Облыстық сотта өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында судьялыққа үміткерлердің кандидатуралары қаралды. Кеңес мүшелері болашақ судьяның іскерлік қабілетін, жеке басының қасиеттерін, соттың беделі мен абыройына нұқсан келтіретін жайттарды ескеріп, шешім шығарады.
Бұл жолы қоғамдық кеңестің мүшелері 8 үміткердің мінездемесімен танысып, әрқайсысымен жеке әңгімелесу өткізді. Судья лауазымына үміткерлерге қатысты қоғамдық пікірді анықтау мақсатында алдын ала олардың тізімі облыстық соттың ресми сайтында, жергілікті газеттерде, теледидарда жарияланып, сот ғимаратының ақпараттық стендінде орналастырылды. Қоғамдық кеңес мүшелері прокуратураның бұрынғы қызметкері Аят Кенженов туралы теріс пікірлерді ескеріп, оның кандидатурасын судьялыққа сай емес деп таныды.
Ашық дауыс беру арқылы судья лауазымына ұсынылған басқа үміткерлер бойынша жалпы құзыретті соттарға ұсынымдар берілді. Облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай жоғары біліммен қатар, адами қасиеттерге ие, абырой-беделіне нұқсан келмеген тұлғалар судьялыққа үміткер бола алатынын айтты.
Динара ТӨЛЕНҒҰТОВА,
облыстық сот кеңсесінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі.