«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҒЫМ САТЫЛМАЙ, ҚОРАДА ТҰР

Соғым сою – ежелден қалыптасқан дәстүріміз. Солтүстік өңірдің қытымыр қысында адамға күш-қуат беретін жылқы етінің маңызы зор. Сондай-ақ, біздің өңірде өсірілген жылқының еті дәмді, бойға сіңімді болатыны да белгілі. Жемге әбден бордақыланған соғым әдетте желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басында дастарқанға тағам болып қойылады.

Бүгінде ауыл тұрғындарының жылқы басын көбейтіп, оны табыс көзі етуді қолға ала бастағаны – құптарлық іс. Бірақ биыл көпшілік пұл етуге сайлап семірткен жылқысын сата алмай, қиналып қалды. Қыстың қысқа айы – ақпанның да күндері зымырап өте шықса, одан кейін той-томалаққа, батаға жылқы іздегендер болмаса, соғымның “жыры” таусылары сөзсіз. Күз басталысымен қораға енгізген малды күйіне жеткізу үшін қаншама жем-азық берілді?! Оның үстіне күйленген сайын дегбірсізденген малдың арандап қалмауын ойлаған қожайынның түн ұйқысын төрт бөлгені де сөзсіз.  

Бұл қиындық неден туындап отыр? Жаһандық дағдарыстың ызғары сезіле бастағандығы ма, соғымға жылқы сатып алушылардың қатары азайған. Екінші бір дәйекті айтсақ, Ресей рублінің құнсыздануы қазақстандықтар үшін пайдасы мен зиянын қатар ала келген сыңайлы. Жергілікті делдалдар шекаралас жатқан Омбы, Қорған, Түмен облыстарынан арзан тауар әкеліп, ішкі нарықты біраз қамтамасыз етіп тастады. Солардың арасында мал айдап келіп жүргендер де баршылық. Алыпсатарлар астаналықтарды да өз тауарларымен қызықтырып, соңғы екі айда жақсы сауда жасаған көрінеді. Сырттан әкелініп жатқан тауарлар жергілікті саудагерлердің белгілеген бағасын бұзып тұр. Ресейдің шекарасынан өтіп, тайды – 140 мың теңгеге, байталды – 160 мың теңгеге, құлынды биені 250 мың теңгеге саудалап әкеліп жатқанда жергілікті тұрғындар былтырғы бағаны ұстап қалуға тырысып, малдары сатылмай, қораларында қалды.

Солтүстікқазақстандықтардың жылқы бағасын нарықтың талабына қарай түсіре алмауының жөні бар. Өйткені, жаз бойғы бақташыға төлеген қаржысы, алты ай семіртуге кеткен жемшөбінің шығыны мал арзанға кетсе, ақталмасы анық. Бүгінде кейбіреулер малды одан әрі бордақылап, шығынын ұлғайтпас үшін қарызға сатып алушылар табылса, келісуге дайын. Бірақ соғымның саудасы жүретін уақыт та өз межесіне таяп қалды. Бұл ауыл тұрғындары үшін қиын жайт. Көрші елдегі жағдай біздің тауар өндірушілерге тиімсіз болып тұр.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp