«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНБЫЗ ДЕУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын қадағалап, су тасқыны қаупі бар аймақтарда қарғын суға қарсы кешенді әзірлік шараларын бақылады. Гидротехникалық нысандардың жайы мен заманауи цифрлық үдерістердің енгізілуіне назар аударды.

Үкімет басшысы алдымен Сергеев су торабына барды, сондай-ақ Петропавл қаласында 1-ші көтергіш сорғы стансасы мен бөгеттің бекінісін қайта қалпына келтіру барысын тексерді. Бұл нысандар елді мекендерді су тасқынынан қорғауда және жергілікті тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Негізгі ведомстволар мен қызметтердің өкілдері су торабын жөндеу бойынша атқарылып жатқан ағымдағы қызмет туралы баяндады. Сергеев су торабы Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі ретінде Солтүстік Қазақстан, ішінара Қостанай және Ақмола облыстарын сумен жабдықтауды, сондай-ақ Ресей Федерациясының Түмен облысына кепілдендірілген өткізуді қамтамасыз ететін бірыңғай су шаруашылығы кешені саналады. Петропавл су торабымен бірге каскадты жүктеме жұмысын атқарады. Өткен жылғы су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі саласында мол көлемдегі су мен мұз кептелісі салдарынан сол жағалаудағы топырақ шайылып кетті. Петропавл су торабында бүліну фактісі тіркелген жоқ.

Былтыр Үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында тасқынға қарсы іс-шараларды жүргізуге 278,5 млн. теңге бөлді. Жағалауларды бекіту үшін бұл нысандарға 1,4 мың текше метрден астам ірі кесек тастар әкелініп, Сергеев су құрылысы бөгетіне жақын төменгі саласында түбін тереңдету жұмысы жүргізілді, 940 текше метр топырақ қоспасы қазып алынды.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазіргі уақытта екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режімде жұмысын жалғастырып жатқанын жеткізді. «Қазгидромет» филиалының басшысы Қымбат Мерғалымова жауын-шашын мөлшері әсіресе, оңтүстік және шығыс аудандарда нормадан көп болатынын айтты. Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан аудандар үшін су тасқыны қаупі сақталады.

Үкімет басшысы өз сөзінде Сергеев су торабы – су тасқыны қаупі бар аймақтағы маңызды стратегиялық нысан екенін, егер судың толу деңгейі 2 метрден асатын болса, орталыққа және өзіне шұғыл түрде хабарлауды тапсырды. Өңірдегі су шаруашылығы объектілерін нығайтуды жалғастыру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, батиметриялық түсірілім жүргізу міндеттелді.

Премьер-министрге жасанды құрылыстар, оның ішінде Сергеев және Петропавл су тораптары бойынша ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту туралы баяндалды. Мәселен, ауыр жүктерге арналған салмақ шектеулері белгіленген, көлік инспекциясының жылжымалы бекеттері жұмыс істейді.

Петропавл қаласында Премьер-министр жаңғырту барысын тексеріп, былтырғы су тасқыны кезінде апатты түрде сөніп қалған 1-ші көтергіш сорғы стансасының жаңа технологиялық жабдықтарымен танысты. Аяқталған шаралардың нәтижесінде құрғақ жерде және су астында жұмыс істей алатын 2 сорғы орнатылды. Сондай-ақ сыртқы әсерлерден және механикалық зақымданудан қорғау үшін электр кабельдері жер астымен жүргізілді. Бұл су басқан жағдайда да электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында Премьер-министр су тасқынына қарсы іс-шаралармен, ықтимал тасқын сулардан қорғауға арналған техника мен материалдардың дайындығымен танысты.

