“Азамат асылып қалыпты!”. Осы бір жайсыз хабар әркімге әртүрлі әсер етті. Оны танымайтындар: “Қазіргі жастарға не болған?! Не жетпей жатыр, жап-жас келіншегі мен үш бірдей сәбиін еңіретіп кететіндей не көрінді екен?” – деп марқұмды сөккендей болса, бұл отбасындағы қайғылы жайдан хабары барлар: “Обал болған екен, қайтсін, намысы бар жігіт еді, итқорлыққа шыдай алмаған ғой”, – деп аяушылық білдіріп жатты.
Азамат кім еді? Ол өзіне-өзі неге қол көтерді? Ата-анасының айтуы бойынша бәрі облыс орталығына сапардан басталған.
Үстіміздегі жылдың 19 наурыз күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылының Мәдениет үйінде директор болып істейтін Азамат Божатов жанында қызметтес жақын жолдасы Арман Көпжасаров бар, жұмыс бабымен Наурыз шараларын ұйымдастыруға қатысу мақсатында облыс орталығына келеді. Киіз үй құрып, басқа да жұмыстарын бірыңғайлаған екі қызметтес демалмақ оймен қас қарая “Стаут” барына соғады. Олар әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өткенін аңғармай да қалады. Түнгі сағат екілер кезінде Арман такси ұстамақ болып тысқа шығып кетеді. Соңынан ілескен Азаматты киініп жатқан кезде манадан тиісерге қара таппай, ұрыншақтанып жүрген Руслан Тілеумбетов иығымен қағып өтеді.
Азаматтың “байқасаңшы” деп ескерту жасауы мұң екен – әлгі жігіт қасында Бекжан Серіктай деген жігіт бар, “ерлерше сөйлесеміз” деп, сыртқа сүйрей жөнеледі. Содан кейін әй-шай жоқ Азаматты төмпештей бастайды. Басына тиген қатты соққы шыдатсын ба, бір кезде Азамат есеңгіреп кетіп, асфальтқа құлап түседі. Бекжан Серіктай осы сәтте келіп жеткен Арманды да ұрып жығады.
Көздері шатынап, қызылөңештенген екі сотқар Арманды былай қойып, әлгі жерде тұруға шамасы келмей жатқан Азаматты бас-көз демей тепкінің астына алады. Русланның жан азабын тартып жатқан Азаматты тепкінің астына алғаны аздай, мүлдем мүгедек қылып тастағысы келді ме екен – басына тұрып алып, бірнеше қайтара секіреді.
Дәмхананың алдында осындай жантүршігерлік қылмыс жасалып жатқанда әлгі жерде басқа кісілер болмаған ба дейтіндер де табылар. Болған, бір емес, бірнешеу. Олар төбелестен жапа шегіп жатқандарға ара түсіп, арашалаудың орнына безбүйректік танытып, оны сырттай тамашалап тұрған. Полицияға телефон шалатын бір адам табылмаған. Әлден уақытта дәмхананың екінші қабатынан екі әйелдің: “Доғарыңдар, полиция шақырамыз”, – деген дауыстары естілгеннен кейін ғана, әлгі қаскөйлер түн қараңғылығына сүңгіп, табандарын жалтыратқан.
“Бұл екі басбұзарды біз төбелес кезінде бірден таныдық. Ішкенге тоқ, жегенге мәз болып жүрген олар – “Стаут” барының күзетшілері. Осы “екі дос” біздің “Ностальжи” дәмханасына да жиі келетін. Жұтып алса жұлынып, өздерін зор санап жүретін бұл екеу дәмханаға келген сайын төбелес шығарып, талайларға өкімзорлық көрсетіп, ұрып-соққан”. Тергеу кезінде куәгер ретінде жауап алынған осы дәмхананың иесі Т.Грачева мен даяшы Б.Мұхаметқалиева осылай дейді.
Екі сотқар сот процесі кезінде жаздық-жаңылдық деудің орнына, сорақы істері бұлтартпайтын айғақтармен, дәйекті дәлелдермен, нақтылы фактілермен толықтай дәлелденіп отырғанына қарамастан, жалтарып бақты. Мүмкін олардың осылай еркінсуіне Азаматтың қызметтес жолдасы Арманның алдында айтқандарынан түгелдей айнып, апелляциялық алқаға жазған өтінішінде ішкі істер органына жапа шегуші ретінде өтініш бермегенін, хаттамаға қол қоймағанын, сот алдындағыларға ешқандай талабы жоқ екенін, күдіктілерді танымайтынын, оларды “Стаутта” көрмегенін айтып, аспаннан түскендей болғаны да ықпал еткен шығар-ау?!
Сол 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні, сағат 2-лер шамасында қылмыс жасалған жерге полицияның жедел тобы шақыру бойынша келіп жеткен. Тергеу шараларын жүргізу барысында әлгі жерде куәлер қылмыс жасағандар кімдер екенін түрлерін түстеп, аттарын атап айтып берген. Азамат болса, өлімші күйде облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесіне жеткізілген. Бірақ, қылмыс жасағандар не себепті екенін кім білсін, сол бойда ұсталып, қамауға алынбаған. Бұл шара қалалық ішкі істер басқармасының тергеушілері, полицияның аға лейтенанттары Зарина Шәріпова мен Индира Төлеуовалардың тергеу жұмыстарын жүргізу барысында жүзеге асқан. Р.Тілеумбетов 12 мамыр, Б. Серіктай 15 мамыр күні, араға бір жарым ай салып барып қана қамауға алынған.
Осынау қылмыстық іс 2015 жылдың 14 тамызы күні Петропавл қалалық сотында қаралып, Р.Тілеумбетовті – 8 жылға, Б.Серіктайды 6,5 жылға бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарылды. Бұл жазаны тым қатал деп келіспеген, қолмен жасағандарын мойындарымен көтергілері келмейтін бұл екеу өз құқықтарын пайдаланып, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Бірақ, олардың дегендері іске аспай қалды. Облыстық сот қалалық сот белгілеген жазаны сол күйінде қалдырды.
“Ойнақтаған от басар” дегендей, Руслан Тілеумбетов бұған дейін де ауыр қылмыс жасап үлгерген, бірақ не себепті екенін кім білсін, жеңіл құтылған. Ол біреуге “көмек” жасамақшы болып, оған 60 мың теңге берешегі бар бір адамды саяжайға күштеп алып шығып, аузына скотч жапсырып, аямай ұрып-соққан.
Басына қатты зақым келген Азамат облыстық ауруханада жатып, емделгенімен, айығып кете алмаған. Құрбы-құрдастарымен ойнап-күліп жерген соқталдай жігіттің аяқасты солып сала беруі алдымен ата-анасына, жан жарына ауыр соққаны сөзсіз. Олар шипасы тиер-ау деген оймен Азаматты Ресейдің мықты деген дәрігерлеріне бірнеше рет апарған. Бірақ сырқаттың беті бері қарай қоймайды.
Денсаулығынан, ұйқы-күлкіден айрылып, күйзелісті күй кешкен Азамат кей сәттері өзін қоярға жер таппай керемет қиналған. Тән жарасына жан жарасы қосылып мазаласа, мұның өзі адамды түңілдірмей қояр ма?!
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.