«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИЛЕР САУЛЫҒЫ — БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Әрбір баланың толыққанды дамып, білім алуға құқығы бар. Мамандардың уақтылы және кәсіби көмегі денсаулығында кінәраты бар балалардың өмірін жақсы жаққа өзгертіп, жарқын болашағының кепілі бола алады. Оларды ортаға бейімдеп, мектеп қабырғасында білім алуға дағдылауды басты міндеті еткендердің бірі – Петропавл қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ұжымы.

Педагог-психолог, дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, сурдопедагог. Бұл – аталмыш мекемедегі сөйлеу, көру, есту және ойлау қабілеттерінде, тірек-қимыл аппаратында ауытқуы бар балаларға күнбе-күн көмек көрсетіп, психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту қызметін көрсетіп жүрген мамандар. Олардың әрқайсысы күніне 4-5 баламен жұмыс жүргізіп, адамдармен байланыс жасауға, дене қозғалыстарын ширатуға, тіпті, белгілі бір затқа назар аударуға үйретеді. Оңалту курсы үш айға дейін созылады, кей балалар одан үш-төрт рет өтуі тиіс.

Өткен жылы кабинет мамандары 182 балаға көмек көрсеткен. Жартысына жуығының жағдайы жақсарып, түзету циклінің пайдасы тиген. 87 баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейге жетсе, 12 балаға мүлдем ем қонбаған. Алайда, кабинет мамандары нәтижеге қол жеткізбегенше, баламен жұмысын жалғастыра береді.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Валентина Гирцтің айтуынша, қазіргі уақытта қабылдап жатқан балғындар арасында психологиялық, тілдік дамуында ауытқулары бар, аутизмге шалдыққан балалар көп екен. Әдетте мұндай балалардың бойында бірнеше ауытқулар болады. Кейбіреуін өзіңе қаратудан бұрын, бір орында ұстап отыру да қиын. Сондықтан мұндағы мамандардың жұмысы үлкен төзімділікті қажет етеді.

– Біздің кабинет ерте жастағы және психологиялық, дене ерекшеліктеріне қарай арнайы түзету білім беру мекемелеріне бара алмайтын балаларға арналған. Мұндай балғындар бізге облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің жолдамасымен келеді. Ата-аналар курсқа жазылу үшін бұрынғыдай жарты жыл бұрын кезекке тұрмайды. Өйткені, өңірімізде ерекше бала және оның отбасының кәсіби түзету көмегіне ие болу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары қаламызда бірнеше түзету орталығы ашылды. Балабақшалар мен мектептер психолог, дефектолог мамандармен қамтамасыз етілуге тиіс болды. Бір сөзбен айтқанда, инклюзивті білім беру саласы жақсы жолға қойылып келеді. Бұл өз кезегінде бізге ауыр деңгейдегі ауытқуы бар балалармен көбірек жұмыс істеуімізге мүмкіндік беріп отыр, – дейді психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Валентина Гирц.

Орталықтағы мамандардың кабинеттері заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған. Балалармен жеке айналысу үшін де, топтық жұмыс жүргізу үшін де қолайлы жағдайлар жасалыпты. Мысалы, жұмсақ кабинетте, денеге батпайтын материалдардан жасалған ойыншықтар, төсеніштер мен жиһаздар жеткілікті. Мұнда кез келген бала демалып, жақсы сезімге бөленеді, моторикасы мен қозғалыс белсенділігін дамытады.

– Дамуында ерекшелігі бар балалардың еміне неғұрлым ерте кіріссек, соғұрлым нәтижелі болады. Мәселен, аутизм белгілерін әдетте бала сөйлей бастайтын бір жастан бастап анықтауға болады. Бала бірде-бір сөз айтпаса, дыбыстарға мән бермесе, бұл – дабыл қағарлық жағдай. Алайда, көпшілік баласының тілі кешігіп шығар деп үміттеніп, уақытты өткізіп алады, – дейді түзету кабинетінің меңгерушісі.

Ата-аналардың балаларына қойылған ауыр диагнозды мойындамауы да мамандар жұмысына кедергі келтіреді екен. Сондықтан олар ата-аналарды шындық бетіне тура қарап, қиындықпен бірлесіп күресуге шақырады. Осы мақсатпен мекеме білім алудағы қажеттіліктері ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету үшін тренингтер, консультациялар ұйымдастырып тұрады.

Бүгінгі таңда өңірімізде ерекше білім беруді қажет ететін төрт мыңнан астам бала бар. Бұл балалардың жартысынан астамы облыс орталығы мен аудандарындағы 15 психологогиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, инклюзивті білім беру жағдайы жасалған мекемелерде оңалту бағдарламаларынан өтуде.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp