Облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі – “Тайынша Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2005 жылы “Ясная поляна”, “Зеленый гай Тайынша” және “Кирово-Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бірлесіп, үлкен серіктестік құрған уақыттан бері шаруашылық жомарт жерді идіріп, текті түлікті өсіріп, ризығын еңбекпен тауып келеді.
“СИЫРДЫҢ СҮТІ – ТІЛІНДЕ”
Іргелі ұжымның тынымсыз тірлігімен танысу сүт фермасынан басталды. Кешенге кірер қақпа алдында биік тас үстіндегі қара ала сиырдың мүсінін көрсеткен серіктестік директорының орынбасары Франс Горай сүт фермасының жұмысы осындай жергілікті сиырлардан басталғанын айтты.
– Бүгінде етті мал шаруашылығын дамытуға, оның экспорттық әлеуетін арттыруға айрықша мән беріп отырмыз. Асылтұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иелене отырып, сүтті және етті ірі қара малды 5 мың басқа жеткіздік. Жергілікті қара ала сиырлармен қоса Канададан асылтұқымды мал әкелініп, екі мың басқа шақталған сүт фермаларын іске қостық. Бүгінде бір жыл ішінде әр сиырдан алынатын сүт мөлшері 8 мың литрді құрайды. Алдағы жылдары сүтті сиырлар санын 2 мыңға жеткізу ойымызда бар, – дейді Франс Леонардович.
Голштинофриз асылтұқымды сиырлары алғаш рет 2008 жылы сатып алыныпты. Сол жылы канадалық технологиямен 600 сиырға арналған бірінші қора салынған. Бүгінде асылтұқымды 780 бас сауын сиырдың әрқайсысы тәулігіне 25 литр сүт беруде. Бағалы түліктің келесі тобында 12-17 айлық тайыншалар әкелінген. Олар осында қолдан ұрықтандырылып, төлдепті. Мұхит асып келген ірі қара қытымыр аязға шыдамды болып шықты. Оның үстіне сүт кешенінде сиырлар суық әдіспен бағылады екен. Яғни, қорадағы температура үнемі төмен болады. Артықшылығы – суық жерде тұрған мал жылы қорадағыларға қарағанда жемшөпті жақсы жейді. Осыған байланысты сүт те көбірек болады. Серіктестік канадалық торпақтардан басқа асылтұқымды ақ бас және қара ала сиырларды ұстайды. Жергілікті сиырлар да өнім беру жағынан шетелдік қарадан кем түсер емес. Бүгінде шамамен 21 литр сүт беретін 400-ге жуық сиыр соңғы технологиялармен жабдықталған үшінші ақ шаңқан қораға орналастырылған. Мал төлі де ерекше күтімге алынып, бұзауларға жылы да жайлы 2 қора салыныпты.
Тұнық судан ішіп, құнарлы жемшөптен ауыздары бір босамаған сиырларды сауу үдерісін де өз көзімізбен көрген біздер уақыттың жылдамдығына таңғалып, заманауи технологияға ілесу деген осы шығар дедік. Сауу кешенінің екінші ғимаратынан айналмалы “Карусельге” қарап отырған оператор осы жерден сауу үдерісін компьютер арқылы басқарып отыр. Қорадан айдап әкелінген сиырлар біртіндеп “Карусельге”, яғни тоқтамастан айналып тұратын дөңгелек шарбаққа өтеді де, бөлініп қойған орындарға тұра қалады. Төменде жүрген сауыншылар таза майлықтармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын үрпіне кигізіп, іске қосады. Содан кейін сүт құбырларымен ақ бұлақ аға бастайды. Бір айналып болған соң сиырлар сырғып түсіп, қорасына қайтып оралады. Ал бір айналым ішінде желіні босамаған сүттілері толық сауылып болғанша ақылды “Карусель” күтіп тұрады. Құлақтарында сырғалары бар әр сиырдың күнделікті салмағы, рационы, қанша сүт бергені көз алдыңда. Бұған қоса сиырдың түрлі аурулардан амандығы да тексеріліп отырылады. Қондырғының тиімділігі де сол, 2008 жылы Германиядан сатып алынған “Карусель” арқылы сиырды сауу ісін бар-жоғы үш сауыншы атқарады.
– Сиыр да күтімді жақсы көреді. Жануарлар аз уақыттың ішінде қалыптасқан тәртіпке үйренісіп кетті. Таңертең, кешке сауын кезінде монтаңдап келіп, айналып тұрған “Карусельдегі” орындарына біртіндеп өте береді. Мұндай қондырғының 2 мың сиырды саууға әлеуеті жетеді. Сауылған сүт Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларына жеткізіледі. Алдағы уақытта мал басын көбейтер болсақ, корпустар мен материалдық-техникалық жағдай да жақсаратын болады, – дейді “Тайынша Астық” ЖШС-і директорының орынбасары.
