«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті брифинг “Спорт – денсаулық негізі” тақырыбы аясында өрбіді.

Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Руслан Есеналин өңір бойынша 2015 жылы атқарылған шараларды тілге тиек етіп, биылғы жылы жүзеге асатын жоспарлы істерге тоқталып өтті. Сала жетекшісінің айтуы бойынша, бүгінгі таңда облыс бойынша дене шынықтыру және спортпен 162,2 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады. 2014 жылмен салыстырғанда саламатты өмір салтын ұстанатындар қатары – 1, 9 пайызға, яғни 10,3 мың адамға көбейген.

Тұрғындар денсаулығын нығайту мақсатында 2738 спорттық ғимарат жұмыс істейді. 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы спорт ғимараттарының қатары 345 бірлікке көбейген. 2015 жылы 1310 спорттық шара өткізіліп, оған 300 мыңға жақын адам қатысқан.  

Р. Есеналин 2016 жылы жоспарға енгізілген ауқымды шараларға да тоқталды. Биыл облыс бойынша 91 жазық ғимараттың құрылысы жоспарланған. Оның ішінде футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын салу қарастырылған. Осы бағыттағы жұмыс Петропавл қаласымен қатар аудандарда да жүзеге асады деп күтілуде.

Спорт саласындағы жұмыстардың барлығы Елбасының саясатын жүзеге асыру үшін атқарылып жатқандығын тілге тиек еткен Руслан Бақыттыұлы осы бағытта биік белестерді бағындырған жерлестеріміз жайлы да әңгіме қозғады.

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Талай тартысты додада жеңіс туын желбіреткен солтүстікқазақстандықтардың бұл орайдағы табыстары. Мұның барлығы – спорт саласын өмірлерімен ұштастырған жігерлі жандардың тынымсыз еңбегі мен ел мүддесін қорғауға деген ұмтылыстың арқасы. Осындай қайсар жандардың бірі мүгедектер арасында өтетін жарыстар бойынша дүниежүзінің екі дүркін жеңімпазы, суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман “Үміт” спорт клубының жұмысына тоқталды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубында бүгінде 22 топ құрылған. Спорттың 9 түрімен айналысатын жігерлі жандардың жетістіктерін жеткізе отыра, В. Эрман қашанда жеңіс тұғырынан көріну үшін қолдан келгенше еңбек ету басты мақсат екенін қадап айтты.

Кикбоксшы Азамат Нұрпейісовтің ауыр дертке шалдыққаны осыдан біраз уақыт бұрын белгілі болған. Талай додада Қазақстан туын бірнеше мәрте биікке көтерген жігерлі жігіт брифинг барысында спортпен айналысу ол үшін ауыр дертпен күресуде күш беретінін айтты.

Брифинг соңында оған қатысушылар журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp