Біз – облыс орталығындағы №2 қазақ мектеп-интернатының 1970 жылғы түлектеріміз. Жалпы санымыз жетпіс болатын. Қазір солардың жартысына жуығы жоқ. Сыныптас достар өзімізбен бірге оқыған, менімен парталас болған, Қызылжар өңірінің тұңғыш режиссері, актер, журналист, қайталанбас “АЛЖИР” деректі, “Жансебіл” көркем фильмдерін дүниеге әкелген, арамыздан ерте кеткен Аяған Шәжімбаевты әрқашан мақтан етеміз.
Ұмытпасам, 1992 жылы Аяғанның өзі жаңа туындысын туған жеріне әкеліп, “Ударник”, “Қазақстан” кинотеатрларында тұсауын кескенде де, бірнеше жыл білім алған бұрынғы оқу ордасының, қазіргі Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебі ғимаратының қабырғасына сыныптас досымыздың ескерткіш тақтасы орнатылғанда да, аяулы жанның мерейтойларына байланысты шаралар өткізілгенде де, Есіл ауданының орталығындағы қазақ мектеп-интернатына оның есімі берілген кезде де облыс аумағында тұратындарымыз жиналып, сол бір қимас кездерді сағына еске алғанбыз. Мектеп өмірінің қызығы мен шыжығын бірге көрген достардың ішінен Тимирязев қазақ мектеп-интернатында еңбек ететін білім беру саласының үздігі Зият Ескендіровпен, Бескөлде түтін түтетіп жатқан Жолбосын Уәлиевпен, петропавлдық Ерғали Сауытбековпен мүмкіндігіне қарай жиі кездесіп тұрамыз. Бізді бір-бірімізге жақындастырған, бауырмал еткен сол кездегі облыс орталығындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатының тәлім-тәрбиесі деп білеміз. Қанша жыл өтсе де, әйтеуір, сыныптас достармен кездесуге, қазақы сөзбен айтқанда, “бір жасап қалуға” асығып тұрамыз. Сондай достарымыздың бірі – Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы, бұл күндері көрші Бексейіт ауылының тұрғыны болып кеткен Сайлаубек Есмұқанов. Ол 1978 жылы облыс орталығындағы педагогикалық институттың тарих факультетін аяқтағаннан бері сол елді мекенде ұстаздық етіп келеді.
Бексейіт – Мамлют ауданындағы ең іргелі ауылдардың бірі. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бір бөлімшесі болғандықтан, жыл сайын қанатын кеңге жайып, тұрғын үйлерінің саны өсіп келе жатқандығын сонда барған сайын көріп жүрміз. Ауыл іргесіндегі көл де балығының молдығымен келген адамдарды баурап алады. Жергілікті тұрғындар да еңбекқорлығымен, адамдарды ісімен бағалай білетіндігімен ерекшеленеді. Сайлаубек Көлденұлының осы ауылға сіңіп кетуі де сол қасиеттерге байланысты болса керек деп есептеймін. Сыныптас досымыздың өзі де парасаттылығымен, адалдығымен, Абай атамыз айтқандай, “ұстаздық етуден жалықпайтындығымен” алқа қотанға сыйлы болып жүргендігіне сол жаққа барған сайын көзіміз жете түседі.
Сайлаубек досымыз Құдай қосқан қосағы – Майрамен отасқалы да 35 жылдың жүзі болыпты. Оны шәкірттеріне ғана емес, шаңырағындағы үш баласына да саналы тәрбие бере білген, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған ұлағатты ұстаз, абзал азамат ретінде бағалаймыз. Қызы Меңдігүл тұрмыста. Елдары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін тамамдап, жары Сәулемен бірге Мамлютка қаласындағы қазақ мектеп-интернатында әкесі сияқты ұстаздық етіп жүр. Кенжесі Смағұл 2014 жылы Петропавл Әскери институтын жақсы аяқтаған болатын. Қазір Тараз қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарады.
– Бексейіт ауылының бір ерекшелігі – жергілікті тұрғындар, әсіресе, жастар негізгі жұмыстарымен қатар қосалқы шаруашылықпен айналысады. Түйеден басқа түліктерді өсіру ауылда міндет сияқты болып саналады. Осы елді мекенге келгеннен бері сол көштен қалмауды өзіме міндет етіп қойғандаймын. Ұл-қызымды жеке отау қылып шығарғанда сол малдардың көмегі көп болды. Жергілікті серіктестік те жемшөппен көмектесіп тұрады. Қатардан қалмай жүргеніміз де сондықтан. Тараз жақтағы Смағұл да екеу болам деген ниетін байқатып жатыр. Оған кім қарсы болады. Таяуда Майраны жағдайды біліп келу үшін Жамбыл облысына жіберіп алғалы отырмын, – деген еді соңғы бір кездескенімізде Сайлаубек.
Бүгінгі күні екі немере сүйіп, ата-әже атанып отырған, ынтымағы жарасқан мерейлі отбасының тірлігі осындай. Асқаралы алпыстың бел ортасына келетін Сайлаубек досымыз мектеп басшыларының тілегіне орай ұстаздық қызметімен әлі де айналысып келеді.
Сәли БАЙМОЛДИН,
облыстық өртке қарсы қызмет басқармасының маманы.