Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісі көшбастаушыларының бірі, Қазақстанның Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Иванович Зенченконы соңғы сапарға шығарып салуға арналған азалы жиын Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылының Мәдениет үйінде өтті.
Геннадий Зенченконы соңғы сапарға шығарып салуға марқұмның туған-туысқандары, әріптестері, қызметтестері, қоғам қайраткерлері, еліміздің әр өңірлерінен өкілдер келді. Қаралы жиынға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Өңір басшысы республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
“Геннадий Иванович өмірінің көп жылын ауыл шаруашылығына арнады және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Оны әрқашан тамаша адами қасиеттер, жоғары кәсіби деңгейлік, мол тәжірибесі мен өз ісіне адалдық ерекшелеп тұратын. Оның ерен еңбегі Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағымен және басқа да мемлекеттік марапаттармен бағаланды. Геннадий Ивановичтің жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде әрдайым сақталатын болады”, – делінген Қазақстан Республикасы Президентінің жеделхатында.
Көңіл айту жеделхаты, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтан, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннен, “Астана ЭКСПО – 2017” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының төрағасы Ахметжан Есімовтен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтен, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтен келіп түсті.
– Бүгінгідей қайғылы күні марқұмның туған-туысқандары мен жақындарының көңілін жұбататын сөздер табу қиын. Осы бір қиын сәтте біз Геннадий Ивановичтің тұлғалық қасиеттерін, оның тәжірибесі мен даналығының орасан зор құндылығын бұрынғыдан да сезіне түсеміз. Диқандар әулетінің өкілі Геннадий Иванович жұмысшы-механизаторлықтан “Новоникольский” кеңшарының директорына және еліміздегі ірі агроқұрылымның негізін қалаушыға дейінгі жолдан өтті. Қазір “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі жоғары тиімді технологиямен жарақтандырылған және әлемдегі ең прогрессивті технологияны қолданатын, Қазақстандағы табысты ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі болып табылады. Бұл істе Геннадий Ивановичтің еңбегі орасан зор екендігі сөзсіз, – деді Геннадий Зенченконың туысқандарына көңіл айтқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне ауыл шаруашылығы вицеминистрі Серік Егізбаев қатысты.
– Оның барлық арман-мүдделері Отанымен, Қазақстанмен тығыз байланысты болды. Ол бірлік пен халықтар достығы, тек еңбек қана тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне жол ашатынына сенді. Оның арманы орындалды. Біз Геннадий Ивановичтің отбасымен бірге қайғырамыз. Бүгіндері өз Отанын қалай сүю керектігі, оның игілігі үшін қалай еңбек ету қажеттігі туралы оның сөздері бізге өсиет болып қалады. Геннадий Ивановичтің ізгілікті істері ешқашан ұмытылмайды, – деді вице-министр.
“Нұр Отан” партиясы атынан Геннадий Ивановичтің туған-туысқандарына партия хатшысы Фархад Қуанғанов көңіл айтты.
– Бүгіндері Геннадий Ивановичтің өмірінің барлық ісі – “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің көшбастаушысы болып табылады. Инновациялар, жоғары технологиялар, еңбекті шебер ұйымдастыру және адамдарға қамқорлық оның компаниясының ерекше белгілері болып саналады, “Зенченко және К” кәсіпорны мұнда келгендердің барлығының таңданысын тудырады. Елінің патриоты, Қазақстанның Еңбек Ері, шын мәніндегі азаматтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады, – деді Фархад Қуанғанов.
Қаралы жиында сонымен қатар еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Қазақстанның Еңбек Ері, “Қарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сайран Буканов, “Якорь-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Очеретенко, Қазақстанның Еңбек Ері, “Родина” агрофирмасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Иван Сауэр сөз сөйледі.
– Ол Президент ұсынған бағыттарды сенімді қолдаушы болды. Ол барлық жолдан өтті, ақжарқын еді, оның маңайына адамдар көп жиналатын, сан қырлы адам еді. Мен он жылға жуық оны “Батько” деп атап келдім, онымен ақылдасушы едім, одан көп нәрсені үйрендім. Геннадий Иванович тамаша отағасы болатын, ол балаларын, немерелерін, шөберелерін ерекше жақсы көретін. Ол жұмыста да, шетелге іссапарға шыққанда да бәрімізді бастап жүретін, балықты ешкім одан көп аулай алмайтын, әнді ешкім одан жақсы айта алмайтын. Ол осындай адам еді, – деді Иван Сауэр.
Геннадий Зенченко 18 желтоқсан күні қайтыс болды. Геннадий Иванович 50 жылдан астам жермен жұмыс істеді, оның ішінде 20 жылға жуық “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігін басқарды. Ол дәнді дақылдардың әр гектарынан 30 центнерден астық жинауға, майлы дақылдардың, картоп пен басқа да көкөністердің шығымдылығын арттыруға қол жеткізді.
Еңбек Ері Геннадий Зенченко екі мәрте “Отан” орденімен, “Алтын барыс” төсбелгісімен, КСРО-ның екі орденімен, Қазақстан Республикасы мен КСРО-ның 12 медалімен марапатталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.