«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ТАСҚЫНЫ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

Көктем жақындаған сайын тұрғындарда алаңдаушылық басым. Бұл орынды да. Мамандардың есебінше, өңірде 116 елді мекенді су басу қаупі жоғары.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны Мақпал Жағыпарованың үйін былтыр су басты. Су салынғанына үш жыл ғана болған баспананың терезе жақтауына дейін көтеріліп, бар дүние-мүлік жарамсыз болып қалды. Кейін үйді жөнге келтіру үшін шатыры, терезесі мен қабырғасынан басқасының бәрін ауыстыруға тура келген. Бүгінде қабырғаға сызат түсіп, жарыла бастаған.

– Су келе жатыр деген соң 11 сәуірде үйден кетуге мәжбүр болдық. Іргетасын биік етіп салған едік, екі метрге дейін көтеріледі деп ойламадық. Кейін су деңгейі түсісімен салдарын жоюға кірістік. Үй жаңа, әрі газ блогынан салынғандықтан тұруға жарамды деп танылды. Тиесілі қаражатты алдық, әрі туған-туыс, дос-жаран, ауылдастарым, тіпті оқушыларыма дейін көмектесті. Енді осы еңбегіміз еш кете ме деп қауіптеніп отырмыз, – дейді Мақпал Жағыпарова.

Көпті көргендер Есіл өзенінің бұрын бұлайша тасымағанын айтады. Сондықтан тұрғындар ғана емес, арнайы қызметтер де табиғат апатына дайын болмай шықты. Салдарынан өңір бойынша төрт мыңға жуық үйді су басты. Оның жартысы Қызылжар ауданына тиесілі. Мұндағы 22 елді мекен үлкен судың жолында қалды. Қауіпсіз жерге шығарылған 8,6 мың адамның 1,5 мыңы 21 эвакуациялық пунктке орналастырылды.

Бұдан бөлек тек осы ауданда ғана 29 шағын және орта бизнес субъекті, 13 – ауыл шаруашылығы нысаны, 7 – мемлекеттік және әлеуметтік нысан зақымданды. Комиссия 415 үйді апатты деп танып, оның 314-іне Петропавлдан баспана алынды, қалғаны жаңадан салынған «Бірлік» шағынауданына қоныстанды.

– Аудан бойынша 971 үй қалпына келтірілді. 71-ін мехбригадалар жөндесе, қалғанын тұрғындар өздері істеді. 900 үйді жөнге келтіруге тұрғындарға 5 млрд. теңге бөлінді. Барлығы баспанамен қамтылды. Малдары өлгендерге де, кәсіпкерлерге де жәрдемақы толық берілді, – дейді Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлия Салтықова.

Су тасқыны кезінде энергетиктердің өзі 2,5 млрд. теңгеден астам шығынға батты. Асау сумен бірге аққан мұз жолдағы электр тарату желісінің 400-ден астам бағанын құлатты.

«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ қызметкерлері зақымдалған электр желілерінің 264 км сымын, оның ішінде «Қызылжар су» ЖШС бірінші көтергіш сорғы стансасын электрмен қамтамасыз ететін төрт желіні қалпына келтірді. «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұтынушыларды электр қуатымен сапалы және үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету үшін облыста қосымша әуе электр желілері салынды.

– Биылғы қауіпті кезеңде «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына тартылатын бригадалар құрылды. Қызметкерлер бекітілген кестеге сәйкес электр беру желілері мен мұз кесетін құрылғылардың бүтіндігін тексереді. Компания апат бола қалған жағдайда электр тарату желілерін қалпына келтіруге қажет қосалқы материалдармен толық қамтылған, қосымша дизель-генератор қондырғылары сатып алынды, – деді «Севказэнерго» АҚ-ның баспасөз хатшысы Динара Ходжаева.

Табиғи апат кезінде Петропавлды сумен қамтып тұрған кәсіпорынның сорғы стансасын су шайып кетті. «Қызылжар су» ЖШС мамандары бұл жағдай қайталанбауы үшін жаз бойы жұмыс істеп, сорғы стансасын жаңартты. Сондай-ақ стратегиялық нысанды судан қорғау үшін айналасына биіктігі 4 метр болатын бөгет тұрғызылды.

Петропавл мен Қызылжар ауданында да 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды. Алайда бөгеттер жарылып, атқарылған жұмыстың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды.

Жауаптылардың айтуынша, өткен көктемдегі тасқын судың деңгейі ескеріліп, облыс орталығындағы Ущев көшесі бойындағы бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін ұлғайтылған. Жалпы облыс бойынша ұзындығы 130 км болатын 60 қорғаныш үймесі мен бөгет бар. Оның 40-ы су тасқынынан кейін қайта нығайтылды.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, биыл да су тасқыны болады, бірақ әзірге ауқымы қандай болатыны белгісіз. Қазір облыста 19 гидрологиялық бекет бар, мамандар күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Мәселен, 13 қаңтардағы жағдай бойынша Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінің су деңгейі 284 см болды. Бұл былтырғы деңгейден 17 см жоғары. Покровка ауылының маңында 35 см-ге, Петропавл жанында 48 см-ге, ал Долматово елді мекенінің маңында шамамен 1 метрге биік. Сергеев су қоймасы толып, ернеуінен 7 см асып, төгіліп жатыр.

– Бұрын қаңтар айында Сергеев су қоймасы тасып, төгілген емес. Ернеуінен асу соңғы рет 2019 жылдың 12 қарашасында тіркелген еді. Қазір мұнда су деңгейі 807 см-ге жетті. Бұл былтырғы межеден 82 см жоғары. Оған көктемде болған су тасқыны, жауынды-шашынды жаз, жер асты суының көтерілуі себеп. Топырақ құрамында да су қоры жоғары, облыс бойынша 100-216 мм, бұл жылдағы көрсеткіштен 2-2,5 есе жоғары, – дейді Қымбат Мерғалимова.

Мамандардың болжамынша, алдағы 2,5 ай қарлы болмақ. Бұл да жағдайды қиындата түспек. Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңін болжау үшін бірқатар гидрометеорологиялық факторды ескеру қажет. Олар – күзде топырақтың ылғал жинауы, қату тереңдігі, қардағы ылғал қоры, қыстағы жауын-шашын мөлшері және көктемдегі ауа температурасы. Сондықтан алдын ала болжам 2025 жылғы 5 ақпанда беріледі. Кейін 5 наурызға дейін су тасқынына қатысты негізгі болжам ұсынылады. Ал наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын беріледі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде Есілден бөлек Шағалалы, Сілеті және Қамысақты өзендері және олардың салалары – Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық көктемде қауіп төндіреді. Сондай-ақ еріген қар және тасыған көл суы да елді мекендерге кіріп жатады. Биыл осындай 116 ауыл ерекше бақылауға алынған. Оның ішінде өзендерде су деңгейінің көтерілуінен – 40, көлдердің толып, тасуынан –13 және еріген қар суынан – 63 елді мекен зардап шегуі ықтимал.

– Былтырғы су тасқыны жағдайы ескеріліп, биылға дайындық бойынша инженерлік жұмыс жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес су тасқынына қарсы іс- шаралар қолға алынды. Нәтижесінде 57 елді мекенді су басудан қорғауға және қауіпті азайтуға мүмкіндік берді. Облыстың автожолдарында 107 су өткізгіш құбыр мен тюбингтер орнатылды, 10 шақырымнан астам су бұрғыш арықтар мен каналдар тереңдетілді, шағын өзендердің 4 шақырымға жуық арнасы және 214 км нөсер кәрізі тазартылды және жөнделді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы Евгений Журавлев.

Биыл көктемде су тасқынымен күреске, апаттық-құтқару жұмыстарына 1900- ден астам адам тартылып, 1320 техника, 117 жүзу құралы және облыстық төтенше жағдай, полиция департаментінің, Ұлттық ұланның, 6637 әскери бөлімнің және жергілікті атқарушы органдардың 360-тан астам су айдау құралдары қолданылмақ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp