Биыл 15 тамызда электр энергиясының тарифы қымбаттағаны белгілі. Бұл шешім әдеттегідей тұрғындардың наразылығын тудырған болатын. Бағаны көтеруден түскен ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білу мақсатында қалалық қоғамдық кеңес мүшелері “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының қарамағындағы №2 жылу-электр орталығында болып, жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Үстіміздегі жылы энергия өндіруші ұйымдардың отын сатып алу, бюджетке төлемдер және жүйелік оператордың көрсетілетін қызметтерін төлеу бойынша шығындары ұлғайды. Бұл электр энергиясының бағасына әсер етеді. Осыған байланысты Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары сәуір айында Энергетика министрлігіне шекті тарифтерді топтар бойынша түзетуге өтініш берген. Нәтижесінде Қазақстанның 44 энергия өндіруші ұйымының 34-інде тариф өсті. Жаңа тарифтерге сай қазақстандықтар электр энергиясына орта есеппен айына 200 теңге артық төлейтін болады. Тариф құнын өсірген жылу өндіруші компаниялардың қатарында Петропавл қаласы мен 8 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы да бар.
Алдымен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері орталық аумағында орнатылған электрмен жабдықтаушы қондырғылардың жұмысымен танысты. Биыл Петропавл №2 жылу-электр орталығындағы 12 қазандық пен 7 турбина агрегатын жөндеуге, трансформаторды ауыстыруға, жылу коллекторларын жаңғыртуға қосымша 7 млрд. теңге берілді. Сондай-ақ, трансформаторлардың соңғысын келесі жылы жаңарту жоспарланған. Егер 11 жыл бұрын мұндағы жабдықтардың тозуы 89 пайыз болса, бүгінде көрсеткіш 60 пайызды құрайды.
Кеңес мүшелері орталықтың жылу тарату құрылғысының жұмысымен танысты. Нысанда 2009 жылдан бері жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 мың шақырым электрмен жабдықтау желісі қалпына келтіріліп, 31 шақырым жаңа желі тартылады деп күтілуде. Үстіміздегі жылы мұнда 35 және 110 кВт-тық тарату құрылғысы қайта құрылған.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Игорь Татаровтың айтуынша, соңғы үш жылда “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының қарамағындағы инфрақұрылымдарды жаңғыртуға 16 млрд. теңге бөлінген. Бүгіндері станция 220 мВт қуат өндіреді. Оның 144-ін солтүстікқазақстандықтар тұтынады. Ал қалғаны Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесіне сатылуда. Десе де, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында “СевКазЭнерго” АҚ-ы 1,5 млрд. теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Енді сол шығынның орны жаңа тарифтің есебінен толтырылмақ.
– Бағаның өсуіне жаңа құрал-жабдықтар сатып алу ғана емес, сонымен қатар отын мен тасымалдау қызметтерінің қымбаттауы да өз әсерін тигізіп отыр. Отын құнының жылдан-жылға өсуі нәтижесінде биыл электр энергиясының шығындары 2,2 есеге артты. Атап айтқанда, “КЕГОК” АҚ-ы қызметінің құны – 23, ал көмір және оны тасымалдау қызметі 13 пайызға қымбаттады. Бүгіндері компаниямыздың қарамағындағы электр желілерінің 80 пайызы тозған. Яғни, олардың жағдайы техникалық талаптарға сай емес. Электр энергиясымен жабдықтаудың сапасына қауіп төніп тұр. Сондықтан тарифті өсіруге мәжбүрміз, – дейді Игорь Татаров.
Басшының айтуынша, тариф өзгертілмесе, 2027 жылдан бастап Петропавл №2 жылу-электр орталығында электр энергиясын өндіру қуаты күрт төмендеуі мүмкін. Ақыр соңында қалған қуаттылық облыс орталығы мен 8 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетпеуі ықтимал. Ал жаңа тарифтен түсетін қаржы жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға, алдағы күзгі-қысқы кезеңнен ойдағыдай өту үшін және апаттық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, мұндай түйткілді тұтынушылардың есебінен шешуге болмайды. Негізгі жүктемені бюджетке аудару қажет. Кеңес мүшесі Александр Казанцев энергетикаға қажетті үлкен шығындарды бірінші кезекте мемлекет өз мойнына алуы тиіс деген пікірде. Алдағы уақытта қоғамдық кеңес мүшелері жауапты органдарға аталмыш мәселеге қатысты хат жолдайтын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.