(Басы өткен санда).
2. ҚОНЫС АУДАРУ
Бөлінуге бет алған сұлтандар ат басын оңтүстікке, Моғолстанға қарай бұрды. Бұл бөлініп шыққан топтың Әбілқайырдың қарамағындағылар мен оны жақтаушыларынан ерекше айырмашылығы болған еді. Жәнібек пен Керейді қолдаушылардың бір бөлігі, өздерін “қазақтармыз” деп атай бастады. Моғолстан халқының өмір сүру салты, тілі және мәдениеті бойынша, Әбілқайыр хандығындағы тұрғындардың айырмашылығы алшақ емес еді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” еңбегінде, негізгі оқиғалар былайша беріледі: “…Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті-Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның (қазіргі кезеңде бұл мекен – Хантау, с.с. Хан тауы (төбесі) деп аталынады) батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. <Алла жақсы біледі>. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді”. Мұндағы ақпарат бойынша мұсылман жыл санауындағы (хижра) 870 жыл, қазіргі күнтізбе бойынша 1456 жылға сәйкес келеді.
Сонымен қатар, әртүрлі мәліметтер негізінде Мұхаммед Хайдар Дулати: “тамызда келген ханзадаларды құрметпен және ризалықпен “күтіп алды”, яғни қуғындалушылар емес, сарай өкілдері ретінде”, – деп көрсетеді. Себебі, ол кезеңде Әбілқайыр хан жағынан да, ойрат-жоңғар билеушілері тарапынан да мықты қысым көргендіктен, Моғолстан билеушісі Есенбұға ханға қазақтардың көшіп келгені және олармен одақ жасау пайдалы болды. Бұл Жәнібек пен Керей үшін де тиімді болды. Қазақ сұлтандарына сүйене отырып, Есенбұға негізгі қарсыластары жоңғарларға қарсы жаңа одақтастарын бағыттау арқылы өзінің кейбір сыртқы саяси міндеттерін шеше алды. Ортағасырлық автор Махмуд ибн Уали, Жәнібек пен Керейдің жауынгерлерінің Моғолстан өңіріндегі ойраттар және қырғыздармен бірнеше жыл шайқасқанын және оларды ығыстырғаны жөнінде хабарлайды. Бұл оқиғалар ғалымдар – М. Әбусейітова және К. Пищулина тарапынан терең зерттелген.
Әбілқайырдан Керей мен Жәнібектің бөлінуі, қазақ мемлекеттігі құрылуының алғашқы қадамы ғана болғанды. Бес томдық “Қазақстан тарихының” екінші томындағы (1998 ж.) мәлімет бойынша, қоныс аударған тұста Жәнібек қырық жас шамасында болғандығы берілген. Ал, Керей болса одан бірнеше жас үлкен болғанды. Бұл тәжірибелі, ақылды саясаткерлердің алдын ала ойласа және келісе шешкен қадамы болды. Екінші жағынан, оларға мұндай қадам жасауға, Әбілқайырмен қатынасын үзуге түпкілікті шешім қабылдаған көшпелі тайпалардың жаппай көңіл күйі мен олардың ниеттері де әсер етті. Жәнібек пен Керейді қолдаушылардың жылдам қарқынмен өсе түсуі, осы нұсқаны бекіте түседі. Бірақ, Есенбұғаның 1462 жылы қайтыс болуымен Жетісуда қазақ билеушілеріне қарсы тұра алатын нақты күш болған жоқ. Есенбұғаның бауыры Жүніс хан бұл кезде Ташкентте жүрген. Моғолстандағы өзара қырқыстардың басталуы – Жәнібек пен Керейдің саяси бағытының алмасуына негіз жасады. Көп уақыт өтпей-ақ, табанды қазақ сұлтандары Моғолстан билеушілеріне бағынудан бас тартып қана қоймай, Жетісу аумағын өздеріне бағындырып, патшалық таққа отырды. Осы кезеңнен сұлтандар лауазымы өзгереді, оларды сенімді түрде хандар деп атай бастайды.
Орта ғасыр авторларының жазбаларына қарағанда, 1465 жылға қарай, қазақтардың мемлекеті жан-жақтағы елдерге танымал болған. Кейбір зерттеушілер Керейді көбіне “Гирей” деп те атайды. Бірақ, қазақша дыбысталуының дәл бейнелеп жазылуына сәйкес, қазақ әдебиетінде оны “Керей” деп атайды. Біздің ойымызша, қазақ тіліндегі дыбысталуына сәйкес, “Керей” деп аталғаны жөн.
Болашақ сұлтандар және жасы жағынан кіші Жәнібек пен Керей Әбілқайыр ордасынан алыс аймақта, батысы – Еділдің (Волга) теріскей бетінде, шығысы – Ұлытау, солтүстігі – Атбасар, Көкшетау өңіріне көшіп-қонып жүре алатын еді. Бұл мекеннің атаулары сол кезеңнің деректерінде жиі кездеседі.
Жоғарыдағы себептерге байланысты Әбілқайырмен ешқандай одақтасуды қаламаған сұлтандардың соңғы қоныс аударуы, ақыр соңында шығысқа қарай, Шу мен Балқаш көліне бағытталды. Айта кететін жайт, XV ғасырдың 40-60-шы жылдары аралығында Еділдің арғы жағында Астраханда, (Қажы-Тарханда), Қырымда, Қазанда тақ үшін толассыз соғыстар мен күрестер жүріп жатты, оны сол оқиғаға қатысушылар да жақсы білді. XV ғасырдың басында сол өлкелерде Тоқтамыстың да, Едігенің де және сұлтандардың ата-бабалары – Ұрыс хан мен Барақ ханның опат болған жерлері болатын. Сол аймаққа Жәнібек пен Керейдің барғысы да келген жоқ. Сонымен қатар, оларды қолдайтын ел де Дешті-Қыпшақтың кең-байтақ және шүйгінді шөбі бар даласында еді.
3. ӘБІЛҚАЙЫР
Осы еңбегімді дайындаған кезде мен қазақ, ноғай, өзбек ғалымдарының еңбектерін қарастырдым. Әбілқайыр хан туралы өзбек ғалымдары да көп жазған. Мысалы, авторлар Н. Норқұлов және У. Жораевтың 8-сыныпқа арналған оқулығында былай делінген, (Ташкент қ., “Шарк”, 2001ж.): “XV ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Шейбани ұлысы күшейе бастайды: Шейбанидың ұрпағы Әбілқайыр хан (1412-1468) Дешті-Қыпшақтың шығыс бөлігін жаулап алып, өзінің мемлекетін орнатады”.
Әбілқайыр хан 1447 жылы өзінің иелігіне Сырдарияның орта ағысындағы қалаларды – Сығанақ, Аққорған, Аркөк, Үзген және Созақ, Чинга Тура қаласында болған (қазіргі Ресей Федерациясындағы Тюмень қаласы). Ол өзінің мемлекетінің астанасын кейін Сығанаққа көшірді.
1447 жылы Шахрухтың өлімі туралы білген соң және Мәуереннахрдағы Ұлығбектің жоқтығын пайдаланып, Әбілқайыр хан Самарқандтың төңірегіне шапқыншылық жасайды.
1449 жылы Ұлығбектің өлімінен кейін, Самарқандтағы билік үшін Темір ұрпағы ханзадаларының өзара күресі үдей түседі. Бұл жағдайды пайдаланған Әбілқайыр, 1451 жылы Самарқандқа жорық ұйымдастырады және Темір ұрпағының ішіндегі өзінің жақтасы Абусайд сұлтанның таққа отыруына көмектеседі.
Әбілқайыр жорықтан түскен мол олжасымен Отанына оралды. Көрсетілген көмегі үшін ризашылығын білдірген Абусайд сұлтан Әбілқайырға Ұлықбектің қызы – Рәбия Сұлтанбегімді ұзатады”. (Аталынған шығарма – 8-9-беттер). Өзбек ғалымдары Әбілқайыр ханның Отанына қайтып оралу фактісін келтіре отырып, Әбілқайырдың Отанының қай жерде екенін айтпайды. Сондықтан біз үшін Әбілқайыр ұлысының “Отаны” немесе астанасы қайда екенін айқындау өте маңызды.
Алтын Орда тарихын зерттеген көрнекті зерттеушілердің бірі – М.Г. Сафаргалиев (қараңыз: “Распад Золотой Орды”, 460-462-беттер) ертеректегі авторларға (В.Бартольд, С. Ибрагимов) сілтеме жасай отырып, Әбілқайыр ұлысының астанасы бірнеше жыл Орда-Базар болғандығы жөнінде айтады. Әбілқайыр 1430 жылы Сібірден қайтып өзінің мемлекетінің астанасы – Орда-Базар қаласы екенін жариялайды. Кезінде М.Г.Сафаргалиев бұл қаланың қай жерде орналасқанын нақты айта алмаған. Ал кейінгі ізденістер Орда-Базар қаласының Орталық Қазақстандағы Ұлытау таулары бөктерінде болғанын көрсетеді.
Шындығында, дамылсыз көшпелі мемлекет пен кең ауқымды территорияны тиімді басқаруға ыңғайлы, жоғары хан ставкасы – Дешті-Қыпшақтың орталық бөлігінде болуы тиіс қой. Әбілқайырдың Орда-Базардағы қолдаушылары кейінірек 40-шы жылдардың ортасында “ең жақсы қыстауға ие болу үшін Сығанақ қаласына шабуыл жасауға бекінді. Әбілқайырдың қалың әскерін көрген қала хакімі (билеушісі), өз еркімен бағынғанын білдіріп қала кілтін тапсырады”. Сығанақ қаласы Оңтүстік Қазақстан территориясында орналасқан және ол ертеректе Ұрыс хан мен Бараққа, яғни Жәнібектің аталарының иелігінде болған.
Осы тұста, өзбек тарихшылары тимурлықтар билік құрған жерлерде, Мәуереннахр ісіне Әбілқайыр жиі-жиі араласқандығы жөнінде айтады.
Ұлы сұлтандардың, оның ішінде Керейдің де қатысы болды деген Шах-Бұдақтың сарайдағы белгілі өлімі біздіңше, Сығанақта болуы керек және бұл оқиға одан кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ерекше маңызды рөл атқарған. Дағдарысты жағдайға 1457 жылы Өз-Темір қалмақтарымен болған Әбілқайыр әскерінің жеңілісі де кері әсер еткен. Әбілқайырдың қалмақтармен келісімі ел ішінде қатты наразылық тудырған дейді, ғалымдар.
Сонымен қатар, қазақтар мен өзбектер арасының түпкілікті ажырауы, Әбілқайыр хан билігі кезеңінде емес, оның ұрпақтары – немерелері мен шөберелері тұсында болған. Таң қаларлығы, алғашқы қазақ хандары мен олардың ұрпақтары (балалары, немерелері) шейбанилерге жақын туысқан болып келгені, яғни ағайын және бөлелері. Бірақ, олар бір-бірімен өзара билік пен басымдылық, қалалар мен байлық үшін қатты жауласты. Мысалы, Бұрындық ханның қызы Мұхаммед Бахадұрхан Шейбаниге тұрмысқа берілді. Қасым хан мен Мұхаммед Шейбани бөле болып табылады. Деректерге сүйенсек, дала билеушілері білімді болған, олар жергілікті жердің медресесінде оқыған немесе Бұқараға барып даярлықтан өткен. Сұлтандар арасындағы қатынас хаттар түркі (шағатай тілінде), парсы тілінде, араб графикасында жүргізілді. Ол кезде Ислам Орталық Азияда басымдылық рөл атқарды. Сол кездегі көшпелі өзбектердің, ноғайлардың және қазақтардың тілі, сенімі мен мәдениеті өте жақын болған. Деректерге сүйенсек, қыпшақтар, наймандар, үйсіндер, арғындар, керейлер және керейттер, алшындар, дулаттар сияқты ірі рулар аталған этникалық топтар аталмыш хандық пен Ордада бірден кездеседі. Бірақ көшпелі өзбектер “өзбек” этнонимін Орта Азияның ежелгі аумағына көшірген Мұхаммед Шейбани және кеткен ел ортағасырлық Мәуреннахр мәдениеті мен отырықшылығын қабылдап, жергілікті тұрғындармен араласып кеткен. Бұл ажырасу сонымен қоса отырықшы парсыланған мәдениет пен көшпелі қазақ мәдениетінің айырылуы бара-бара өзбек пен қазақ екі ұлт болып қалыптасып кетеді.
Менің топшылауым бойынша, өкпелі Керей мен Жәнібектің қоныс аударуы, әстеден Әбілқайыр ұлысының ыдырауын анықтайтын кезең болған жоқ. Бұл оқиғада шешуші рөл атқарған ұлы ханның өзі. Деректерде берілгендей, Әбілқайыр хан өзінің өркөкіректігімен бұл қоныс аударудың аса маңызды және өзіне тиімсіз салдарын көре алмады және шиеленісті реттеу үшін қандай да бір шебер дипломатиялық қадам жасамады. Ол керісінше 1468 (1469) жылы тәкаппар сұлтандарға қарсы соғысқа шықты. “Йети кудук” (Жеті құдық) маңынан алыс емес жерде кездескен екі жақтың әскерлері үш күн бойы тұрып ұрыс қимылдарына бармады. Оның себебі, кейбір зерттеушілер айтқандай табиғи жағдай емес, оларды тоқтатқан екі жақтың бірін-бірі жақсы білуінен әрі олардың өзара жақын туысқандық қатынастары болатын. Яғни екі жақты әскерлер бір-біріне туыс елдерден еді. Осы оқиға кезінде нөсерлі жаңбыр жауды, сосын қар жауды, қатты аяз басталды, ұзақ уақыт қимылсыз тұрған соң әскерлер тарады. Әбілқайыр болса, қайтар жолда безгек ауруына шалдығып кенеттен қайтыс болады. Өткен тарих бетінде Әбілқайыр тек өзбек ханы деген қатаң көзқарас бекіді. Ал, іс жүзінде Әбілқайыр Арал теңізінен алыс емес жерде дүниеге келген, Тобылда (Түменде) таққа отырған және Сығанақта жерленген. Осылайша, Әбілқайыр Қазақстан аумағында туғандықтан, өмір сүргендіктен және қайтыс болғандықтан да, қазақ қайраткері ретінде басымдылық алады, ал Хорезм мен Самарқандта ол тек әскери жорық жасаған.
Бүркітбай АЯҒАН,
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
(Жалғасы бар).