«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТАДИОН ЕУРОПАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ

Петропавлдың басты спорттық аренасы премьер-лига ойындарын қабылдауға дайын. «Қарасай» стадионы екі жарым жыл жөндеуден кейін қайта ашылды. Спорттық нысанды жаңғыртуға 1,3 млрд. теңге жұмсалды. Мердігер компания құрылыс материалдарын Германия мен Италиядан тапсырыспен жеткізген. Жаңартылған стадион еурокубок матчтарын өткізуге мүмкіндік бермек.

Стадионда енді жасанды алаң, жылыту және автоматты суару жүйесі, жарықтандыру, электронды табло, жайлы трибуналар мен орындықтар бар. Секторлар үстіне жауыннан қорғайтын шатыр орнатылып, командалардың алаңға шығуы үшін орталықтан арнайы жол жасалды. Ойыншылар, төрешілер, қонақ команда мен БАҚ үшін трибуна астындағы бөлмелер стандартқа сай жабдықталды.

– Барлық өзгеріс футболшылар мен жанкүйерлерге барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жақында 15 гектар аумақта футбол академиясын салу жоспарланып отыр. Оның құрамында 5 мың көрерменге арналған жабық манеж болады, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жаңарған стадионда өткен алғашқы матчта жергілікті «Қызылжар» командасы «Ұлытау» клубымен кездесті. Бұл ойынды футболсүйер қауым көп күтті. Қызылжарлықтар жергілікті командаға қызу қолдау көрсетті. Көрерменнің эмоциясы әсер етті ме екен, футболшылар шабуылдарын үдетіп, бұл матчта «Қызылжар» клубы «Ұлытауды» 2:1 есебімен жеңді.

Матч аяқталғаннан кейін, Солтүстік Қазақстан облысы жастар ресурстық орталығының волонтерлері трибуналарда тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтті. Еріктілердің мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

«Бүгінгі акция арқылы біз жастар арасында экологиялық сананы қалыптастыруды көздедік. Стадиондағы тазалық – бұл тек қана сыртқы тәртіп емес, бұл біздің ішкі мәдениетіміздің көрінісі», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp