Ел тәуелсіздік алғалы медицина саласының да алға басып, уақыт талабына сай дамып келе жатқаны сөзсіз.
Облыстық перинаталды орталық жаңа ғимаратқа осыдан 25 жыл бұрын, яғни ел тәуелсіздік алған жылы көшіп, өз жұмысын бастаған болатын. Осы ширек ғасырда медициналық орталықта мыңдаған сәби іңгәлап өмір есігін ашты.
Заманға сай барлық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген орталықта мен де өз сәбиімді дүниеге әкеліп, бақытқа бөлендім. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отбасымызға қуаныш сыйлап, өмірге ұл әкелдім. Перзентімді қазақы қалыпқа салып тәрбиелеп, тәуелсіз елдің лайықты азаматы етіп өсіреміз. Білікті, білімді мамандардың көмегімен, жүректі жылытып, көңіліңді сергітер тамаша сөздермен барлығы ойдағыдай өтіп, бөпемді аман-есен бауырыма басып, мейірлене иіскегенде өмірдегі нағыз бақыт осы екенін түсіндім.
Тәуелсіздікпен бірге жасап, өсіп-өркендеп келе жатқан ұжым мүшелеріне айтар алғысым шексіз. Алтын құрсақ аналардың көшіне ілесіп, ел демографиясын көтеруге өзіндік үлес қосқаныма қуаныштымын.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдауға барлық жағдай жасалып отыр. Соның бір көрінісі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауын жариялады. Төрт және одан көп баласы бар аналарға мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Баспана, балабақша мәселесі де оң шешімін табуда. Осындай жанға шуақ сыйлар жағымды жаңалықтардың барлығы – Тәуелсіздіктің тартуы.
Тыныштық бесігінде тербелген егемен еліміздегі әр отбасында орнаған бақыт пен берекенің тамыры тереңге жайылып, әр шаңырақ сәбидің күміс күлкісіне бөлене берсін!
Зарина ЖАРМАҒАМБЕТОВА.
Мағжан Жұмабаев ауданы,
Булаево қаласы.