«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЗА ӨНІМ, ПАЙДАЛЫ КӘСІП

Экологиялық таза органикалық тыңайтқыш өндіріп, оны сатумен айналысып жүрген Есіл ауданындағы Покровка ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Андрей Стрелец туралы мақаланы (”Андрей Стрелецтің “Экологиялық егіншілігі”, 12 қараша 2013 жыл) біз өткен жылы оқырманға ұсынған болатынбыз. Кәсіпкердің инновациялық бизнесіндегі өзгерістер, ісінің қалай дамып жатқандығы туралы білмек оймен тағы бір хабарласып, сұхбаттасқан едік.

– Андрей Викторович, кәсібіңізді бастау үшін сіздің несие алғаныңыз есімізде. Бүгінгі ахуалыңыз қалай? Несие бүйірден қысып жатқан жоқ па?

– Қажымай еңбектенсең, арты берекелі болатыны шындық екен. Мен бүгінде сол несиенің арқасында кәсібімді қалыптастырып алдым. Иә, Ресейден “Владимирский Старатель” жауын құртын сатып алу үшін “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша осыдан үш жыл бұрын 15 миллион теңге несие алған едім. Өтемі 4,5 жылға шақталған ол қарыздың 1 миллион 300 мың теңгесі ғана қалды. Оны алдағы көктемде төлеп бітірмек ойым бар. Елімізде бұл тың жобаны бірінші болып қолға алып, ойымды жүзеге асыруға қолғабыс жасаған мемлекеттік бағдарламаға ризашылығым мол.

– Биогумустың бағасы өзгерді ме? Жалпы биыл қанша тонна тыңайтқыш сата алдыңыздар?

– Бағасында өзгеріс жоқ. Тек көтерме сауда жасағандарға бір килограмм құрғақ биогумустың бағасын 50 теңгеге түсірдік. Ал аз мөлшерде алатындар бұрынғысынша 300 теңге төлейді. Былтыр 15 мың тонна биогумус сатсақ, биыл оның мөлшерін 37 мың тоннаға жеткіздік. Одан түскен пайда көңілімізді көншітіп отыр.

– Жауын құрттарын сатудан да табыс бар шығар?

– Былтыр бір жарым жылда құрттың саны 32 миллионға жетсе, бүгінде 70 миллион құртты асырап, одан өз несібемізді тауып отырмыз. Осы жылы 11 миллион жауын құртын саттық. Бір құрттың бағасы – 8 теңге. Ерінбей еңбектенсең, бұл кәсіп мол пайда әкеледі. Сондай-ақ, биогумуста өсірілген азық-түліктің адам ағзасы үшін маңыздылығын ұмытпайық. Біз дамыған елдердің қатарынан көрініп, халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін ел боламыз десек, экологиялық таза өнім өсіру үшін топырақтың құнары мен құрамын жақсарту маңызды. Дамыған, өзін жоғары бағалайтын елдер бұл жағынан өте ұқыпты. Мәселен, бізден биогумус сатып алуды мақсат етіп отырған Біріккен Араб Әмірлігі біз дайындаған өнімге жан-жақты сараптама жасап, құрамын мұқият тексеруде. Біз де өз халқымызды экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге тиіспіз.

– Бұл сөзіңіздің астарынан шетелдік тұтынушылар қатары қалыңдағанын ұғуға бола ма?

– Иә, сауда-саттық географиямыз кеңейіп келеді. Біз экологиялық таза өнім өндірудің көзі болып табылатын зат шығарып жатқандықтан, болашаққа деген сеніміміз зор. Бүгінде біздің Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Кувейт мемлекеттерімен байланысымыз бар.

– Биогумусыңыз бен құртыңызға біздің елдегі кәсіпкерлердің қызығушылығы қандай?

