Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Мемлекет басшысының “Бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы” ұлттық жоспарында баяндалған тапсырманы іске асыру үшін әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейту арқылы оны оңтайландырудың жаңа әдісін қарастыруда.
Халықтың әлжуаз топтарының өмір сүру деңгейін арттыру, масылдық ниетті жою, кедейліктің шегіндегі отбасының нақты табысын арттыру мақсатында облыста “Өрлеу” жобасы іске асырылуда.
2016 жылы жобаға облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласының тұрғындары қатысып, 211 әлеуметтік шарт жасалды. 228 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, 920 тұрғынға 29941,5 мың теңге көмек төленді. Бұл ретте қатысушылардың жан басына шаққандағы табысы 3,6 есе артты. (5347, 7 теңгеден 19803,1 теңгеге дейін).
Қазіргі кезде 144 жобаға қатысушы тұрақты жұмыс орындарында еңбек етуде.
“Өрлеу” қанатқақты жобасы өзінің нәтижелілігін және әлеуметтік маңыздылығын көрсетіп отыр. Жобаға қатысқан отбасылардың материалдық жағдайларын жақсарта алатынына мысалдар жетерлік.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Мамлют ауданынан жеті адамнан тұратын Бекболатовтардың отбасы “Өрлеу” жобасына қатысуға ниет білдірді.
Отбасымен әлеуметтік шарт жасалғаннан кейін отағасы “В”, “С” санаттары бойынша жүргізуші ретінде “Автолидер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне оқуға жіберілді. Одан кейін “Бірлік” шаруа қожалығына тұрақты жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік шарт жасасқанға дейін отбасының жан басына шаққандағы табысы 5201,5 теңгені құрады. Әлеуметтік шарт бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, ол 17222,4 теңгеге дейін өсті. Еңбекақысын және мемлекет тарапынан шартты ақшалай көмекті ескере отырып, отбасының жан басына шаққандағы табысы 3,3 есе арттырылды.
Қызылжар ауданының тұрғыны Р. Турманов “Өрлеу” жобасының арқасында шаруа қожалығына механизатор болып орналасып, отбасының жан басына шаққандағы табысы 5,3 есе ұлғайды.
Аталмыш жобаға қатысуға ниет білдірген Воловик отбасымен де аталмыш әлеуметтік шарт жасалды. “Өрлеу” жобасына қатысқанға дейінгі отбасының жан басына шаққандағы табысы 2091,65 теңгені құрады. Отағасына жоба аясында “Карина S” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне механизатор болып жұмысқа орналасу ұсынылды. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылығын кеңейту үшін отбасына бір-реттік көмек көрсетілді. Жоба аясындағы мүмкіндікті тиімді пайдалана білген отағасы бұзау және жемазық сатып алды.
Жергілікті жердегі әлеуметтік қызметкерлер адамдардың еңбек етуге ықылас танытпау жағдайларына жиі тап болады. Олар бір күнмен өмір сүреді. Уақытша жұмыстан аз ғана ақша, кездейсоқ табыс тапса, соны қанағат қылады. Немесе жәрдемақы алып күн көреді. Ал күнде жұмысқа барып, тұрақты еңбекақы алуға өзінің және отбасының болашағын жоспарлауға ұмтылмайды.
2018 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар туралы жаңа заң күшіне енеді. Ол бойынша аз қамтылған отбасыларға төленетін атаулы көмек және балалар жәрдемақысы бірегей әлеуметтік төлемге біріктіріледі. Олар тек еңбекке жарамсыз – мүгедектерге және оларға күтім жасайтын адамдарға ғана төленеді. Еңбек жасындағы азаматтар мемлекет тарапынан көмек алу үшін міндетті түрде әлеуметтік шарт бойынша жұмысқа баратын болады.
Еңбек етуге құлшынысы бар адамдарға жақсы мүмкіндік беріп отырған “Өрлеу” бағдарламасы аз қамтылған отбасыларды жаңа талаптар бойынша өмір сүруге үйретеді. Оның басты принципі – күн сайын еңбек ету.
2017 жылға “Өрлеу” жобасын жалғастыру үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінді. Үміткер оған қатысу үшін қажетті құжаттар топтамасымен бірге жеке өзінің немесе отбасының атынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық округ әкіміне жүгінуі қажет.
Марина МАРКОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының
бөлім басшысы.