
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудан әкімдерінің, мүдделі мекемелер мен ұйымдардың басшыларының қатысуымен азаматтық қорғаныс және көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
– Азаматтық қорғаныс және өңірімізді төтенше оқиғалардан қорғау бойынша жыл сайын кешенді жұмыстар жүзеге асырылады. Оның үстіне, биыл көктемгі су тасқынының орташа жылдық көрсеткіші жоғары болады деген болжам жасалып отыр. Осыған орай, 2016 жылдың су тасқынының алдын алып, мүмкін болар шығынның мөлшерін төмендету үшін негізгі іс-шаралар жоспарын бекіттім, – деді өңір басшысы.
Азаматтық қорғаныс жайын сөз еткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Павел Филиппов мекеменің 2015 жылы атқарған жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, былтыр алдыңғы жылмен салыстарғанда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар көп орын алған. Оқиғалар барысында 209 адам зардап шегіп, 81 адам мерт болды. Материалдық шығын 126 миллион теңгеге жеткен. Әсіресе, Жамбыл, Аққайың, Есіл аудандарында жағдай күрделі.
Департамент жылдағыдай су тасқынының алдын алу және оқиға барысында шығынды төмендету үшін кешенді жоспар әзірлеп, жұмыстарын белсенді ұйымдастыруда. Сонымен қатар, департамент басшысы бірқатар ауқымды жұмыстарды атқару үшін қаржы керектігін сөз етті. Мәселен, Тораңғыл көлінің су деңгейін реттейтін су шаруашылығы имараты мен құрал-жабдықтардың жобалық-сметалық құжатын жасау үшін 4 миллион теңге қаржы керек. Облыс орталығының жанындағы Былғары зауыты кенті – жыл сайын тасқын судан үлкен қиындық көретін елді мекендердің бірі. Оның аумағындағы Есіл өзеніне бөгет салу үшін 702 миллион теңге қажет.
Өңірімізде 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында айлық ұйымдастырылып, онда елді мекендердің аумағынан қар үйінділерін шығару, жолдарды және су ағатын құбырларды тазалау, тұрғындарға су тасқыны мен басқа төтенше оқиғалар орын алған кезде қандай іс-қимылдар жасау қажеттігі туралы кеңестер берілмек.
Жиында “Казгидромет” РММ-нің басшысы Қымбат Мерғалымова сөз алып, жиналғандарды алдағы екі айдың ауа райы болжамымен таныстырды. Мекеменің жүргізген зерттеу жұмыстары бойынша биыл топырақтың ылғалдылығы 104-тен 215 миллиметрге немесе 132-371 пайызға жеткен. Қыс басталғаннан бері түскен жауын-шашынның мөлшері әдеттегіден жоғары. Басқа жерлерге қарағанда Есіл ауданы аумағына қар көп жауған. Сол сияқты, Сергеевка, Шарық, Есіл, Сілеті су қоймаларындағы судың мөлшері – ұдайы бақылауда.
Облыс басшысы төтенше оқиғаларға, су тасқынына сақадай сай отыруды тапсырып, бірқатар тапсырмалар берді, оған жауапты адамдарды белгіледі.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.