мал ұрлау оқиғасы 13 пайызға қысқарды, оларды ашу көрсеткіші 12 пайызға өсті.

Көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда тәртіп орнату жөніндегі жұмыс жанданды. Облыс орталығында 11 авто және 42 жаяу патрульдер үш ауысымда қоғамдық тәртіпті бақылайды.

Облыс аумағында 144 бейнебақылау қондырғысы (облыс орталығында – 74, аумақтық бөлімшелерде – 70) жұмыс істейді. Олардың көмегімен 15 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 208 қылмыс ашылды. Ауыр қылмыс саны – 24 пайызға (581-ден 442-ге дейін), алаяқтық – 14 пайызға (710-нан 612-ге дейін), тонау 5 пайызға (351-ден 339-ға дейін) кеміді. Кісі өлтіру оқиғасы 7 пайызға (44-тен 41-ге дейін) қысқарды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласында автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру мәселелері жөніндегі тұрғындарға мамандандырылған қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол көрсетілетін мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Ішкі істер органдары жұмысында оң нәтижелер болғанымен, барынша назар аударуды қажет ететін қызметтің бағыттары баршылық.

Бұрын сотталған адамдармен алдын алу жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмеді. Мәселен, өткен жылы осы санаттағы тұлғалар 2013 жылға қарағанда 8,5 пайыз көп қылмыс жасаған.

Сондай-ақ, облыста қастандық жасап зорлау (34,5 пайызға), бұзақылық (11,9 пайызға), пәтер ұрлығы (7,4 пайызға) оқиғалары айтарлықтай өскен.

2014 жылы ішкі істер департаментіне материалдық-техникалық жарақтандыру үшін жеткілікті қаржы бөлінді, үстіміздегі жылы да соған сәйкес қаржыландыру көзделген.

Облыста тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, қоғамда құқық бұзушыларға “нөлдік төзімділік” ахуалын қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: “Біз ең елеусіз құқық бұзуға, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке немқұрайды қарауға тиіс емеспіз, өйткені ол қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзімсіздік ахуалы – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда, қылмыспен күресуде маңызды қадам”, – деп атап көрсетті.

Есеп беру кездесулері. 2014 жылы барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 873 есеп беру кездесуін өткізді, оларға 89,5 мың адам немесе облыс тұрғындарының 15,4 пайызы қатысты.

Кездесулер барысында 1909 ұсыныс пен өтініш түсті. Ұсыныстар мен өтініштердің басым бөлігі елді мекендерді абаттандыруға (291 немесе 15,2 пайыз), автомобиль жолдарының жағдайына (171 немесе 9 пайыз), сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге (117 немесе 6,1 пайыз), электр энергиясымен жабдықтауға және телефон байланысына (94 немесе 4,9 пайыз), әлеуметтік мақсаттағы нысандарды жөндеуге және салуға (84 немесе 4,4 пайыз) қатысты болды.

Кездесулер кезінде 1079 мәселе сол жерде шешімін тапты, қалған 830-ы бақылауға алынды. Есеп беру кездесулері барысында түскен ұсыныстар мен өтініштерді орындау бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттар жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарына орналастырылды. Жекелеген мәселелерді орындау үстіміздегі жылға өтті.

Ресей өңірлерімен ынтымақтастық. 2014 жылдың 11 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауданы есепке алғанда облыстың жалпы тауар айналымы 770,5 млн. АҚШ доллары болды, оның ішінде экспорт – 163,1 млн. АҚШ доллары, импорт – 607,4 млн. АҚШ доллары.

Облыстың негізгі экспорттық тауарлары бидай мен ұн болып қалуда. Негізінен машиналар мен қондырғылар, көлік, сондай-ақ, тамақ өнімдері мен химиялық тыңайтқыш импортталады.

Облыс алыс және жақын 70-тен астам елмен байланыс орнатқан.

Солтүстік Қазақстан облысының басты сауда-экономикалық серіктесі көптеген жылдар бойы Ресей Федерациясы болып табылады. Ресеймен сауда айналымының үлесі облыстың тауар айналымының жалпы көлемінде 70 пайызға жуық.

2014 жылғы 30 қыркүйекте Атырау қаласында Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХІ форумы өтті, оның жұмысына біздің облыстың өкілдері, сондай-ақ, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Форум аясында “Теңізшевройл” ЖШС-і мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ресейдің шекаралас Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен тығыз әріптестік жасалған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа да салалардағы келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей өңірлерінің ресми делегациялар алмасу тәжірибесі жалғасуда.

2014 жылғы маусымда Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қорған облысының Щадринск қаласында өткен Орал федералдық округінің “Ресейдің шағын қалалары – 2014” бесінші инвестициялық форумына қатысты. Өткен жылдың шілде айында облысқа жұмыс сапарымен Түмен қаласының делегациясы келді.

Облыстың Ресеймен серіктестік қатынасын дамыту одан әрі жалғасады, оған 2016 жылы Петропавл қаласында Мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХІІІ форумы ықпал ететін болады.

Тұтастай алғанда, 2014 жылы облыстың даму қорытындысы осындай болды. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында айқындалған тапсырмаларды ескере отырып, өңіріміздің дамуының алдағы кезеңіне зор міндеттер қойылып отыр. Барлық мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі кешенді жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp