Мейрамханаға келген мейманның даяшыға деген хабарламасын және телефон нөмірін үстел үстіндегі қол сүртетін бір жапырақ қағазға жазып кеткен фильм үзінділерін сіз де көрген шығарсыз. Алайда күнделікті көпшілік қолданып жүрген сулықтардың көбі жазу жазуға жарай бермейді. Дүкенде қолға алсаңыз қураған жапырақтай қырық бөлінетін жұқасы да, матадан тігілгендей қалыңы да бар. Бұлардың қайсысын таңдаған жөн? Дәстүрлі айдарымыздың кезекті санын даярлау барысында осы тақырыпқа бойлап көрдік.
Орта есеппен әр адам өмірінің жарты жылын сауда жасаумен өткізеді екен. Бұл уақыттың басым бөлігі сөреден қажетті затты таңдауға жұмсалады. Қазіргі дүкендер мен супермаркеттердегі тауардың көптігі таңдау жасауды қиындата түскен. Бүгінгі тұтынушы өзіне керегін дұрыс тауып, алатын заты туралы аз-кем ақпарат біліп жүргені дұрыс.
Қазақстандықтардың басым бөлігі табысының біразын азық-түлікке, ал қалған бөлігін киім-кешек пен гигиеналық заттарға жұмсайды. Азық-түлік емес тауарлардың ішіндегі ең көп сатылатыны – құрғақ сулықтар. Бүгінде дастарқанымызды онсыз елестете алмаймыз.
Дүкендерде сулықтардың небір түрі самсап тұр. Жұқасы да, бірнеше қабаты да, түрлі түске боялған, сурет салынғаны да қолжетімді. Бір қуанарлығы, ірі сауда желісіндегі сулықтардың бір бөлігі – отандық өнім. Деректерге сүйенсек, АҚШ-та бір адам жылына 20 килограмм, Жапонияда 12, Батыс Еуропада 11 келі қағаз сулық жұмсайды екен. Ал елімізде бұл көрсеткіш 2-3 келі ғана.
Қазақстанда қағаз майлықтардың жартысынан көбі Алматы қаласында өндіріледі. Ал өзге аймақтарда шағын өндіріс орындары жұмыс істейді. Жаңа қондырғылары бар ірі зауыттарда бірнеше қабатты, сапасы жоғары өнім шығаруға мүмкіндік бар. Ал шағын кәсіпкерлер өңделген қағаздан бір қабатты сулықтар шығарып, қолжетімді бағада нарыққа шығарып келеді.
«Қағаз сулықтарды шаруашылық, косметикалық мақсатта және тамақтану кезінде қолданады. Сулық сатып алғанда, ең алдымен, оның қабатына қарау керек. Бір қабатты қағаздардың құны арзан, кез келген мақсатта қолдана беруге болады. Қабаты көп болған сайын су сіңіру қабілеті де жоғары болады. Сапалы сулық гиппоаллергенді және қауіпсіз болады. Қазір ою-өрнек, түрлі суреттер салынған сулықтар сәнге айналды. Санитарлық талаптарға сай ондағы бояғыштардың бәрі табиғи болуы керек. Сулықтар терімен жанасатындықтан мейілінше сапалы түрін таңдаған дұрыс. Сонымен қатар өнімнің қоғамдық орындарға және үйге арналған түрлері бар», – дейді тамақ өндірісінің технологы Зейнеп Ерік.
Қағаз өңдеу – күрделі технологияны қажет ететін іс. Қағаз шығару үшін, ең алдымен, шикізат табу керек. Бұл ретте көп жағдайда қайталама шикізат пайдаланылады. Сондықтан да сулық шығаратын өндіріс орындарының көбі ірі макулатура өңдейтін кәсіпорындардың маңынан ашылған.
Осыдан үш жыл бұрын ашылған Петропавлдағы «Радуга» серіктестігінің қағаз фабрикасында гигиеналық қағаздың 20-ға жуық түрі шығарылады. Мұнда шикізат өңделіп, арнайы қоспалар қосылып, тазартылып, аппақ қағазға айналады. Әзірге өңірдегі қағаз өндірісімен айналысатын жалғыз ірі кәсіпорын саналады.
Бұл күні дизайнерлер дастарқан жасаудың да жаңа дәстүрін қалыптастырып келеді. Қазір үстелге қойылатын ыдыс-аяқтың да түр-түсіне ерекше мән беріледі. Сол сияқты қағаз сулықтар да сәндік үшін жиі қолданылады.
«Дәмханалар мен асханалардағы сулықтарға көңілім тола бермейді. Үйге жұмсақ майлықтар аламыз. Мереке күндері үстелге сән беретін суреті бар түрлі-түстісін қоямыз. Оның бағасы қымбат болғанымен, мерекелік дастарқанға үйлесе кетеді. Әр әйел өз үстелінің елден ерек, көз тартарлық болғанын қалайды. Сулықтарды тиімді үйлестіре пайдалану арқылы аз ақшаға сәнді дастарқан жасауға болады. Сулықты түрлі тәсілмен бүктеп, небір кескіндер жасайтындар да бар. Алайда қағаздың ең басты қызметі тазалық сақтау екенін ұмытпаған жөн», – дейді тұтынушы Сара Жақсылық.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».