«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАП БАРШАҒА БІРДЕЙ

Кеше “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған жергілікті оқу орындарының студенттері қатысты.

Отырыс барысында партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы қаралды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Қожахметовтің айтуынша, аталмыш бағдарлама екі кезеңде, яғни 2015-2020 және 2021-2025 жылдары жүзеге асырылмақ. Әр кезеңді жүзеге асыру үшін Жол картасы әзірленеді. Осы орайда 2014 жылы бірінші кезеңді жүзеге асыру үшін Жол картасы бекітіліп, партияның өңірлік филиалдары аталмыш жоспар бойынша 10 шараны қолға алған. Соның бірі – 2015 жылы сот отырыстары өтетін залдардың 75 пайызының аудио-бейне тіркеу жүйесімен қамтамасыз етілуіне сараптама жүргізу. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облыстық соты залдарын аудио-бейнежазбамен 87,7 пайызға қамтамасыз еткен.

Ал партия мүшелері, мемлекеттік функцияларды атқаруға өкілетті және оларға теңестірілген тұлғалар жасаған жемқорлық құқық бұзушылық, қызметтік этикалық талап пен ережені бұзу фактілерін кеңінен жариялауды қамтамасыз етуде де бірқатар жұмыстар атқарған.  

Мәселен, өткен жылы “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының мүшелері тарапынан 41 жемқорлық құқық бұзушылық фактісі анықталған. Осыған орай жемқорлық фактісі бойынша 13 тұлға қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылыпты. Ал 23 мүшесі партиялық жазаға тартылған. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар басшыларының есептерін қараған кезде олардың сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстарын белсендірек жүргізуге ерекше көңіл бөлінді.

Бір сөзбен айтқанда, 2015 жылға арналған Жол картасы толығымен орындалыпты. Ал үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын Жол картасы әзірленіп, онда өткен жолы кеткен кемшіліктер мен жиналған тәжірибе ескерілген көрінеді.

Отырысқа қатысқан студенттер сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp