«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘЙГҮЛІК ТІЗГІНДЕГЕН САҚШЫЛАР

“Темір тұлпар” мінген тәртіп сақшыларын көшеде жиі кездестіреміз. Бірақ нағыз сәйгүлікті тізгіндеген полиция қызметкерлерінің жұмысы жайлы көпшілігіміз біле бермейміз. Көлік өте алмайтын жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қызметтік аттарды пайдаланатын атты жасақтың жұмысымен жақынырақ танысу үшін облыстық ішкі істер департаментінің кавалериялық бөлімшесіне арнайы бардық.

Мекеме 2004 жылы кавалериялық взвод болып құрылған. Алғашында отызға жуық тәртіп сақшысы мен осынша ат болыпты. Алайда, бірнеше қызметкердің бірден жұмыстан кетуі салдарынан қараусыз қалған аттар ипподромдарға таратылып жіберілген екен. Соған қарамастан, бұл қызмет 2011 жылдан бастап бөлімше ретінде өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындап келеді.

Бүгінгі күні кавалериялық бөлімшеде 15 қызметтік тұлпар бар. Ал олардың тілін түсініп, бабын табу – ауылда өскен азаматтардың қолынан келетін іс. Әрі бұл қызметтегілерге қойылатын бас­ты талап – аттың құлағында ойнау. Бөлімше командирі Самат Жүнісовтің айтуынша, тыныштықты сақтауға атсалысатын 15 жігіттің екеуі петропавлдық азаматтар болса, қалғандары облыс аудандарынан келген екен. Жұмысқа алғаш қабылданғанда, тіпті, атқа міне алмаған қалалықтарға әріптестері қолдау көрсетіп, өз білгендерін үйреткен. Қазір олар ат құлағында ойнайды.

Бөлімше Новопавловка, Заречный, Борки кенттері мен Мещан орманындағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Салт ат мінген полиция қызметкерлері кө­бінесе саяжайлар аумағында болатын құқық бұзушылықтардың алдын алады. Жыл басынан бері кавалерия қызметкерлері қоғамдық тәртіп бұзған азаматтардың үстінен 25 әкімшілік хаттама толтырыпты. Олардың дені – рұқсат етілмеген жерде ішімдік ішу, қоқыс тастау сияқты қылмыстар және ұрлық-қарлық. Ал ауыр қылмыстардың орын алмағаны атты жасақтың еңбегінің нәтижесі екендігі сөзсіз.

Бөлімше жұмысына жаз шыға кірісетіні белгілі. Содан басталған жұмыстары күз мезгіліне дейін жалғасады. Ал қыста жігіттер тұлпарларын баптайды. Алайда, бұл уақытта жұмыссыз жатпай, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектеседі. “Иппотерапия” деп аталатын емнің бұл түрі кавалериялық бөлімшеде 2011 жылдан бастап қолға алынған. Алты жыл көлемінде тәртіп сақшылары тірек-қимыл мүшелері бұзылған балаларға шамашарқынша ем-дом көрсетіп келеді. “Атқа отырған адамның барлық дене мүшесі шынығады. Мұндай жаттығу науқасқа өте пайдалы”, – дейді бөлімше командирі. Емнің бұл түрімен кемтар балалар бұрын да айналысатын. Тек оны көбінің қалтасы көтере бермейтін. Интернатта тәрбиленіп жатқан жеткіншектерді енді тәртіп сақшылары тегін емдеуде. Өздері күтіп баптайтын аттардың мінез-құлқын жақсы білетін тәртіп сақшылары балаларға тәлімгер болып, олар үшін ең жуас жылқыларды таңдаған. Тірек-қимыл мүшелері зақымданған балалар атқа ер-тоқымсыз мінеді. Олар атқа мінгенде тепетеңдік сақтауға тырысып, тірек-қимыл мүшелерінің бірқатар бұлшық еттері де іске қосылады. Жаттығу шараларын медицина қызметкерлері бақылап, қозғалыс жылдамдығы мен уақытын есептеп отырады. Сырқат балалар мұнда аптасына үш рет келіп, үш сағат бойы емін-еркін атпен серуендейді.

Балалар үйінің тәрбиеленушілері құр қол келмей, жылқыларға қант пен алма береді екен. Олар, тіпті, бөлімшеге келетін күнді асыға күтіп, таңертеңгі қанттарын жемей, аттарға сақтайтын көрінеді. Бұл оларды жауапкершілікке, мейірімді әрі қамқор болуға үйретері сөзсіз.

– Жылқы малы киелі жануар ғой. Тазалықты жақсы көреді. Қызметке шығарда үсті-басын тазалап, жем-шөбін береміз. Күнделікті бір адам мінгесін, олар да иесіне үйрене бастайды. Адамның ықыласын, ниетін сезеді, – деді бөлімше командирі Самат Жүнісов.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp