Бір қарағанда бұл жер жұмысы тыныш, тәртібі жұмсақ кеңсе сияқты. Әркім өз шаруасымен айналысып отыр. Алайда осы бір мамыражай шақты кілт үзіп, кенет телефон сыңғырлай жөнелді. Аудандық полиция бөліміне қоңырау шалынды дегеніңіз, арнайы мамандарға жаңа міндет жүктелді деген сөз. Тұтқаны жылдам көтерген қызметкер мәселенің мән-жайын анықтап болғаннан кейін жедел топ бірден оқиға орнына аттанып кетті. Тұрғындар тәртіп сақшыларын ақжолтай жаңалықпен шақырмасы анық. Алайда жедел тергеу тобының сыралғы мамандары қандай жағдай болмасын қиналғанның қасынан табылып, құқық бұзушылықтың мән-жайын анықтап, күдіктілерді ұстауы тиіс.
Тайынша аудандық полиция бөлімінің капитаны, аға тергеуші Жамалдин Сүлейменовтің қиындығы көп осы қызметтің тізгінін ұстағанына 6 жылдан асып барады. Білікті маманмен облыс орталығына келген сапары барысында тілдесудің сәті түсті. Жалпы аудандардағы тергеушілер үшін жұмыс бабымен қалаға жиі келу қалыпты жағдай. Өйткені шалғайда тергеу ісіне ауадай қажет сараптама жасайтын орындар жоқ. Сондықтан да жазуды талдаудан бастап, қаржылық сараптамаларға дейін осында жасалады.
АЛШАҢ БАСҚАН АЛАЯҚТАР
Өткен жылғы деректерге сүйенсек, өңірде адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, тонау, ұрлық, мал ұрлау, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар бес пайызға азайған. Алайда алаяқтыққа қатысты қылмыстар артыпты. Оның ішінде интернет-алаяқтық көрсеткіші күннен-күнге көбейіп барады. Соңғы кездері адаммен бет көріспей-ақ қалтасын қағып алғысы келетіндердің көбейгенін Жамалдин Серікұлы да растап отыр. Бүгінде тергеушінің өзі де Тайынша ауданында орын алған осындай істің мән-жайын анықтап жатыр.
– Қазір мен интернет-алаяқтық бойынша істі тергеп жатырмын. Біз ақшаны алған адамның ізіне түсіп, анықтадық. Қолымызда күдіктінің банкоматтан ақша шешіп жатқан суреттері бар. Алайда онда түрі анық көрінбейді. Ол бір жарым айдың ішінде 30 миллион теңгені шешіп алған. Кейін тиісті мекемелерге сұрау салып, іздестірдік. Күдіктінің шоттан жиі ақша алып тұратынын банк қызметкері де растады. Әлгі адамды қараша айынан бері ұстауға тырысып келдік. Алайда ол үнемі тұрғылықты жерін, нөмірін ауыстырып тұрады. Бүгінде дроппер болып өз банк шоттарын алаяқтарға сататын жастар көбейіп барады. Азаматтық кодекске сай сіздің шотыңызға негізсіз ақша түссе, оны қайтаруыңыз керек. Жуырда полиция департаментінде алаяқтарды құрықтайтын киберқылмыспен күрес басқармасы ашылды, – дейді тергеуші.
Кейіпкеріміздің қасында отырып байқағанымыз, бүгінде қылмыстық істі тергеушілерге бума-бума қағаз толтырып, том- том материал жинаудың аса қажеті жоқ екен. Барлық деректер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, арнайы базада сақталады. Тергеу барысында жиналған материалдар, күдіктілер туралы ақпарат та осында жинақталады.
БІРЛЕСКЕН ІС – НӘТИЖЕЛІ
Жамалдин Сүлейменов – таңмен таласа қызмет орнына келетін мамандардың бірі. Таң атар-атпастан басталған жұмыс қас-қарайғанша жалғасады. Мойнына міндет алған қызметкерлер уақытқа қарамай, тапсырылған істі абыроймен аяқтамайынша тыным таппайды. Сонымен қатар әр маман аптасына бір рет кезекшілік атқарады. Қылмыс орнына бірінші болып баратын жедел тергеу тобының мамандары мезгілге қарамай кезекшілік кезінде бөлімшеде болады. Хабар келген сәтте құрамына тергеуші, жедел уәкіл, криминалист кіретін топ оқиға орнына жетеді. Тергеуші аталған топқа басшылық етеді. Ол жәбірленушімен сөйлесіп, мән- жайды анықтап, арызын алады. Кейін жедел уәкілге жақын маңды бақылап, куәгерлерге сұрау салуға тапсырма жүктеледі. Ал криминалист қылмыскерді анықтауға мүмкіндік беретін деректерді, саусақ іздерін іздейді. Соңында мұның бәрі толығымен қағазға жазылып, хаттама толтырылады. Білікті мамандардың бірлескен жұмысы қылмысты жедел ашып, күдіктіні анықтауға мүмкіндік береді.
Капитан Жамалдин Сүлейменовтің айтар әңгімесі де, көрген-білгені де көп. 7 жылға жуық уақыт ішінде ол талай оқиғаға куә болып, небір жантүршігерлік істерді тергеді. Екінің бірінің көруге жүрегі дауалай бермейтін қатыгез жайттарды көріп, талай күдіктіден жауап алып, қан жұтқан қанша жәбірленушіні жұбатты. Содан да болар ол не нәрсеге болсын салқын қарайды. Айтуынша, жұмыста көрген-білгенін жүйкеге жүк түсірмей, өткенге қалдырады екен. Әңгімелесу барысында да өзін байсалды ұстады. Қандай қорқынышты оқиға туралы айтып жатса да оның сыр алдырмайтын кәсіби маман екенін біз де байқадық.
