1986 жылдың жазында Алматыға арман қуып бардым. Ол уақытта Алматы қаласы барлық жастардың арманы еді ғой. Мен Қазақ қыздар педагогикалық институтының физика және математика факультетіне оқуға түстім. Қуанышымда шек жоқ. Білім қуып келген соң әр уақытымды оқуға жұмсадым. Бұл оқу жылының алғашқы айлары еді ғой. Ал ызғарлы да қарлы желтоқсан айының сол жылғы суығын әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ұмыту да мүмкін емес.
Сол күні әдеттегідей таңертең ерте тұрып, сабаққа дайындалып жатқанбыз. Бір кезде радиодан Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығып, орнына Г. Колбин тағайындалғаны туралы хабарды естігенде бір-бірімізге аңтарыла қарадық. Іштей “Бұл қалай?” – деген сауалымыз жанарымыздан-ақ аңғарылды. Алайда, бұл мәселеге мән берместен әрі қарай күйбің тірліктің жетегінде кете бардық.
Сол күні дене шынықтыру сабағы Орталық стадионда өтетіндіктен, тобымызбен аялдамаға келіп троллейбус тосып тұрғанбыз. Сол жерден өтіп бара жатқан жігіттер: “Қыздар, неғып тұр-сыңдар, жаңалықты естімеп пе едіңдер?” – деп ұрысты. “Кеттік, жүріңдер, Орталық алаңға барамыз”, – деген сөздерінің төркінін түсінбесек те, соңдарынан ердік. Жолшыбай алаңға қарай жастардың аққан легін көргенде денені үрей биледі. “Қайда, неге бара жатырмын?” – деген сұрақтар санамда жылт етті.
Көпке еріп, алаңға да жақындадық. Біз сияқты жан-жақтан келген жастардың қарасы қалың екен. Сол кезде ғана жастардың алаңға не үшін жиналғанын түсіндік. Бізден бұрын жеткен жастардың қолында ұрандар жазылған плакаттар болды. Қалың топтың арасында “Менің Қазақстаным” әні де шырқалып жатты. Ал жастарды басу үшін келген атқамінерлер мінберден бізге қарап, не істерлерін білмей дал. Алаңға ағылып келіп жатқан жастардың легі толастар емес. Жауған қарды елемеген жастар жалынды сөздерін ұрандата айтудан шаршаған жоқ.
Алматыда күн ерте батып, қараңғылық тез түседі. Көптің арасында жан-жағымызға қарап тұрған біз тоңсақ та, қарнымыз ашса да кетуге асықпадық. Бір уақытта әскери машиналар келіп, одан түскен жауынгерлер жан-жағымыздан қоршай бастады. Олар қолдарына түскендерді шаштарынан сүйреп машинаға тоғытты. Ал өрт сөндіретін көліктер сумен атқылап жатты. Иттерін жетектеген жауынгерлер жастарға қарай төбеттерін айтақтады. Алаңның ортасы аласапыран, айғайлаған, шыңғырған дауыстардан құлақ тұнды. Сол сәтте соғыс басталып кеткендей сезімде болдым. Шындап қорқа бастадым. Кетейік пе, әлде қашайық па деген ойда тұрғанда деканымыздың: “Қане, қайтыңдар үйлеріңе”, – деген даусынан кейін жатақханаға қалай жеткенімізді білмей қалдық. Ал жатақханадағы көрініс одан бетер жаман. Тоңған, таяқ жеген бізге ешкім аяушылық танытпады. Керісінше ұрыс естіп, тамаққа саппен апарып, одан келген соң жерге жатқызып қойды.
Екінші күні үлкен Алматыда ешқандай қозғалыс болған жоқ, көшеде адам жүрісі де саябырлаған. Қалада тыныштық орнаған. Аппақ қарға оранған Алматыдағы қазақ жастарының халдері мүшкіл еді. Себебі, оларды оқудан, комсомол қатарынан шығарып жатты. Қаншама қазақ жастары зардап шекті.
Мен алдымда білім алып жүрген өскелең ұрпаққа көзіммен көргенімді айтып келемін. Олар осы күннің қадірін түсінсе екен деймін.
Айгүл ҚАЗИЕВА,
Ж. Тәшенев атындағы №20 орта
мектебінің математика пәнінің мұғалімі.