«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЯҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

 

Өңірге жұмыс сапарымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров келді. Ол “Солтүстік соясы” қанатқақты жобасының іске асырылу барысымен танысты. 

“Солтүстік соясы” жобасы биыл көктемде қолға алынған болатын. Өңір диқандары 20 мың гектарға аталмыш дақыл түрін сіңірген. Гектар берекелілігі 20 центнерден айналуда. Біздің өңір үшін бұл жақсы көрсеткіш.

– Зауыттар, әзірге, толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан ел бойынша соя егілетін алқаптардың аумағын ұлғайту керек. Небары 125 мың гектарға себіледі. Алдағы уақытта осы дақыл түрімен айналысатын тауар өндірушілерді қолдау жағын қарастырамыз. Сояға сұраныс жоғары. Экономикаға тиімді. Басқа мемлекеттерді айтпағанда, Қытайдың өзі жыл сайын 90 миллион тонна соя тұтынады, – деді бірінші вице-министр.
Биыл бұл дақыл алғаш рет егіліп отырғандықтан тұқым Австриядан, Ресейдің Алтай өлкесінен жеткізілген. Шаруашылықтар соя тұқымының тоннасын 160 мың теңгеден сатып алған. Жұмсалған қаражаттың тең жартысы субсидия түрінде қайтарылады.
– Табыс әкелетін дақылдардың егіс алқабын ұлғайту қажет. Соның ішінде сояны ерекше атап өтер едім. Нарықта сұранысқа ие дақылды өткізу қиындық туғызбайды. Сондықтан қорқыныш болмауы тиіс, – деді бірінші вице-министрмен кездесу барысында “Тайынша Астық” ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский.
Биылғы нәтиже ойдағыдай болса, өңір диқандары келесі жылы соя өсіруді мықтап қолға алмақ. Әзірге жиналған өнім сыртқа сатылмайды, тауар өндірушілерге тұқым түрінде өткізілмекші. Министрлік өкілдері келесі жылдан бастап соя егетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Берік ҚАСЕН.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp