«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Судың да сұрауы бар

Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарифті көтеру туралы өтінішін қолдады. Алайда, кәсіпорын ұсынған баға екі есеге төмендетілді. Мәселенің мән-жайы департамент басшысы Арман Өтегеновтың өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп, кәріз суларын сыртқа шығару қызметтерін көрсетіп отырған компания соңғы рет тарифті 2013 жылы өсірген болатын. Онда орташа өсім 50 пайызды құрады. Осыдан екі ай бұрын монополиялық субъект алдағы бес жыл бойы қызмет көрсету тарифтерін жеке тұлғалар үшін суды – 64,5 пайызға, кәріз суды – 69,5 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін сәйкесінше 70 және 98 пайызға көтеруге өтініш берген болатын. Департамент сол өтініш бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, сараптама жасай келе, 2021 жылды қоса алғанда, кәсіпорынның тарифті жеке тұлғалар үшін – 38,5 пайызға, заңды тұлғалар үшін 52 пайызға өсіруіне келісті. 2017 жылы жеке тұтынушылардың тарифі – 8 пайызға, заңды тұлғалардыкі 13 пайызға өседі. Мәселен, бүгінгі күні жеке тұлға судың әр текше метріне 76 теңге төлесе, енді 82,5 теңге төлем жасайды. Ал кәріз судың бүгінгі тарифі 66 теңге болса, жаңа жылдан бастап ол 72 теңгеге дейін көтеріледі.

Монополиялық субъект бес жылдың инвестициялық бағдарламасын есептей келе тарифті көтеруге мәжбүр болып отырғанын айтқан. Кәсіпорын қызмет көрсету сапасына елеулі әсер етіп отырған тозған құрал-жабдықтарды алмастыруды қолға алды. Сол үшін банктен 2,2 миллиард теңге несие алыпты. Компания өз өтінішінде инвестициялық бағдарламаға қажетті қаржы 7,5 миллиард теңге деп көрсетсе, бекітілген жаңа тариф бойынша ол 5,8 миллиард теңгені жаңғырту, жаңарту жұмыстарына жұмсауға міндетті. Жоспарлы істер сапалы жүзеге асқан кезде су ысырабы – 12,7 пайызға, құрал-жабдықтардың тозығы 20 пайызға қысқарады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp