Бұрынғының адамдары басқаша еді ғой: мәселен, кешегі кеңестік кезеңдегі алпыс үйлі Өрнек ауылының (қазіргі Есіл ауданындағы) егде қауымының өкілдері бір-бір тұлға болып көрінетін. Солардың бірі емес, бірегейі деуге болатын марқұм Құдайберген Қуандықовтың (1900-1973) есімі еске түспей қоймайды. Қазіргі Шал ақын және Есіл аудандарының бірқатар мектептерінде еңбек еткен майталман мұғалім еді. 1953 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін омырауына қадады.
Оның қас қағым сәтте тауып айтқан сөздері мен тындырған істері өзге ешкімнің қолынан келмес еді. Құдекеңнің өмірден өткеніне жарты ғасырға жуықтаса да, оның аңызға айналған ақиқат сөздері мен іс-әрекеттері әлі де елдің есінде.
Құдекеңше алып қашу
“Ер кезегі – үшке дейін” деген ескі салттан Құдекең де аттап өте алмады: осынша рет үйленді. Оның екінші әйелі мәңгілікке көз жұмбас бұрын Құдекеңнің келесі қосағын көздестіріп кеткен көрінеді: “Сәдірқуаттағы Нағима деген қызды алсаң, екі балаң жетімдік көрмейді”, – депті. Құдекең қарсы болмайды: Сәдірқуат ауылына өзі жиен, оның үстіне Нағима – барған сайын атын суарып келетін қыз.
Қулығын асырумен аты шыққан Құдекең Сәдірқуат ауылының бір сұлуын шанасына басуды көпке созбайды: бұрыннан атын байлап жүрген орамға келіп тоқтайды. Келе сала Нағиманы атын суарып келуге әдейі жібереді. Өзі болса босағадан аттаған бетте тұлыбын Нағиманың ішігінің үстіне іледі. Шапшаң ойлап, шалт қимылдайтын ол: “Атым асау еді, Нағима жазым болып жүрмесін”, – деп үйден ата шығады. Тұлыбына қоса қыздың ішігін де қолтығына қыстыра кету “жоспары” да ұмытылмайды.
Суат басындағы сұңғақ бойлы сұлу аузын ашқанша, Құдекең алдын орады: “Қарағым, Нағима, мен ата-анаңның алдынан өттім: олар бізге батасын беріп, ың-шыңсыз ыңғайын келтіріңдер деді. Олай болса кеттік!” Үшінші рет осылай үйленген еді.
Міннен де, сыннан да ада еді
Қыс сайын қырық градус аязы түкірікті жерге түсірмеген елуінші жылдары ауылдың мыжырайған мектебі суық болатын, тіпті, тышқандар толып жүретін. Соған қарамастан Құдекеңнің өзін де, сөзін де қатты сыйлайтын ауылда да, ауданда да оның ісінен мін тауып, сын айтқан біреу болған емес.
Бірде аудандық оқу бөлімінің инспекторы тура Құдекеңнің үйіне бет түзейді. Оны көзі шалып қалған мектеп меңгерушісі Маркс пен Лениннің бір-екі томын ашып қойып, өзі тонын жамылып, жата қалады. Инспектор иығынан түртіп оятқан кезде Құдекең:
– Мына томдарды көп оқып, көзім ілініп кетіпті, – деп ұшып түрегеледі.
Құдекеңнің қара жаяу емес екендігін аңғарған инспектор мектепті шолып шығуға кіріседі. Үйде де, түзде де қолы қимылдамаса, отыра алмайтын майталман мұғалімнің мектебі мінсіз болып шығады. Десе де, бір шалып қалмақ болған уәкіл:
– Айтпақшы, отын қайда? – деп одыраяды. Құдекең оны мектептің қарсысындағы бір үйдің орамына алып барады. Қараса: бір қабырғаны алып жатқан тау-төбе отын!
– Қоятын жер болмаған соң осында үйіп қойдық, – дейді Құдекең.
Бұл парторгтің текшелеп қойған отыны екендігін инспектор білген жоқ. Осы үйде отын тіреліп тұрғанын олай-былай өткенде көрген Құдекеңнің тапқырлығына қалай тәнті болмассың?!
Концерттің көкесі
Орта бойлы болғанымен, төртпақ келген Құдекең қара күштің иесі еді: ол бір көпенедей шөпті бірақ айырлайтын. Күндіз түгіл, түн ортасына дейін тізе бүкпейтін ол маңдай терінің өтеуін тамақпен толтырмайтын: апырып-жапырып ішіп-жегенін көрген емеспін.
Естігенім мынау: ел еңсесін тіктей бастаған елуінші жылдар. Анда-санда ауылымызға келе қалатын ауданның уәкілдері қақаған қысқа да қарамайды. Оларға ән салып беретін әншілер ауылда жоқ. Сондықтан Құдекеңді алдыртып, оның “концертін” көрсететін. Ешкімнің тісі батпай отырған “стақанды” жұту – “концерттің” көкесі, әрине! Ел ішінде осылай аталатын бес елі қазыны қылғыту Құдекеңнің ғана қолынан келеді. Жарты астауды алып жатқан “стақанды” жұту бір сағатқа созылады. Көзі шарасынан шыға жаздаған уәкіл әуелі кекештеніп қалады. “Стақанның” кесектері Құдекеңнің алақаны арқылы көмейдің “конвейеріне” жұтылып жатқанына біраздан соң көзі үйрене бастайды. Тегін “концертке” сүйсінгені соншама – қолын шапалақтайды. Үй иесінің алдын ала келісілген тапсырысы бойынша бір сағаттан кейін “концерт” аяқталғанда аузы аңқиған уәкіл ғана емес, басқалар да дүркірей қол соғады.
“Құдайдың құдіреті”
Отынға барса да, шөпке барса да, әкемді қалдырмайтын Құдекеңмен Меңгесер жағасында да бірге болғанымыз бар. Көлдің Андағұл жағына жағалай жайғасқан көптің бірі болып шай ішіп отырған едік. Біздің қостың іргесіндегі бос орынға біреу ат басын тіреді де, дастарқанымыздан дәм татты.
– Су қалай? – деді бейтаныс. Егер ол тоқтаған тұсында тұрақтайтын болса, бұрын келген біздер оған қонақасы беруге тиіспіз. Бірақ ертең таң атысымен үйге қайтпақ едік. Ойы ұшқыр Құдекең осыны ескермей отыра алмады.
– Құдайдың құдіреті, – деді әңгімесін әдеттегідей осылай бастап, – суға түсе бергеніңде қаптаған қамыстың тұқылдары аяғыңа найзадай кіреді, – деді ол. Келген кісі көрінбей кеткенше қарап тұрдық …
Амалын табуы тез …
Бірде қыста арасында өзінің де қыздары бар бес-алты оқушыны ауылдан Көбешке (Николаевка) алып келеді. Мақсат – қалаға апаратын автобусқа отырғызу. Көп ұзамай жолаушыларға лық толған автобус тоқтай қалады. Жағдайды жедел аңғарған Құдекең автобустың жүргізушісіне былай депті:
– Мыналардың бәрі де маған тапсырылған жетім балалар. Соларды қалаға аман-есен жеткізу енді сізге тапсырылады.
Сөйтіп, амалын асыра білді.
“Быт-шыт…”
Елуінші жылдары ауылда өзінде жоқты өзгеден сұрау үйреншікті әдет болатын. Арамызда бір-ақ үй бар болған соң ба, оны-мұны сұрап, Құдекеңнің үйіне барып жүрдім.
– Жай ма? – дейді ол.
– Тырнауыш сұрайды, – деймін мен.
– Быт-шыт… қайда екенін білмеймін, – дейді ол. Келесі жолы тағы да тұрамын босағасында.
– Жай ма?
– Ара сұрайды.
– Быт-шыт …
Әрі қарай не айтатынын жаттап алғандықтан, тыңдамастан тайып тұрамын. Ал үшінші “быт-шытты” естімеуге бекіндім.
Мақамы әнге айналды
Нағашым Кенжеболат Шалабаевтың әкесі қайтыс болғанда оның жаназасына атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев те қатысты. Шалабай нағашы атама балдыз болып келетін Құдекең зират басында Құран оқыды. Өмір бойы мұғалім болған оның аят оқығанын бірінші көруіміз. Мақамы ерекше зарлы екен: жұрт аңырап жылап жатқандай ма дерсің.
Ертеңіне ауылдан қалаға келе жатқанда атақты сазгер Архимед құсап:
– Эврика! – деді.
– Нені таптыңыз? – дедік біз.
– Кешегі жаназадағы мақам дәл келеді! – деген ол егжей-тегжейлі тәптіштеуге тырыспады. Сол жылы “Қыз Жібек” фильмінің музыкасын жазып жүрген сазгердің Құран мақамынан не тапқанын артынан аңғардым: “Көп болды Ақжайыққа бармағалы” деп Қыз Жібек аңырағанда Құдекеңнің дауысы құлағыма келді.
Болат ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.