АУЫЛДА ЖҰМЫС ІСТЕУ ЖЕҢІЛ
– Ауылдық жерде жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар. Аудандағы ахуал әлдеқайда тыныш қой. Қалада қылмыс жиі тіркеледі. Десе де әр жердің өзіндік қиыншылығы бар. Аудандағы бөлімшеде 5 тергеуші, екі анықтаушы жұмыс істейді. Біз қылмыс болған сәттен бастап күдіктінің толық портретін жасауға кірісеміз. Ол туралы барлық ақпарат толықтай қағазға түседі. Кейін тергеу амалдары басталып, әлгі адамның қылмыс орнына не үшін барғаны, нендей жағдай орын алғаны анықталады. Кейбіреулер өз кінәсін бірден мойындаса, енді біреулер жалтақтайды. Ондайда куәгерлер табуға тырысамыз. Бұл ретте бақылаушы орган саналатын прокуратура күдіктінің құқықтарының бұзылмауын қадағалайды. Бүгінде қылмыстық істер үш буынды модель аясында тергеледі. Бұрын тергеушілер күдіктіні өздері белгілесе, бүгінде бұған прокурордың келісімі керек, – дейді Жамалдин Серікұлы.
Кейіпкеріміз үш буынды модель туралы айтқан соң көңілдегі күдігімізді де жасырып қала алмадық. Бұрын дербес әрекет еткен тергеуші прокуратураға адамның қылмысқа қатысы барын дәлелдеп жүріп уақыттан ұтылып қалуы әбден мүмкін. Ал дәлелі жеткіліксіз болса, көздеген адамы күдікті деп танылмауы да ғажап емес. «Осының бәрі тергеушіге тұсау болмай ма?» деген сауалымызға Жамалдин Сүлейменов құқықтық тұрғыдан жауап берді. Капитанның сөзінше, бұл жұмыстар күдіктілердің құқығын сақтау, негізсіз тергеудің алдын алу үшін жасалып отыр. Демек қылмысы толық дәлелденбейінше адам заң алдында кінәсіз саналады. Ол қылмыс жасаған күннің өзінде бірден қылмыскер атанбай, тергелуші, күдікті деп танылады. Ал істің соңғы нүктесін тек сот қояды. Бұл ретте тергеушілер мемлекеттік айыптаушы саналатын прокурорға жиналған дәлелдерді ұсынады.
ТӨРТЕУДІҢ ҚАЗАСЫ
2023 жылы Жамалдин Серікұлы жұмыс істейтін Тайынша ауданында жантүршігерлік оқиға болып, дүйім елді дүрліктіргені бар. Кезі келгенде осы істің мән-жайын сұрауды жөн көрдік. «EMS AGRO» компаниясының фермасындағы 4 жұмысшының өлімін өзі тергеген екен. Тергеуші 4 жұмысшының біреуі тазалау қызметінің бастығы болғанын айтады. Олар жер астындағы кәріз сорғысын жөндеуі керек болған. Алайда мұндай шұңқырларда адам өміріне қауіпті аммиак жиналатынын ескермеген. Болжам бойынша бірінші болып түскен жұмысшы сол жерде қайтыс болған. Оны шығарамын деп шұңқырға түскен екінші жұмысшының өмірі де солай аяқталған. Үшінші, төртінші адам да алдыңғылардың әрекетін қайталаған. Тергеуші төртінші болып мерт болған тазалау қызметінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғаған. Оған қоса еңбекті қорғау қызметінің басшысы да тергелген. Өйткені жұмысшылар қауіпсіздік ережесін сақтамай, құрал-жабдықсыз іске кіріскен. Бірінші сот күдіктілерді ақтағанымен, аппеляциялық сот екеуін де кінәлі деп танып, еңбекті қорғау қызметінің өкіліне бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жәбірленуші тарап бұған көнбей, серіктестік директоры мен бас инженеріне қатысты тергеу жүргізуді сұраған. Оларға қатысты жүргізілген тергеу екеуінің де заң алдындағы кінәсін дәлелдей алмапты.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Кейде уақытпен санаспай тер төгеміз. Бірнеше жыл ішінде небір оқиғаға куә болдым. Қаншама тағдырларды көрдім. Басына қайғы түскен жандарды жұбатып, істі аяғына дейін жеткізуге тырыстым. Қылмыс жасаған адам да оңайлықпен қолға түсе қоймайды. Олардың арасында да амал-айласы асқан жандар бар. Мұндайлар өз қателігін ұсталған сәтте ғана сезініп жатады. Мас күйінде білместікпен өзгеге зиянын тигізетіндер көп. Ақыр аяғына дейін өзінің кінәсіздігін айтып, алған бетінен қайтпағандарды да көрдім. Мұндайлардың жазасы да ауыр болмақ. Жұмыста қандай жағдай болмасын, үйде өзімнің отағасы, әке екенімді ұмытқан емеспін. Аптасына бір рет үй ішімізбен демалыс ұйымдастыру дәстүрге айналған, – дейді Жамалдин Сүлейменов.
Аудандағы білікті маманның жұмыс кабинеті түрлі марапатқа толы. Өз әріптестері арасында қалтқысыз қызметімен көзге түсіп жүрген тергеуші талай байқауларда топ жарып, үздік атанып жүр.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.