Ғалымдар мен ойшылдар сүтті “денсаулықтың қайнар көзі”, “өмір шырыны”, “ақ қан” деп аса жоғары бағалаған. Сүт азықтық құнары жағынан кез келген тағамды алмастыра алады, ал өзге бір тағам сүттің орнын баса алмақ емес.
Аңыздарға жүгінсек, ежелгі гректердің Абдерах қаласында тұратын атақты дәрігер бір бақуатты адамның баласын емдегенде ешбір емдік шөптің де, дәрі-дәрмектің де пайдасы тимеген. Сонда біз білетін аңыз адам Гиппократ науқасқа бір апта бойы күндіз және кешке есек сүтін, ал бір аптадан кейін сиыр сүтін іш деп кеңес береді. Нәтижесінде әлгі науқас ауруынан біртіндеп айыға бастаған екен.
Гиппократ өз еңбектерінде сүтпен емдеудің жолдарын, сүттің шипалы болған кездерін тізіп көрсеткен. Сондай-ақ, әртүрлі мал сүтінің емдік қасиеттерінің бірдей болмайтындығын анықтаған. Оның пікірінше, ешкі мен бие сүті көкірек ауруын жазса, сиыр сүті құяң мен қан аздығына шипа болады. Гиппократ жүйкесі тозып, ашуланшақ болған адамдардың да сүт ішкені өте дұрыс екендігін айтқан.
Әбу-Әли ибн Синаның “Дәрігерлік ғылым қағидасында” да сүттің емдік қасиеті жөнінде сөз болған. Ол сүт пен сүт өнімдерінің кәрі-жасқа бірдей пайдалылығын айта келіп, жасы ұлғайған адамдар үшін таптырмайтын ас деп түйген. Ғалым, әсіресе, ешкі мен есек сүті өте пайдалы екендігін баса айтып, олардың сүтіне тұз бен бал қосып ішкен дұрыс деп шешкен.
(Ғаламтордан алынды).