Қуат Айтжанов – жастайынан жеке кәсіпкерлікпен айналысуды армандаған жастардың бірі. Бүгінде көздегеніне қол жеткізген ол – Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылындағы “Айтжанов” жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі.
Талапты жігіт 2009 жылы Петропавлдағы Бәйкен Әшімов атындағы темір жол көлігі колледжіне оқуға түсті. Ол сол уақытта студенттер арасында ерекше қарқын алып, айрықша қызығушылық туғызған “Work and Travel” мемлекеттік бағдарламасына қатысып, АҚШ-қа жол тартады. Мэриленд штатында жарнама саласы бойынша жұмыс істейді. Оның Америкаға барған сапарынан ұтқаны көп. Кәсіпкерліктің қыр-сырын танытатын шеберлік сыныптарына, тренингтерге қатысты. Өңірімізге оралған соң өзі бизнес-жоспар жасап, идеясын жүзеге асырды. Атап айтқанда, Пресновка ауылында тұтынушыларға полиграфия және дизайн саласы бойынша қызмет көрсететін “Tumar-Art” фирмасын ашады. Төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынға көрші аудан тұрғындары да жүгінеді.
Қуаттың айтуынша, бизнес саласына қадам басқалы бері ол біліктілігін арттырудан жалықпаған. 2012 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында “Той фотографы” конкурсына, бір жылдан соң Қытайда өткен 3D баспа саласындағы тауарлардың халықаралық көрмесіне қатысып, білікті мамандардан кеңес алған. Нәтижесінде “Менің өлкем” облыстық фотобайқауында жүлделі орын иеленді. Ал 2016 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Іскерлік байланыстар” бағыты бойынша Германияның Дрезден қаласында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Жас азамат табысын арттыру үшін осыдан екі жыл бұрын Пресновкада 150 орынға шақталған “Tumar” мейрамханасын ашты. Кәсіпкердің қосымша бизнесінің арқасында тағы да 10 адам екі қолға бір күрек тапты. Жуырда облыс орталығында өткен “QymyzFest” фестивалінде ұлттық тағамдар әзірлеп, көпшілікке ұсынған Қуат Айтжанов пен оның командасы үшінші орынды иеленді.
Жас кәсіпкер ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласады. Ол аудандық мешіттің құрылысына, спорттық шараларға, оқушылардың шығармалар байқауларына қаржылай қолдау білдіргені үшін аудан әкімінің Алғыс хатын алды. Ал 2014 жылы ауданның үздік жас кәсіпкері атанғанын да айтып өткен жөн.
– Кәсібімді дамыту жолында ата-анам мен зайыбым Нұргүлдің қолдауы зор. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен “Damu” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы облыстық филиалының көмегі тиді. Аудандық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен мемлекеттік бағдарлама арқылы екінші деңгейлі банктен 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие рәсімдедім. Бұл қаржыға мейрамхана ғимаратын сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Сөйтіп, тұтынушыларға қолайлы болуы үшін полиграфияны осында ауыстырдым. Жақында аудан орталығында қосымша білім беру орталығын ашуды көздеп отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Соңғы уақытта кәсіпкердің тұтынушыларының саны артуда. Өйткені, жаңашылдыққа ұмтылу, тұтынушының көңілінен шығып, оларға сапасы жоғары өнім ұсыну – Қуат Айтжановтың басты мақсаты. Хакім Абай айтқандай, “талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген” жас кәсіпкердің бағындырар белесі биік, алар асуы бұдан да зор екені анық.
Олжас ӘБІЛМӘЖІНОВ,
Жамбыл аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры.
СУРЕТТЕ: Қ.Айтжанов (сол жақта).