«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ ЖОЛДАРЫ САН ТАРАУ

“Алма піс, аузыма түс” дейтін заман өтті. Жастың да, жасамыстың да кәсіпкер болуға мүмкіндігі зор. Мемлекет ол үшін барлық жағдайды жасауда. Тек алға қойған мақсат айқын, ерік-жігер мен ынта жеткілікті болуы қажет. Әр уақытта да маңдай термен тапқан табыстың татымды болатыны белгілі.

2013 жылы елімізде “Кәсіпкерлік туралы” Заң қабылданып, кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құрылды. Әр өңірде, аудандарда филиалдары ашылды. Соның бірі – Уәлиханов аудандық кәсіпкерлер палатасы 2014 жылы жұмысын бастаған болатын.

Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерге көмектесу және олардың құқығын қорғау. Мысалы, өз ісін ашқысы немесе кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік бағдарламаның тиімді екенін түсіндіреміз, бағыт сілтейміз. Біздің ауданның тұрғындары мал шаруашылығымен айналысуға бейім болғандықтан, осы салаға қатысты несиелер мен субсидиялардың мән-жайы егжей-тегжейлі түсіндіріледі.

2016 жылы филиалымызға 134 өтініш түсті. Оның 15-і – бухгалтерлік, 50-і – заңгерлік, 5-еуі – мүлікті жария ету бойынша және қалған 65 өтініш “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Агробизнес – 2020” сияқты мемлекеттік бағдаламалар арқылы несие алуға қатысты болды.

Кәсіпкерлік жолға жаңа түскендер үшін “Бизнес-кеңесші” атты бағдарлама өз қызметін бастаған еді. Осыған орай, ауданымыздан 25 адам қысқамерзімді оқудан өтті.

Істерін бастағалы отырғандарға кәсіптерін жолға қою үшін жер телімін алу, инфрақұрылым тарту, санитарлық талаптарды орындауда қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Кездесетін кедергілерді барынша азайтып, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Осының нәтижесінде өткен екі жылдың ішінде аудандық филиалдан кеңес алушылар қатары қалыңдады.

Кәсіпкерлікте бағымды сынаймын дегендерге кепілге қоятын мүлкін бағалау және бизнес-жоспар жасауға көмек көрсете аламыз. Себебі, ісін жаңа бастағалы тұрған шаруаны алдымен кепіл мәселесі қинайды. “Даму” қоры кәсіпкердің кепілін келісілген пайыз мөлшерлемесімен өз мойнына алады. Кепіл болса банктер де несие беруге құлықты. Сондай-ақ, азаматтардың көбі бизнес жүргізу тәртібінен хабарсыз, оған қоса, қаржылық есеп, маркетинг, заң тұрғысынан сапалы кеңес беретін мамандар да тапшы. Осының салдарынан мемлекет көрсететін қаржылық қолдауларды да біле бермеуі мүмкін.

Филиалымызда консультанттар “Даму” қорының мемлекеттік қолдау бағдарламалары, оған қатысудың шарттары мен реті туралы ғана мәлімет беріп қоймайды, сонымен бірге, кәсіпкерлерге қажетті құжаттарды әзірлеуге көмектеседі. Осы жұмысымызды жандандыру үшін жұмысқа қосымша мамандар қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ниеті бар азаматтарды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретсек деген ойдамыз.

Аудан тұрғындары “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қызығушылық танытуда. Аталған бағдарлама бойынша алғашқы тоғыз кәсіпкердің өтініші өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мақұлданды. Бұл жобалар – құрылыс материалдарын жасау, тауық жұмыртқасын сату, ауыл шаруашылығы, жүк және жолаушылар тасымалы, химиялық тазалау және кір жуу қызметі, спорт және ойын-сауық салаларынан.

Өткен жылы аудан кәсіпкерлерінің 17 жобасы мақұлданып, оларға мемлекеттен 42,9 миллион теңге бөлінді. Ал 2 кәсіпкер “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша грант иеленді.

Астана қаласында өткен “Іскерлік байланыстар” жобасына ауданымыздың екі кәсіпкері оқуға барып, бизнес жайлы білімдерін толықтырды. Сонымен қатар, жергілікті жерде дуалды оқытудың жол картасы іске асырылуда. Нәтижесінде аудандағы ауыл шаруашылығы колледжі мен кәсіпкерлер палатасы арасында келісім жасалды. Студенттердің тәжірибе алмасуы бойынша жасалған бес келісім олардың теория мен тәжірибені ұштастыруына септігін тигізуде. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде 11 кабинет аштық. Өткен жылы оқушыларға болашақта мамандық таңдауына бағыт-бағдар беретін экскурсия ұйымдастырылды. 211 жасөспірім арнайы мамандық таңдайтын бақылаудан өтіп, ісі өрге домалаған кәсіпкерлермен кездесті.

Бүгінде болашақ кәсіпкерлерді анықтау мақсатында әртүрлі бизнес-мектептер, семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Аудандағы ауыл шаруашылығы колледжінің екінші және үшінші курс студенттері үшін келісілген кесте бойынша бизнес-сабақтар өтуде. Олар өздеріне қажетті кәсіпкерлікті меңгеріп, қажетті мағлұматты ала алады. Осындай шаралар өңіріміздің экономикалық жағдайын жақсартуға өз көмегін тигізетініне сенемін.

Батырхан АХМЕТОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасы

Уәлиханов аудандық филиалының

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp