Жуырда Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері өнімдерінің көрмесі өткен болатын. Көрмеде тұтынушылардың теріден сапалы аяқкиім тігетін “Tigran” жеке кәсіпкерлігінің өнімдеріне қызығушылық танытқанына куәгер болдық.
Қолда бар құрал-жабдығымен кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Виктор Петросянның цехындағы күйбің тірлік күні бойы үзілмейді. Өз кәсібін аяқкиім тігу саласымен байланыстырған ол қатал қысы бар біздің солтүстік өңіріміздің тұрғындарына сапалы әрі жылы қысқы аяқкиім ауадай қажет екенін жақсы біледі. Нысанда былғарыдан 70 түрлі аяқкиім үлгілері тігіледі. Айына 400-ге дейін жұп аяқ-киім тігіліп, жергілікті сауда орындарына жөнелтіледі. Көпшілік қырын қарайтын кәсіп түрін меңгеріп, күнделікті табысын тауып отырған кәсіпкердің цехынан шыққан аяқкиімдері тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие.
– Аяқкиім тігу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Ол шеберлік пен аса шыдамдылықты қажет етеді. Әрине, етік тігетін шеберлердің басын қосып, бұл істі бастаған тұста бірден тапсырыс түскен жоқ. Қарапайым өндіріс құралдары арқылы аяқкиімдердің алуан түрін тігетін қарамағымдағы мамандардың арасында өз ісінің шынайы шеберлері аз емес. Олардың қолынан шыққан бұйымдар әр кез әсемдігімен көздің жауын алады, – дейді Виктор Леонович.
Кәсіпкерлікте жасаған алғашқы қадамы туралы әңгіме өрбіткен басшының аталмыш салаға қызығушылық танытуына асқар таудай әкесі Леон Петросянның ықпалы зор болған. Ол 1972 жылы Орал қаласынан өңіріміздегі былғары етік тігетін бірегей өндіріс орны – Петропавл аяқкиім комбинатының арнайы шақыртуымен келіп, көп жыл табысты еңбек еткен. Кейін зауыт ұсақ фабрикаларға ыдырап, мекемеде жұмыс істеген білікті мамандар жеке кәсіпкерлікте өз жолдарын тапқан. Солар сияқты кейіпкеріміздің әкесі де облыс орталығынан бір үйді жалға алып, аяқкиім тігетін цех ашқан.
Кеңестік дәуір тарихтың қойнауына кетіп, нарық заманы орнағанда әкеден қалған мұраны үлкен ағасы өз қолына алған. Ал кейін Виктор Петросян да отбасылық бизнеске араласып, тынымсыз еңбектің арқасында өңіріміздің жеңіл өнеркәсіп нарығында өзіндік беделге ие болды.
Алғашында кәсібін дамыту үшін екінші деңгейлі банктердің көмегіне жүгініп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша банк филиалынан 6,5 миллион теңгенің несиесін алған. Банк қойған 14 пайыздық мөлшерлеменің тең жартысын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ төлеп отыр. Бұл қаражаттың арқасында былғарыдан аяқкиім тігетін өндіріс цехын ұйымдастыруға қажетті меншікті ғимарат пен шағын дүкенді сатып алу мүмкіндігі туған.
Өндірістің басты мәселесі – кәсіби мамандарды қалыптастыру. Бүгінде бұл проблема шешілген. Цехта он төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Барлығы – аяқкиім тігудің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі мамандар. Өз ісіне мығым тігіншілер мен етікшілер саннан гөрі сапаға көбірек мән береді. Бұл салада 10-15 жылдан бері табысты еңбек етіп жүрген Константин Козлов, Елена Сивкова, Елена Селюпенко және тағы басқалардың қолынан шыққан әр өнімге кепілдік береді.
Кәсіпкер дөңгелетіп отырған ісінде жолын кескестейтін кедергілерге де тоқталып өтті. Оның басым бөлігі – шикізаттың қолжетімсіздігіне байланысты екен.
– Осы істі бастаймын және аяғына дейін жеткіземін деген адамға аяқкиім тігетін станок та, былғары да табылады. Әзірге қажетті шикізатты Ресей мен Украина елдерінен алдыртып отырамыз. Тек жүн мен басқа да ұсақ керек-жарақты Көкшетау қаласынан арнайы тапсырыспен алып келеміз. Өңірімізде малды соңғы өніміне дейін өндірудың жолы қарастырылған жағдайда қажетті шикізатты сырттан тасымалдаушы едік. Болашақта осы мәселелер шешімін тапса, ісіміз оңға басар еді, – дейді басшы.
Өңірлік аяқкиім өндірісін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіпкер айналдырған бір жылдың ішінде мақтанарлықтай жетістікке қол жеткізген. Үстіміздегі жылы мамандар ерлер мен әйелдерге арналған жаңа маусымдық етіктің 10-нан астам жаңа түрін тігіп, өндірілетін тауар көлемін ұлғайтқан.
“Дағдарыс жағдайында отандық өнімді алған адам ұтылмайды” деген қағиданы ұстанған Виктор Петросян “Қазақстанда жасалған” және “Алтын сапа” сынды республикалық байқауларға қатысып, өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынады. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен “Халық маркасы” байқауына тауарларының барлық түрін апарған жерлес кәсіпкер өніміне Елбасының жоғары бағасын бергенін мақтан тұтады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.