Бүгінгі таңда Есіл өзені арқылы Петропавл қаласын айналып өтетін жол құрылысын жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жобасы әзірленді. Бұл жол Щучинск, Көкшетау, Петропавлды Ресей Федерациясының шекарасымен, оның ішінде облыс орталығындағы Есіл өзені арқылы өтетін екі көпірдің бірімен байланыстыратын орталық-солтүстік көлік дәлізінің бір бөлігі саналады. Су тасқыны кезінде бұл жүйе қорғаныс бөгеті қызметін атқарады. Алайда 2024 жылы су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан бөген арнасынан асып, Ойқала шағын- ауданы су астында қалған болатын. Мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінен өтетін көпір салу арқылы қаланы айналып өтетін жолды жаңғырту жоспарланған. Құны 71 млрд. теңге болатын жоба бірінші кезеңде республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 18 млрд. теңге бөлінді.

Премьер-министрге жасанды интеллект элементтері бар технологиялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы таныстырылды. Бүгінде бұл жүйе Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенді түрде қолданылады. Биылдан бастап өңірдегі су тасқыны жағдайын бақылау үшін, одан әрі өзге де су тасқыны қаупі бар өңірлерге тарату үшін іске қосылады. Сондай-ақ ақпаратты жедел беру үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылатын болады. Оның жағдайды дұрыс бағалауға және қызметтердің әрекеттерін үйлестіруге ықпалы зор болмақ.

Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. «Қазгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес ақпан айында ауа райы жылы болады, жауын-шашын мен температураның өзгеруі күтілуде, соның салдарынан мұз қатуы мүмкін. Наурызда ауа райының жылыну және жауын-шашынның көп болуы су тасқыны қаупін арттырады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, ылғалдылық көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының батыс бөліктерінде және Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының тау бөктеріндегі аудандарында норма шегінен жоғары екені байқалады. Сонымен қатар бірқатар өңірде топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биылдан бастап су тасқыны кезеңіне арналған жалпыланған гидрологиялық болжамға қоса, әр аймақ бойынша егжей-тегжейлі ақпарат пен кеңестер жеке-жеке беріліп жатқанын баяндады. Олар қауіпті аймақтарда орналасқан нақты елді мекендерді көрсете отырып, судың ең жоғары деңгейі мен шығынын, гидрологиялық бекеттердегі ағынның көлемін және су тасқыны басталуының болжамды күндерін көрсетеді. Сондай-ақ метеостансалар деректері негізінде гидрологиялық бақылаумен қамтылмаған аумақтардағы еріген судың күтілетін көлемі туралы ақпарат беріледі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков «Tasqyn» су тасқынын болжаудың жаңа ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді енгізу туралы хабарлады. Өзендердің 128 учаскесіндегі 142 гидробекетте су тасқынын модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері бойынша жедел мәлімет автоматтандырылған және қауіп- қатерді ертерек ескертуге мүмкіндік беретін «GloFAS» жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен біріктірілген.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздегі гидротехникалық құрылыстардың дайындығы туралы баяндады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша бүгінде 74 нысан қалпына келтірілді, 46-сы жөндеу сатысында, 18-інің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Стратегиялық маңызы бар учаскелерді қоса алғанда, 1 мың шақырымнан астам каналдар, 153 шақырымнан астам өзен арналары тазартылып, 205 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Трансшекаралық ынтымақтастық аясында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету және су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың алдын алу үшін іргелес елдермен белсенді өзара іс-қимыл жүргізілуде.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, барлық өңірде тасқынның алдын алу шаралары толық көлемде аяқталған жоқ. Бұл Үкімет аппараты мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен тексерісі барысында анықталды. Бақылауды төтенше жағдайдың алдын алу комитеті жүзеге асырады, ол тиісті шараларды, соның ішінде әкімдердің әкімшілік жауапкершілігін қабылдайды.

Премьер-министр Шардара су қоймасынан су жіберудің артуына және Сырдария өзеніндегі жартылай мұз қатуына байланысты қауіпті ескере отырып, Қызылорда облысында су тасқыны кезеңінің өтуіне қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар Атырау және Қостанай облыстарына да назар аударылды. Аталған мәселелер бойынша өңір әкімдері тыңдалды. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пікір білдірді.

«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp