«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сынығын сом алтынның той бастайды

Үміт оты қасиетті де алдамшы, жап-жақын жерден көрінгенімен, ол отты қолына ұстап аялап көрген ешкім жоқ. Ол шақыра береді, “маған жет, маған жетпей тоқтама” деп өтініш айтатын да сияқты.

Ербол ақындық үміттің отын жақыннан, жанынан көріп жүрген жігіттердің қатарына жатады. Ақындықтың әулие құсы Ербол отауының ішінде ұшып жүр. Тек сол құсты мәпелеуге, еркелетуге Ербол інімнің қолы тие бере ме? Мәселе осында.

Өлең – аса тәкаппар, аса менмен сұлу қыз. Өзіне шексіз берілмесең, қолына су құймасаң, сені тастай да, өзіне қаттырақ берілген, өзіне адалдау біреумен қол ұстасып кетіп қалуы да ықтимал.

Сол өлең-ару да Ерболдың өз қасында әзірге. Болашағын ақын жігіттің өзі де шеше алмауы мүмкін. Болашағы тағдыр деген талғампаз әулиенің қолында. Өлең жолында тер төге бер, Ербол, аянба.

Астыңдағы арғымақтың алды желді. Желіне шыда. Өлең атты арғымағыңның алды елді. Еліңе шуақты жүрегіңнің сәлемін жиірек жеткіз. Өлең әлемінде, өлең өлкесінде жиірек кездесуге жазсын, інім.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және Бүкіл түркі дүниесі ақындарының

Физули атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты.

Мұнар күн

І

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Шалғайын шалған шынардың.

Шаршатып бір күн шырғалаң,

Шарт етіп мен де сынармын.

Сынармын мен де шарт етіп,

Найзағай сынды жарқ етіп.

Ниеті қара көк төбет

Қарғадай қалар қарқ етіп.

Беттен бір алып бетсіздік,

Тепеңдей берсе тексіздік.

Төзімді тартып кетер-ау,

Теңіздей түпсіз шексіздік.

ІІ

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Тықсырсаң – түйіліп, тұнармын.

Жүрегім жырға айналар

Үніндей тауда ұлардың.

Қинама мені, сынама,

Итерме иен жыраға.

Бейкүнә жанға тас атып,

Батарсың текке күнәға.

Орала берме аяққа,

Жүгіре берме таяққа.

Ойлама оңай аларға,

Жүргенге тыныш, саяқтау.

ІІІ

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Мұнарсыз күнге құмармын.

Бұқтыра берген биікке

Жарқ етіп бір күн шығармын.

Білемін бәрін, білемін,

Аспан тұр әлі түнеріп.

Қалай да қалай десек те,

Қалмаған мәңгі күн өліп.

Кім қалай, мейлі, десе де,

Жібермеу керек есе де.

Жалғанның жина жарығын,

Жанымды менің төсе де.

Қайран тағдыр

Қаталаған іздеп кәусар бұлағын

Құла дүздің қарақұйрық кұланы,

Қара орманнан қара үзіп шықтың да,

Қара шыңның қиясында құладың.

Қара табыт – енді сенің тұрағың.

Сары атандай саржелісті сар бала,

Жоқсың енді жағада да, жарда да.

Сен аттанып кете бардың асығыс,

Қайырылмай көп досыңа, жарға да.

Тентек ұлды тәркеткен арман-ай!

Аппақ әлем, ақ шуақты аңсарың,

Болдың ортақ қызығына қаншаның.

Көңілі – көр, жүрегі жоқ жандарға

Жан сырыңды жеткізе алмай шаршадың.

Қайран жүрек көтерді екен қанша мұң!

Жоқтап жатыр жеткізбеген жағалау,

Бұйырмаған бақ-орманын аралау.

Жоқтап жатыр дала-дағы, тау-дағы,

Өнердікі шыққан дауыс даралау

Қаза-хақ қой, қыршын ғұмыр обал-ау…

Сағым тірлік ұстатпайтын, тұрмайтын,

Жақсылығын, жамандығын бұлдайтын

Қалды кейін, кеттің шырқап биікке,

Дүниеге рух боп қол бұлғайтын.

Қанша зарлап іздегенмен – бұл да айқын.

Айқын, айқын, анық бәрі… бірақ та

Соның бірі жетер емес құлаққа.

Көңіл шіркін қайдан қисын ажалға,

Қайта қонар тәрізді ол кұр атқа…

Қайран тағдыр жете алмаған мұратқа!

Қаталаған іздеп кәусар бұлағын

Құла дүздің қарақұйрық құланы,

Қара орманнан қара үзіп шықтың да,

Қара шыңның қиясында құладың.

Қара жерде енді мәңгі тұрағың.

Жанқайрақ

Я – лишь рисунок, сделанный пером в лоскуте пергамента:

я брошен в огонь и корчусь…

У.Шекспир.

Өшкен от, көшкен селдің табанында,

Бауырыңды басып мына, ана қырға.

Естіртпей өксігіңді дөңбекши бер,

Бұралып бит өлгенше талағыңда.

Өкпелеп кінәлама сен ешкімді,

Тағдырың талайлармен теңестірді.

Жақынын жартасқа жар білесің ғой,

Сай-сала, жетелейді белес-қырды.

Іңкәрсің жарық дүние, биік күнге,

Іздейсің құралайын киіктің де.

Лайық мәрттікке де мінез керек,

Өтерсің өр басыңды иіп кімге?

Жасыма

Жалыныңа су себелеп,

Көшеді сай-салаға қуса ебелек.

Сынығын сом алтынның тот баспайды,

Танытып тағы шырқа тусаң ерек.

Темір есік

Кілті көп есік көрдім темір шекпен,

Ызғары кетер өтіп шеміршектен.

Шынжыр бау,

Шыны көзі тағы да бар,

Барады болып қымбат өмір неткен.

Аз десең арс-арс еткен иті де бар,

Кеудесі алпамсадай, күйті де нар.

Бұл үйге түспек болған ұрыны да

Үрейдің оты қарып үйтіп алар.

Үй емес, жау алмайтын қамал мынау,

(Табады-ау адам, шіркін, амалды да-ау)

Құсты емес,

Кісіні ұстар темір торда,

Ғадетің қайдан келген жаман мынау.

Дерт

Бұру шықса – ру шығады.

М.Қашқари.

 

Дворяне – все родня друг другу.

А.Блок.

Біреулердің таласы

Баяғы “ру”, “жүз” дейді.

Әр ауылдың баласы

Өз ағасын іздейді.

Тасып жүрген

Дәмдінің

Қалқып ішіп қаймағын,

Маңайында әлдінің

Түгел ауыл-аймағы.

Қалмай, қимай еретін

Жоқ па дерттің дауасы.

Қанша улай береді

Қазағымның ауасын.

Болар шегі әрненің,

Айналмасын барып тым:

Білместігі пенденің

Қасіретіне халықтың.

Қалай бөліп, қуса да,

Бөлінбейді бұл қазақ.

Қай тұстықта туса да,

Бар қазағым – бір қазақ.

Апа

Көп болды кеткеніңе ауылға, апа,

Күтіп ем күз келер деп жауындата.

Хабарсыз жатсың әлі… қаңтар туды,

Қысқы жол қозғалуға ауыр ма, апа.

Баса алмай жүр ме екенсің мауқыңды әлі,

Түсіңе енбейді ме тау шыңдары,

Жүрегің сезбеді ме

Күн санаумен

тағаты немереңнің таусылғанын.

Мен оны жұбатайын енді қайтіп,

Сен үшін ертегіңді бердім айтып.

Көңілің сескене ме

Қайран елге

Бір кетсең оралмастай енді қайтып.

Білемін – жаның сенің сол далада,

Парыздай шақырғанмен жол қалаға.

Кезінде ойламадық дегенді де,

Анама осы тірлік қол бола ма.

Ұмтылдық құлаш сермеп қияндарға,

Көтерді қанат бітіп қиялдарға.

Балаңа бар жақсыны тілегенмен,

Жүрсің-ау сол әлемге сыя алмай-да!..

Аттила

І

Еділ бабаны төл тарихымызға енгізіп, әдебиетте шынайы бейнесін жасап, туған халқымен қайтадан табыстыруымыз керек. Еділ де – Қорқыт ата сынды бөліп-жарылмас ортақ қазынамыз.

Ш.Айтматов.

Елдік пен ерлік ұраны,

Әмірін әлем тыңдаған.

Даланың қайсар қыраны,

Аттила – сенің ғұн бабаң.

Алтынжал тұлпар астында,

Туында айқыш таңбасы.

Дұшпанын талай састырған,

Аттила – сенің қандасың.

Қанында кегі қайнаған,

Қолбасшы одан озбаған.

Құлағында аттың ойнаған,

Аттила – сенің өз бабаң.

Сағыныш жүрек жандырған,

Асырған талай таңға таң.

Шөлін тек қымыз қандырған,

Аттила – сенің арғы атаң.

Оянып зерде серпіліп,

Оралып бәрі жатыр ғой.

Римді алған ер түрік,

Аттила – Еділ батыр ғой.

Керегін таңдап ал сүзіп,

Келді ғой кезің танитын.

Алыстан жазған дәм-тұзын,

Аттила – сенің тарихың.

Өмір

Ойхой, шіркін, өмірдің дөңгелегі,

Қырдан ойға құлдилап ол келеді.

Ашық-шашық тірліктің бас-аяғы,

Қашан ғана қымталып, жөнделеді.

Кім біледі көп-азын бұл ғұмырдың,

Жандың бір күн, дәл солай сөндің бір күн.

Қанша жебеп-желеумен жүрер дейсің,

Қызығы мен қызуы гүлдің, нұрдың.

Керегі не басқаша аңыз құрап,

Өмыр-ғажап, дүние-нағыз жұмақ.

Шарқ ұрғанмен ештеңе таба алмайсың,

Тіршіліктен бір күнгі маңыздырақ.

Кездеседі байлық та, тақ та жолда,

Жел үрлесе тұрмайды мақта қолда.

Тулағанмен тәрк етіп кете алмайсың,

Пешенеңе жазылар бақ та, сор да.

Шыда соның бәріне, қандайына,

Оралғаны болар деп шалғайыңа.

Қиындығың, қырсығың түк те емес,

Жарқыраған жол түссе маңдайыңа!,

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp