– “Елмен көрген ұлы той” демекші, кешегі кәрі-жасты, шиеттей бала-шағаға дейін қынадай қырған ашаршылық жылдарды, одан қалды кейінгі ұжымдастыру науқанын да, ел басына алапат болып тиген, аждаһадай аранын ашқан қантөгіс соғысты, тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі солақай саясатты, бертінгі тоқырау кезеңін, бәр-бәрін ағайын жұртпен бірге көріп, мойнымызға түскен атан жүкті иық тірестіре көтере білдік. Енді, міне, ірілендірілген МТС-тар мен ұжымшар, кең-шарлардың барлығы “жекешелендіру” деген желеумен талан-таражға түсіп, тарап жатқанын, сөйтіп, әркім өз күнін өзі көрмекке жанталасып, акционерлік қоғамдар, түрлі кооперативтер, жекелеген серіктестіктер құрыла бастаған шақты да көзбен көріп отырмыз, – дейтін ертеректе елдегі көнекөз қарттардың бірі, соғыс және еңбек ардагері Шайқы Уәлиев.
Шайқы ағамыз айтқандай, ауылдың өркендеуіне кешегі кеңес өкіметі құрылған заманның өзінде елден шыққан белсенділер Кәкім Жүнісов, Ерден Шәймерденов, Күнтас Рахин, Жанбай Байшағыров, Қажыбай Сыздықов, тағы басқалар білек сыбана кірісіп, тіпті, бертінге дейін әр тарапта бой тасалап жүрген жергілікті байманаптардың тепкісіне ұшыраса да, еменнің иір бұтағындай тегеуріндік танытқандарын сол кездегі елдің абыз ақсақалдары бастарын шайқап, көздеріне жас үйіріліп, жыр етіп, айтып отырушы еді.
Сөйткен Қарағаш ауылының құрылғанына биыл 90 жыл толады. Оның іргетасы сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қаланған екен. Бұл іс алғашқы “қызыл сұңқарлардың” бірі атанған, жер бөлу мәселесімен әдейілеп осы елге келген Сәкен Сейфуллиннің араласуымен жүзеге асқан.
Тіпті, көршілес қоныстанған Тапшыл, Қарғалы, Жаңатілек, Аймақ сияқты шағын ауылдар мен іргедегі Калиновка, Константиновка селолары кешегі ірілендіру кезеңінде тоз-тоз болып кетуге шақ қалғанда қарағаштықтар бұларды өз санатына қосып, ірі кең-шар орталығына айналды. Қазір сол өңірден шыққан азаматтардың көпшілігі осы елде шаңырақ көтеріп, бәрімен бірге туған ағайындай тату-тәтті өмір сүруде.
Бұған дейін бірнеше мәрте атауын өзгертіп, Абай атындағы кеңшар атанған ірі шаруашылық есебінен құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестік бүгінде “Астық СТЕМ” деп аталады. Оның жұмысын әуелден-ақ өз қолына алған осы өңірдің тумасы Сергей Звольский бірден ұршықтай үйіріп әкетті. Әуелгіде кім көрінгеннің жетегінде кетіп, ту талапайға түскелі тұрған автопаркті, мұнай базасының аумағын, астық сақтайтын қоймаларды, ең аяғы екіқабатты кеңсе үйін, басқа да нысандарды сақтап қалды. Мұнда қазір екіқабатты 200 орындық дәмхана, наубайхана, монша жұмыс істейді. Ал осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тумасы, Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиевтің демеушілігімен Жұмжұма имам атындағы мешіт ашылды. Бүгінде оған жиналған қауым бастарын сәждеге тигізіп, намазға жығылып, имандылыққа бет бұруда.
“Жалғыздың үні шықпас” деген мәтелді жадында ұстаған Сергей Звольский кейіннен жоғары білімді агроном Талғат Хамидуллинді, еңбекқорлығымен көзге түскен Елубай Оқасовты, Мұрат Нұрпейісовты бірлесіп жұмыс істеуге тартты. Еңбек етуге қабілетті ауыл адамдарының көпшілігі әр өндіріс учаскесіне бекітілді. Қазіргі күнде шаруашылық 20 мыңдай гектар жерге егін себумен, ірі қара және жылқы, картоп, көкөніс өсірумен айналысады. Сондай-ақ, тұрғылықты халыққа ұн мен жем, көмір, отын, пішен, сабан, тағы басқалары жеңілдетілген бағамен босатылады. Осындағы әр үйге су құбырлары да тартылып, талай жылдан жыр болып келе жатқан Аймақ ауылынан Қарағашқа дейінгі 20 шақырымдық тас жол да қайта тегістеліп, жөнделуде.
Адал еңбегімен жерлестерінің алғысына бөленіп, құрметіне ие болған “Астық СТЕМ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы, “Құрмет” орденінің иегері, аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған Сергей Звольский бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ал оның халық игілігі жолындағы ізгілікті ісін Елубай Оқасов өз үзеңгілес әріптестерімен жалғастырса, қазіргі күнде аталмыш серіктестікті осы ауылдың тумасы Талғат Хамидуллин басқарып отыр.
Қарағаш ауылының тарихы тереңде жатыр. Ел басына қара бұлт болып үйірілген сонау соғыс жылдарында ауылдан 125 адам қолына қару алып қан майданға аттанса, солардың 68-і ұрыс даласында мерт болып, туған елден шалғайда топырақ бұйырған.
Ел ішінде абыз ақсақал атанған Жұмжұма атайдың соғысқа аттанған бес ұлының төртеуі бірдей зұлым жауға қарсы жан беріскен ұрыста мерт болған. Жат жерде туған елден топырақ бұйырмай, көмусіз, еш белгісіз қалған боздақтар қаншама!? Иә, айта берсек соғыстың зардабы, оның әр шаңырақ басына түсірген тауқыметі ұмытылмақ емес.
Осыдан тура 10 жыл бұрын ауылдың тумасы, ақын Жақан Сыздықов атындағы орта мектеп жанында сұрапыл соғыс жылдарында жаумен шайқаста қаза тапқан және елге аман-сау оралып, кейін қайтыс болған ардагер ағаларымыз бен аталарымыздың есімдері қашап жазылған ескерткіш орнатылды. Қазіргі уақытта әр мереке сайын, әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі күндерінде, осы арада салтанатты митингілер өткізіліп, мектеп оқушылары, майдангерлердің туған-туысқандары ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қояды.
Осы ауылдан есімдері елге белгілі қаншама ақын-жазушылар, ауыл шаруашылығы саласының небір майталмандары, қаншама ғалымдар, өндіріс озаттары, тағы басқа көптеген мамандық иелері шықты. Қарағаш ауылынан қазақтың белгілі ақыны Жақан Сыздықов, оның туған інісі, аудармашы-энциклопедист Қажымұрат Сыздықов, жазушы Елжас Бекенов түлеп ұшқан. Сол ағалардың ізін Жақан атаның немересі, ақын, жазушы әрі драматург, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, “Бұқпа” газеті мен “Жер шоқтығы” журналының редакторы Төлеген Қажыбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы, драматург, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тайынша ауданының құрметті азаматы Жабал Ерғалиев жалғастыруда. Техника ғылымдарының докторлары Талғат Жүнісов, Қайролла Байшағыров, тағы басқа да түлектер мақтанышымыз.
Білім алып, ел қатарлы еңбек етуімізге өзіндік үлестерін қосқан ұстаздарымыздың аруақтарына тағзым етеміз. Өзімнің журналистік мамандықты қалап алуыма үлесін қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сұңғат Хамидуллинді ерекше атап өткім келеді. Ұстазымның тікелей бастамасымен ашылған мектептегі мұражай өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, өлкетану жұмыстарын жүргізуде.
Туған елден шалғайда жүрсек те кіндік қанымыз тамған, балалық бал дәуреніміз өткен, өзіміз туып-өскен, бүгінде өсіп-өркендеп, экономикасы жыл санап нығайып келе жатқан ауылымыз есімізден еш кетпейді. “Туған елдің түтіні де тәтті” деген осы екен.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
жазушы, Мәдениет қайраткері.