Өңірімізде өзіне-өзі қол салушылардың саны жыл санап көбеймесе, азаяр емес. Статистика жан түршіктіреді. Жыл басталғалы 31 солтүстікқазақстандық өз тағдырына өзі балта шапқан. Арасында жасөспірімдер де бар. Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі мектеп психологтарына арналған облыстық семинарда талқыланды.
Қазақстан өмірімен ерікті түрде қош айтысатын азаматтары көп әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Ал Қазақстанның ішінде бұл көрсеткіш бойынша теріскей көшбасшылардың қатарында.
Халықаралық әйелдер күнінде орын алған жан түршігерлік оқиға әлі күнге дейін ел аузында. Петропавлда 20 жасар студент қыз салынып жатқан үйдің 13-ші қабатынан секіріп кеткен еді. Ал тағы бір 21 жасар бойжеткен Есіл жағасындағы жардан құламақ болды. Абырой болғанда, өтіп бара жатқан қырағы полицей қызды аман алып қалды. Маусымның 2-сі көпқабатты үйдің шатырынан секіріп кетпекші болған 29 жастағы петропавлдық жігіт те құтқарылды. Статистик мамандар өз-өзіне қол жұмсауға көбіне 14 пен 30 жас аралығындағы жандар барады дейді. Әсіресе, психикасы толық қалыптаспаған жасөспірімдер суицидке бейім.
«Мұндай жағдайда балалар ылғи терең ойға шомып жүреді. Олар достарымен, туғандарымен қоштаса бастайды, ренжіткен адамдардан кешірім сұрайды. Кейбірі өз заттарын өзгелерге сыйлайды. Сирек жағдайда бала өмірдің мәнсіздігі жайлы әңгіме қозғай бастайды. Шынында, белгілер сан алуан. Оларды анықтай білу қажет, дұрыс психологиялық сараптама жүргізу керек. Осы мақсатпен біздің бірлестік мамандардың біліктіліктерін арттыруға көмектесіп отыр», деді – “Мир без границ СКО” ҚБ директоры Серікжан Исенов.
Семинарға өңірдің барлық аудандарынан 40-тан астам маман жиналды. Бәрі – мектепте істейтін педагог-психологтар. Суицидологтар олармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Любовь Трошина бұл мәселеге өмірінің ондаған жылын арнаған. Маманның айтуынша, психолог үшін ең бастысы – аутодиструктивтік мінез-құлықтың себебін уақытылы анықтау.
Мамандар өз білімдерін екі күн бойы тереңдетті. Оларға елордадан арнайы шақырылған суицидолог дәріс оқыды. Сондай-ақ ата-аналар қауымымен де кездесу жоспарланған.
mtrk.kz
Сурет http://www.kchetverg.ru сайтынан алынды.