Көктем айларында облысымыздың ормандарында аң, су айдындарында балық аулауды ермек ететін әуесқой адамдарды жиі кездестіруге болады. Ал бұл уақытта күн едәуір жылынғанмен, біраз өзендер мен көлдердің суы әлі суық болады.
Осы орайда су айдынына шығар алдында әрбір аңшы және балықшы жеке бас қауіпсіздігін сақтауы керек. Жүзу құралдары міндетті түрде техникалық жағынан ақаусыз болғаны жөн. Сонымен қатар судан құтқаруға арналған киім және арнайы дөңгелек туралы да ұмытпау керек. Қайықпен жүзу барысында тәртіп ережелерін сақтау қажет. Яғни, қайықтың үстінде тұруға, жүруге, бірден қатты қозғалтуға немесе шайқауға, борт сыртына қарай еңкеюге тыйым салынады. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ересек адамдардың бақылауынсыз жүзу құралдарын пайдалануға болмайды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағы өңір тұрғындарын су айдындарында сақтық шаралары және қағидаларын үнемі есте сақтап, орындауға кеңес береді. Суда орын алған оқыс оқиғаның куәгері болғандар “112” телефон нөміріне хабарласулары қажет.
Евгения ТРЕФИЛОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы.