«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сәби сау болсын десең…

Өңірімізде осыдан он жыл бұрын даун синдромы бар оннан астам бала дүниеге келсе, қазір осындай дертпен туатын нәрестелердің саны үш есе азайған. Бұл алдын ала диагности­калаудың нәтижесі. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы перинаталдық орталықтың генетик-дәрігері Мәншүк Жетпісбаева қай уақытта генетиктің көмегіне жүгіну қажеттігін, хромосомалық ауытқудан туындайтын дерттер, оның алдын алу жөнінде айтып берді.

– Мәншүк Ерікқызы, жалпы ге­не­тика ғылымы туралы айтып бе­ресіз бе? Сіз бұл ғылымның қай са­ласымен айналысасыз?

– Генетика – үлкен сала. Дәрігер-генетик медициналық генетикамен айналысады. Бұл жалпы генетика­ның маңызды тармағы. Ол тұқымқуа­лаушылық факторлардың адам па­то­логиясына әсерін зерттейді. Яғни біз осындай ақауларды анықтаумен, дертті диагностикалаумен айналы­самыз. Зертханалық талдаулар жа­саймыз. Отбасының шежіресін, ас­паптық зерттеулерді де негізге алып, бір тұжырымға келеміз. Қатер болған жағдайда оның алдын алу үшін нау­қасқа ем тағайындаймыз.

– Қандай жағдайда маманның көмегіне жүгінген жөн?

– Дәрігер генетик – тұқым қуалай­тын ауруларды диагностикалайтын және емдеуге көмектесетін маман. Жүкті әйелдерде хромосомалық па­тологияның көрсеткіші жоғары бол­ған жағдайда генетик-маманға жүгін­ген жөн. Ол үшін алдымен пренатал­дық диагностика жүргізіледі. Әйелдің жасы, анамнезі туралы ақпарат жи­наймыз. Отбасында қандай да бір хромосомалық ауытқу болған жағ­дайда генетиктің көмегі керек. Бұдан басқа тұқым қуалайтын ауруларға күдік болғанда, кейбір онкологиялық дерттерге шалдыққан жандар генетикке жүгінеді.

– Генетикалық ауытқуларға қандай дерттер жатады?

– Генетикалық ауытқулар өте көп, бірақ жиі кездесетін аурулар ол хромосомалық патологиямен байла­нысты – Даун, Эдвардс, Патау, Тер­нер синдромдары. Осы негізгі төрт ау­руды алдын ала анықтау үшін жүкті әйелдер пренаталдық диагнос­тика­дан өтеді. Ол жерде біз қатер мөл­ше­рін есептейміз, егер жоғары болса, генетиктің қосымша кеңесін алып, әрі қарай диагностикадан өтеді. Дерттің барлығы нақты анық­талған жағдайда біз жүкті әйелге ерте кезеңде жасан­ды түсік жасауды ұсынамыз.

– Егер отбасында туабітті дерті бар бала дүниеге келсе, оның бауырлары да ауру болып туа ма?

– Егер отбасында нәресте пато­логиямен дүниеге келсе, қалған бала­лардың да денсаулығында кінәрат болады деу дұрыс емес. Әйел жүкті­лік кезінде пренаталдық скринингтен өтеді. Ол біріктірілген диагностика деп аталады. 11-12 аптада ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Кейін биохимиялық скрининг жасалады. Хромосомалық ақауларды анықтау үшін науқас анализ тапсырады. Мұның барлығы сәбидің денінің сау болуы үшін жасалатын қадамдар.

– Жүктілікті жоспарлау бары­сында генетиктің көмегіне алдын ала жүгінуге бола ма? Кімдер міндетті түрде маманға қаралуы керек?

– Жүктілікті жоспарлаған уақытта алдын ала генетиктің тексерісінен өт­кен дұрыс. Олардың өз көрсеткіш­тері бар. Отбасында хромосомалық ақау­мен туған бала болса дәрігерге мін­детті түрде көріну қажет. Бұдан басқа шарана дүниеге келмей жатып іште шетінеп кетсе де маманға тексе­рілген жөн.

– Екі жыл бұрын облыстық пе­ринаталдық орталықта генети­ка­лық зертхана ашылды. Ол жерде қандай зерттеулер жүргізілуде?

– “Fish” зертханасындағы заманауи аппарат ұрықтың дамуында патологияның бар-жоғын дәл анық­тау­ға мүмкіндік береді. Ұрықтың хро­мосомалық патологиясын анықтау үшін жүктіліктің 16 мен 18-ші апта­сын­да жатырдан амниотикалық сұйық­тық алынады. Қорытынды ша­ма­мен 3 күн ішінде дайын болады. Бұрындары мұндай тексерістен әйел­дер тек Астана, Алматы және Шымкент қаласында өте алатын. Енді алысқа жол жүрудің қажеті жоқ. Оның үстіне диагностика тегін жа­салады. Біздің мақсат – өмірге дені сау баланың келуіне жағдай жасау.

– Бір жылда қанша адам тексе­руден өтеді? Оның қанша пайы­зында ауытқу болды?

– Бір жылда инвазиялық пренатал­дық диагностикадан шамамен 200-250 адам өтеді. Соның шамамен он пайызында ауытқулар растала­ды. Ең жиі кездесетін хромосомалық ауытқу – даун синдромы. Мұндайда әйелге дерт жайында түсіндіріп айтамыз, баланы туған жағдайда қандай қиындықтарға тап болаты­нын ескертеміз. Өкінішке орай генетикалық ауру бізде емделмейді. Биыл біздің перинаталдық орталық пренаталдық диагностикадан еліміз­де үздік бестікке енді. Оның бір себе­бі – өңірде туа біткен ақаулар ультра­дыбыстық зерттеулердің жақсар­уы­на байланысты 2,5 есеге азайған. Тә­уекел тобына жататындар анықтал­ған жағдайда олармен әрі қарай жұ­мыс жүргізіледі, қосымша диагнос­тикаға жіберіледі. Егер осыдан 10 жыл бұрын облыста даун синдромы бар 12 бала дүниеге келсе, қазір олардың саны 3-5-еуден аспайды.

– Неонаталды скрининг деген не?

– Нәресте дүниеге келгеннен кейін екінші күні біз барлық балаға неонаталды скрининг жүргіземіз. Елі­мізде әзірге бұл тек тұқым қуалайтын екі ауруға, яғни, фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозға жа­салады. Былтыр фенилкетонурия­мен бір бала туды. Туа біткен гипо­териозбен бір бала дүниеге келді. Біз оларды бақылауға аламыз.

Фенилкетонурия – ауыр асқыну­дың алдын алып, тиімді терапиялық емі ойлап табылған алғашқы гене­тикалық ауру. Емі – қатаң диета, сыр­қат вегетариан болуға мәжбүр. Дие­таны мүмкіндігінше ертерек бастап, ана сүтімен емізуден бас тарту ке­рек. Мұндай адамдар фенилала­нин­ді қорыта алмайды. Асқынған жағ­дай­да миға әсер етіп, ақыл-есінен айы­рылады, тіпті өз-өзіне қызмет көр­сете алмайтын жағдайға жетеді.

Ал туа біткен гипотиреоз – нә­рес­теде қалқанша безінің жетіспеу­шілігі. Бұл да бала санасының жетіл­меуіне, психофизикалық дамудың те­желуіне әкеледі. Мұндай балалар эндокри­нологтың бақылауында бо­лады.

– Әкесі мен шешесі екі түрлі этнос өкілі болса, олардан туған бала әдемі, ақылды болады деген түсінік қалыптасқан. Бұл қанша­лықты шындыққа жанасады?

– Генетиканың бұған қатысы жоқ.

– Адамдар толықтығын, бойы­ның қысқалығын немесе белгілі бір дарыны мен бойындағы кем­шілігін генмен, тұқымқуалау­шы­лықпен байланыстырып жатады, осы дұрыс па?

– Ия, бұл генмен байланысты. Бұл жерде геннің мутациясы болуы мүмкін. Оны әлі ешкім зерттеген жоқ. Кей адамдар тіпті өздерінде хромо­сомалық ауытқу бар екенін білмейді. Толықтығын, бойының қысқалығын әкеме, атама тартқанмын деп ойлай­ды. Бұл шерешевского-тернер син­дромының және басқа да аурулар­дың синдромына сәйкес келеді.

– Қазақтар жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген. Ата-ба­баларымыз қан тазалығы жайын­да генетика ғылымы пайда бол­май тұрып-ақ білген ғой. Осы жа­йында сіздің пікіріңіз қандай?

– Ата-бабаларымыз көреген болған, жақын туыстың қызына үй­ленудің салдары жаман болатынын білген. Тәжіктер, өзбектер, әзірбай­жан­дар екі атадан кейін қосыла бе­реді. Олардың балаларының көбі хромосомалық ауытқулармен туа­ды. Бұл ғылымда дәлелденген. Бес баланың үшеуінде патология болуы мүмкін. Ол кейін тексере келе шығып жатады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp