«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСЫМЫЗ ТОЛАЙЫМ

Облыс орталығындағы қазақ-түрік лицейі – елімізде тәуелсіздік таңы арайлап атқан күннен кейін ашылған білім ордаларының бірі. Егеменді еліміздің ұландарына заман талабына сай бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқандықтан, бүгінгі күні бағындырған белестеріміз айтарлықтай.

Мемлекет басшысы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек”, – деген болатын. Ашылған күннен бері 250-ге жуық түлек оқу орнын тамамдаса, соның 190-ы арнайы грант иесі атанды. Ал грант иеленудің қиындығын білім саласының қызметкерлері жақсы біледі. Яғни, толайым табыс – оқушының тынымсыз ізденісі мен ұстазының қажырлы еңбегінің жеңісі. Сонымен қатар, 44 түлегіміздің бүгінгі таңда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін иеленген университетте білімдерін шыңдап жатқаны да біз үшін мақтаныш, лицейіміздің абыройы. Шәкірттеріміздің халықаралық деңгейдегі сайыстарда топ жарып жүргені де көпшілікке мәлім. Осы күнге дейін жүзден астам оқушы жоғары дәрежедегі білім сындарында жақсы нәтиже көрсетті. Оқушыларымыз химия, физика, информатика пәндерінен тың жаңалықтар ашып, озық ойларын шетелдерде де қорғап қайтты. Былтыр лицей оқушылары республикалық, халықаралық пән олимпиадаларына, жобаларға қатысып, 15 жүлделі орынды еншіледі.  

Төл тарихымыздың жастардың, өскелең ұрпақтың жадында мәңгі жатталуы үшін Ерасыл, Владислав, Никита сынды оқушыларымыз стратегиялық ойын ойлап тауып, Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарту жасады. Компьютерлік ойын еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің арасында өтетін дәстүрлі “Жас жасампаздар” сайысында жүлделі орынды еншіледі. Жаңалыққа жаны құштар үш жігіттің үкілеп бәйгеге қосқан жобасы оқушылардың тарихқа қатысты білімін кеңейтуге арналған. Өткенді өнеге деп білетін олар стратегиялық ойындарын “Қасиетті парыз” деп атады.

Мен ұстаздарымыз тәуелсіз елімізді көркейту жолында аянбай тер төгуді мақсат тұтқанда ғана біздің бағындырар биіктеріміз бұдан да асқаралы боларына сенімдімін. Өйткені, біз арқалаған жауапкершіліктің салмағы ауыр. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі күні тұтқасын ұстар азаматтарын тәрбиелеп жатқанымызды бір мезетке де естен шығармауымыз керек. Ал өзім басқарып отырған мектептегі жетістіктерге, әрине, жаңашыл ұстаздар мен білімге құмар оқушылардың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің лицейде білім алғысы келетін жеткіншектер аз емес. Бірақ біз өз қатарымызға білімпаздарды тест тапсырмалары арқылы ғана іріктеп, қабылдаймыз. Сонымен қатар, шәкірттерді РВІ, яғни жоба негізінде білім алу жүйесі арқылы оқытып жатқанымызды да айтып өткім келеді. Бұл жоба оқушыларды ізденіске машықтандыруға бағытталған. Ал оның табысты екені даусыз. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандар үшін білімді болу аздық етеді. Сауатты, сыни тұрғыдан ойлай алатын, қоғамда өз орнын табуға икемді әрі бетпе-бет келген проблемадан қиналмай, дұрыс шешім қабылдайтын тұлғалар ғана өмірде биік шыңдарды бағындырады. Бұл бір жағынан “Істеп, үйрену” деп те аталады. Ол Батыста жақсы дамыған. Соңғы 30-50 жылда балалардың білім мен ғылымға деген қызығушылығы азайып кетті. Бұл жасырын сыр емес. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қолданылатын әдіс деуімізге де болады.

Бәсекеге қабілетті азаматты тәрбиелеу үшін балалардың қызығушылығын оятуымыз қажет. Бұл – үлкен проблема. Қазіргі уақытта баланы сабақтан басқаға алаңдататын интернет, теледидар, ұялы телефон, басқа да ақпараттық құралдар бар. Міне, соларды жеңу үшін Батыстың, әлемнің ХХІ ғасырда бүкіл дүниежүзі мойындаған әдістерін қолдануымыз, оқушыларымыздың зейінін соған аударуымыз керек. Біз сол интернеттің, ұялы телефонның өзін кедергі ретінде емес, қосымша құрал ретінде пайдаланамыз, солар арқылы сабақта жаңа ойын түрін өткіземіз. Оған интернет арқылы ұялы телефон пайдаланылады. Аталмыш ойын кез келген сабаққа сәйкес келеді.

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: “Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі”, – деген екен. Ендеше тәуелсіз еліміздің ертеңгі ұрпақтарын тәрбиелеу жолында тер төгіп жүрген ұстаздарымыз әрқашан қадір мен құрметтен арылмасын.

Ержан ӘУБӘКІРОВ,

облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік

мектеп-лицейінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp