Қателік жасап, жазалы болғандарды кеудеден итермей, керісінше, қоғамға бейімдеуге және қамаудағылардың санын азайту бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіледі. Әсіресе, темір тордың арғы жағындағыларды жұмыспен қамту тәрбиенің бірден-бір жолы болып табылады. Облыс аумағындағы түзету мекемелеріндегі жылыжайлар сотталғандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беруде.
Қазіргі уақытта департаменттің қарамағындағы түзету мекемелерінің аумағында үш жылыжай бар. Оларда жыл бойы қызанақ, қияр, жуа, аскөк, ақжелкен, саңырауқұлақ және болгар бұрышы өсіріледі. Жеке кәсіпкер Елена Шмагнова екі жыл бұрын ЕС-164/6” мекемесіндегі жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрайтын ескі ғимаратты қалпына келтіріп, жылыжай құрған болатын. Бүгіндері бұл жерде, негізінен, қызанақ пен қияр өсіріледі.
– Біз былтыр 200 килограмм қияр мен 100 килограмм қызанақ жинап алдық. Ал биыл өнімнің көлемін екі есе көбейтуді жоспарлаудамыз. Себебі, коронавирусқа байланысты енгізілген карантин жағдайында жемістер мен көкөністерге деген сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы саңырауқұлақ отырғыза бастадық. Білмегенімізді арнайы әдебиеттен үйреніп жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар ЕС-164/3” мекемесiнде 15 жылдан бері жуа өсіретін жылыжай жұмыс істейді. Үш сотталушының көмегімен өсірілген өнім жергілікті дүкендер арқылы сатылымға шығарылады. Сондай-ақ, ол мекеменің асханасына жеткізіліп, тағамдарға қосылады. Жеке кәсіпкер жазда жылыжайда аскөк, шалғам және ақжелкен өсіруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта шампиньон егу бойынша жұмыстар қолға алынуда.
Бүгіндері өңірдегі бес түзеу мекемесінде 780 сотталған жазасын өтеуде. Департамент басшылары жергілікті кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мәселен, Еңбек-Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 152 адам еңбек етеді. Олар жиһаз, пластикалық терезелер, тротуар плиткаларын, темір бұйымдарын жасаумен, тігін цехында төсек-орын, мектеп формаларын, арнайы киім, аяқ киім тігумен және наубайханада нан пісіріп, макарон өнімдерін жасаумен айналысады. Бұдан бөлек 7 жеке кәсіпкерлік пен 4 серіктестікте 128 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылып отыр.
Сотталғандарды белгілі бір кәсіпке бейімдеп, жұмыспен қамтудың маңызы зор. Олар еңбек ету арқылы сот тағайындаған қарызын өтейді әрі жаңа мамандықты меңгеру арқылы бостандыққа шыққасын жұмыссыз қалмайды. Әрі темір тордың ар жағындағы азаматтар жеке басына қажетті заттарды сатып алу, сондай-ақ, туған-туысқандары мен жақындарына қаржылай көмектесу мүмкіндігіне ие болады. Ал іскер азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мекемелердің аумағында цех ашқан кәсіпкерлерге бос тұрған ғимараттар тегін берілетінін, коммуналдық төлемдерді департамент өтейтінін атап өткен жөн.
Мәдина ЕРҒАЛИЕВА,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы.