Петропавлдық Гүлшат Шәкірова – өткен жылды табысты аяқтаған кәсіпкерлердің бірі. Жыл ортасында “Шәкірова Г.Ғ.” жеке кәсіпкерлігі “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының қайтарымсыз қаржысына қол жеткізсе, күзде “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауының облыстық кезеңінде “Өндіріске арналған үздік тауар” аталымында жеңімпаз деп танылып, қараша айында Астана қаласында өткен байқау-көрмеге қатысты. Ашылғанына төрт жыл болған бизнес субъектісі үшін бұл – үлкен жетістік.
“Шәкірова Г.Ғ.” жеке кәсіпкерлігі өндіретін анолит зарарсыздандыру ерітіндісі – инновация ретінде танылған жоба. Тауардың сипаттамасын өндірушінің сөзімен айтсақ, анолит – хлор исі бар әлсіз мөлдір сұйықтық. Оны медицинада, ветеринарияда, егістік алқаптары мен ғимараттарды зарарсыздандыруға, тіпті, адам ағзасын бактериялардан тазалауға қолдануға болады екен. Кәсіпкер су құрамын иондар арқылы белсенді етіп, оның тірі ағзаға әсерін арттыру үлкен жаңалық емес деп отыр. Ол кеңес өкіметі кезінде белгілі болған, бірақ кең қолданылмаған. Кәсіпкер бүгінде немістер мен жапондықтар жетік меңгерген осы тәсіл арқылы алдағы жылдары өңірімізде сауықтандыру орталығын ашуды көздейтіндігін жеткізді.
Гүлшат Ғалымқызы былтырға дейін өзінің шама-шарқынша дөңгелетіп келген бизнесі шығынмен жұмыс істегенін жасырмайды. Жаңа өнім жақсы жарнама жасауды қажет етеді. Тіпті, заттың пайдасын дәлелдеу үшін өнімді тегін таратқан кездері де болған. Былтыр бірқатар агрофирмалардың басшыларына жолығып, егістігінің бір бөлігін анолитпен тегін өңдеп, нәтижесін бірге байқауға ұсыныс жасаған. Бірнеше шаруашылықтың ішінде қызығушылық танытқан “АтамекенАгроЕсіл” серіктестігі ғана болыпты.
“Біздің диқандар жақсы өнім алу үшін егістігі өсіп-өнгенше 4-5 рет гербицидпен, пестицидпен өңдейді. Яғни, бидайға, одан нанға химикаттар әбден сіңеді. Ендеше, оны қалай экологиялық таза өнім деп айтамыз?”, – деген кәсіпкер өзінің ұсынысына агроқұрылымдардың ықылас танытпауының себебін де түсіндірді. Аграршылар бағасы арзан тұрмайтын анолитті сатып алып, онымен топырақты түрлі бактериялар мен аурулардан зарарсыздандырып, кейін экологиялық таза астық алу үшін алқапты екі-үш жыл бойы пайдаланбауға келіспейді.
Тұтынушыларды экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Кәсіпкер азық-түліктің адам ағзасына қандай әсері бар екендігін айтпағанның өзінде, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері әлемдік нарықта халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес еместігін алға тартады.
“Шәкірова Г.Ғ.” жеке кәсіпкерлігінің былтырғы өнімділігі айына 40 тонна болса, биыл қуаттылықты 100 тоннадан асырмақ. Кәсіпкер өз әңгімесінде цех ғимаратын жақында сатып алғандарын, бүгінде оған жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, өндірісте өзімен бірге бес адамның жұмыс істейтінін жеткізді. Былтырғы жарнамалардан кейін тауар айналымында алға жылжушылық байқалған. Өнімдеріне оңтүстік өңірлерден қызығушылық танытып отырғандар бар. Сондай-ақ, Ресейдің Қорған, Омбы облыстарынан тапсырыстар түсуде.
– Мектептер мен балабақшаларда ауаны зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуді ұдайы атқарамыз. Биыл бақшамызға екі түрлі өңдеумен картоп егіп, анолитпен өңделген жерден екі есе артық өнім алдық. Сұйықтықты құстың балапандарына беріп, олардың өсімталдығына да көз жеткіздік. Анолит фагоциттерге толы. Қанды тазарту қабілеті өте зор, – деген Гүлшат Шәкірова анолиттің өндіріске кеңінен енгізілетініне сенімді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.