Бүгінде сүт фермасы 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Алатын жалақысы атқарған еңбегімен өлшенеді. Мәселен, сауыншылардың сауған сүтіне қарай алатын айлығы орта есеппен 80-100 мың теңге болса, жұмысшылардың еңбекақысы 70-80 мың теңге шамасында. Сол себепті де жұмыстың сапалы орындалуына әр жұмысшы мүдделі.
ТАБЫС КІЛТІ – ТУҒАН ТОПЫРАҚТА
Жалпы серіктестікте еңбек ететін бір мыңға тарта адамның орташа еңбекақысы 70 мың теңгенің үстінде. Негізінен таңдаулы тұқым шаруашылығы болғандықтан, бұл жерде жоғары сапалы арпа, бидай, сұлы тұқымдары өсіріледі. Астық сақтауға да зор мән беріледі. Ал серіктестіктегі еңбек өнімділігінің жоғары болып, еңбеккерлерінің жақсы еңбекақы алуына шаруашылықтың соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталуы себеп болып отыр.
Жемазық дайындау ісінде де өңірдегі өзге шаруашылықтардан көш ілгері серіктестік австриялық дән кептіру кешені арқылы жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыруға қол жеткізген. Негізінен майлы дақылдарды тазартып, кептіретін құрылғы сағатына 60 тонна өнімді игере алады. Толық автоматтандырылып, 2 адаммен ғана басқарылатын кешеннің іске қосылғанына – үшінші жыл. Басқару компьютеріне қандай дақылды қанша кептіру және тазарту керектігін көрсетіп, өнім ылғалының пайызын есептеп, тетігін баса салсаңыз – жеткілікті! Қалғаны – техниканың ісі. Дәндердің тазаланып, кептіріліп, бөшкелерге құйылып, қоймаларға жөнелтіліп жатқанын бақылап тұру ғана қалады…
– Кеңес Одағы кезіндегі кептіргіш те бар. Ол да егінді жинау кезінде толық жүктемемен жұмыс істейді. Ауа райы әрдайым қолайлы бола бермейді. Жиналған ырыс дәнін дер кезінде тазалап, бірден кептіру арқылы ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс, – дейді Франс Горай.
Шаруашылық жайылымдарындағы тебіндеп шыққан көк теңіздей толқиды. Теріскейге жаз енді жеткенде елден ерек жайқалған алқаптар шетелдік қондырғы арқылы берілген судан нәр алғандықтан, әжептәуір өсіп қалыпты. Аудан орталығынан шалғай, “Зеленый гай” елді мекенінің ту сыртында жатқан алқаптарды суару ісі жайында әңгімелеген серіктестік директорының “Зеленый гай” ЖШС бойынша орынбасары Казимир Жилновский алдағы уақытта бұл үдерісті Интернет арқылы басқаруға қатысты жоспарларымен бөлісті.
– Жемазық қорын тұрақты қамтамасыз ету үшін шаруашылықта жайылымдарды суару жұмыстары жүргізіледі. 2011 жылы сатып алынған жылжымалы, айналмалы 19 қондырғы бұл міндетті мінсіз атқарады. Толық автоматтандырылған америкалық кешен бүгінде 1500 гектар алқапты суарады. 200 метрлік бір қондырғы 400 метр танапты қамти алады. Суару кешенінің арқасында былтыр жемазық өнімділігі едәуір артты. Ал биыл күннің жылымай тұрғанына байланысты шөп қаулап шықпай тұр. Бүгінде қондырғыны жеткізуші компаниямен суару жүйесін Интернет арқылы басқаруға қатысты келіссөздер жүргізілуде. Осылайша, алдағы уақытта кеңседе отырып, алыстағы алқаптарды басқаруды көздеп отырмыз, – дейді шаруашылық басшысының орынбасары.
Франс Леонардович жаздық егіс көлемі 52 мың гектар екенін айтты. Оның 31 мың гектарына дәнді дақыл, 15 мың гектарға майлы дақыл, 50 мың гектардан астам егіс танабына жемазық еккен диқандар дала жұмыстарын маусымның 3-інде толық аяқтаған “Зеленый гайда” сыйымдылығы 100 мың тонна болатын 30-дан астам қойма да дайын тұр. Егіс науқанын дер кезінде аяқтауға жағдай жасаған техникалық парк биыл жаңартылмаса да, осыдан бірер жыл бұрын жаңадан сатып алынған 19 кешеннің жұмысында мін жоқ.
Шаруа қожалығының ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етумен қатар олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісінде де еңбектері елеулі. Шаруашылық ірге тепкен үш ауылдық округте тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік көмектің бәрі бар: Мәдениет үйі мен балабақша, мектеп, монша жұмыс істейді. Ең бастысы, мұнда екі қолға жұмыс табылады. Мұның барлығы елдің экономикасына елеулі үлесін қосып, туған ауылының гүлденуі үшін тынымсыз тер төккен ел азаматтарының ерен еңбегінің нәтижесі.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Тайынша ауданы.