– Бұл бастама – үлкен нарыққа апаратын жол. Шымкенттік бір кәсіпкермен бірлесе отырып, Астанада филиал аштық. Соңғы бір жылдың ішінде менен құрт сатып алып, осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген 7 ірі кәсіпкер бар. Олар Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал өңірлерінде жұмыс істеуде. Әлбетте олардың биогумус сатып алып, оны екі-үш мың шақырым қашықтыққа тасып, жол машақатын көргеннен гөрі, өз жерлерінде құртпен жұмыс істегені қолайлы. Дайын биогумустың 60 пайызын менен жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар сатып алуда. Мен биыл заманауи сепаратор сатып алдым. Ол 20 минутта 1 тонна өнімді өңдеп шығарады.

– Сіздің мақсатыңыз зауыт ашып, өндірісті кеңейту болатын. Ол ойыңызды жүзеге асыруда қиындық болып жатқан жоқ па?

– Әрине, зауыт салу оңай шаруа емес, оған уақыт керек. Осы жолдағы қадамымызды күн сайын пысықтап, діттеген мақсатымызға жақындап келе жатырмыз деп айта аламын. “Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік” АҚ арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз қаржы алуға құжаттарымызды дайындап жатырмыз. Әрине, мемлекеттің қаржысы жайдан-жай беріле салмайды. Біз өз жобамыздың маңыздылығын дәлелдеп, грантты ұтып алу үшін өндірістің қанатқақты жоба екенін айғақтауымыз керек. Жалпы олар біздің бастамамызды оң көріп, қолдауға ниеттерін білдіріп отыр. Келер жылдың басында бұл мәселе шешімін тапса, біз 50 миллион теңгеге зауыт салудың технологиясын алып, 300 миллион теңгені құрал-жабдықтарға жұмсаймыз. Қаржыдан басқаның барлығы есептеліп қойылған. Бұл бағытқа облыс әкімдігі де үлкен қолдау жасап отыр. Сондай-ақ, биыл 1,5 гектар жер тегін берілді. Айтпағым: мемлекеттің қолдауымен арманым шындыққа айналуда.

– Ол зауытта сұйық биогумус жасалады емес пе?

– Иә, биогумустың сол түріне басымдық беріледі. Құрғақ биогумуста 55 пайыз ылғал болатынын мен өткен жолы айтқан едім. Оны құрғатқан кезде өнімнің 45 пайызы жоғалады. Үлкен алқаптарға егілген дәнді дақылдарға сұйық тыңайтқыш қолданған ыңғайлы. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Ал құрғақ биогумусты шағын алқаптарға, көкөніс егілетін жерлерге сепкен тиімді. Біз ол зауытта жылына 300 мың тонна сұйық тыңайтқыш өндірмек жоспарымыз бар. Ол 100 мың гектарға жетеді. Ал ол өнімнің бағасы шетелдерден алдырылатын сұйық биогумустың бағасынан 4 есе төмен болады. Бұл, әрине, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін тиімді болары сөзсіз.

– Былтыр Назарбаев Университеті 400 жобаның ішінде ең үздік деп сіздің еңбегіңізді бағалады. Ал биыл қандай жетістіктеріңіз бар?

– Жақында Петропавл қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумда мен “Өңдеуші өнеркәсіп саласының үздік кәсіпкері” атанып, сыйлыққа теледидар алдым. Осы жылы мен үшін аса маңызды болған оқиға – “Даму” қорының “Іскерлік байланыстар” бағыты бойынша Германияға барып, біраз жайға қанығып келгендігім. Топта 22 адам болдық. Шетелдің қалай жұмыс істейтінін көріп, көңіліміз толып қайттық. Ондағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын “GRIME” зауытында болдым, кейін олар жазда Қарағандыға келгенде іскерлік байланысты нығайтуға қадам жасадық. Олардың техникалары ұнайды.

– Мұны шетелдерден инвесторлар тарту деп түсінеміз бе?

– Жоқ. Мен олардан тек сатып алушымын. Ал қаржылай қолдауды маған мемлекетіміз көрсетіп жатыр, әлі де көрсетеді. Сондықтан маған шетелдіктердің қолдауының қажеті жоқ. Одан да мен тапқан-таянғанымды өз еліміздің экономикасына бағыттаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp