Дербес мемлекет ретінде қалыптасудағы алғышарттардың бірі – ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жанын бере жүріп қорғап, ұрпаққа аманат еткен ұлан-байтақ жерінің тұтастығын сақтау, елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылуы.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан-ақ өңірімізде бұл көрініс орын ала бастады. Бұрын Володар, Ленин, Возвышен, Совет, Мәскеу, Соколов, Красноармейск деп аталып келген аудандарға Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Тайынша деп тарихи және географиялық жағдайына қарай жаңа атаулар берілді. Ал Сергеев, Булаев, Целинный аудандары Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов сияқты даңқты жерлестеріміздің есімдерін иеленіп, еңсемізді көтердік.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында облыстық ономастикалық комиссияның ұсыныстарды байыпты зерттеп, лайығына қарап, атау беру немесе тарихи атауын қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуінің арқасында барлығы 70-ке жуық ауыл және ауылдық округтің атауы өзгертілді. Империялық саясат негізінде өзгеріске түскен Комсомольское – Ұзынкөл, Новокрасновское – Мортық, Херсонское – Қаратерек, Володарское – Саумалкөл, Толбухинское – Телжан, Озерное – Тілеусай, Западное – Тоқсан би, Менжин – Кеңащы, Ленин – Байшілік, Чернигов – Қондыбай, Гавриловка – Көкалажар, Октябрь – Ұзынжар, Чапаево – Мерген, Найдорф – Ақсары, Қызыләскер – Құмтөккен және де басқа да бірталай елді мекендер байырғы атауларына ие болды.
Жоғарыда аталған әрбір елді мекен атауының өзіндік шығу тарихы бар. Мәселен, Тимирязев ауданындағы Степной ауылдық округінің бұрынғы тарихи атауы – Құртай. Аудандағы Ракитное, Лебедевка және Степное ауылдары орналасқан жердің тарихы 1810-1888 жылдары өмір сүрген Құртай Қартанбайұлы деген бидің атымен байланысты. Осы жерде өмір сүріп, төрелік жасаған Құртай Қартанбайұлы – қазақ тарихындағы белгілі Танаш бидің ұрпағы. Құртай әділ би атанған. Сол әділдігін сыйлаған ел осы мекенді Құртай елі деп атаған.
Кеңес өкіметі орнап, дәулеттілердің дүние-мүлкі тәркіленіп, ел ішінде қуғын-сүргін басталғанда Құртай бидің де ұрпақтары қудалауға ұшырайды. Дүние-мүліктері, малы тәркіленеді. Алайда, ел-жұрт Ракитное ауылы орналасқан жерді Құртай деп атап келді. Елді мекеннің сол тарихи атауы бүгінде ресми түрде қайтарылып отыр.
Көптеген елді мекендер тұрған жеріндегі табиғи сыр-сипатқа байланысты аталған. Мәселен, Ақжар ауданындағы Совхозное ауылы орналасқан жерде Сарыбұлақ, Ақжарқын деп аталатын сарқырап ағып жатқан бұлақ көздері болған. Суға бай, жайылымы шүйгін, қоныстауға жайлы болғандықтан, көшпенді халық бұл жерді құтты мекенге айналдырған. Ел арасында айтылып жүрген әңгімеге сүйенсек, ертеректе осы жерді мекендеген қаңлы руы қонысқа Ақжарқын деген атауды беріп кеткен көрінеді. Айта берсек, жергілікті жердің сыр-сипатын, тұрмыс пен тіршілік-тынысын бейнелейтін, ата-бабаларымыздың қасиетті рухын еске салатын төл сөздерімізбен қойылған елді мекен атаулары жетерлік.
Мемлекеттік тіл саясатындағы ономастика саласын жүйеге келтіру мақсатында 2010 жылы Айыртау ауданындағы Өскен – Үкілі Ыбырай ауылы, Қызылжар ауданындағы Элитное – Бәйтерек ауылы, Уәлиханов ауданындағы Чехово – Ақбұлақ ауылы болып өзгертілді.
Уәлиханов ауданындағы Чехово ауылының іргесі 1954 жылы қаланған. Тұрғындарының ұсынысы бойынша елді мекен Ақбұлақ ауылы болып өзгертілді. Жергілікті халық ауылдың жаңа атауын жақын маңдағы бұлақ көзінің болуымен байланыстырады. Жаңа атау беруде географиялық ерекшеліктердің ескерілуі орынды-ақ.
Қызылжар ауданындағы Элитноеның Бәйтерек атануы да тегін емес. Облыс орталығына таяу әрі тасжолдың бойына орналасқан 50 үйлі елді мекен “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасының аясында тұрғызылған жүздеген жаңа баспанамен толығып, шетелдерден қоныс аударған қаракөз ағайындарымыз бен жас отбасылардың жайлы қонысына айналды.
Сонымен қатар, айтылуы, жазылуы бұрмаланған әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ана тіліміздің заңдылығына сай түзету – жұмысымыздың бір бағыты болып табылады. Бүгінгі таңда атауы бұрмаланған 26 елді мекеннің транскрипциясы дұрысталды. Мәселен, Альжанка – Әлжан, Акчок – Ақшоқы, Бурлыкское – Бұрлық, Шукурлюк – Шүкірлік, Бишкуль – Бескөл, Шағлы – Шағалалы болып түзетілді.
Әрине, әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде жиналған мәліметке қарағанда, өңіріміздегі атаулардың 60 пайызы қазіргі талап етіп отырған Үкімет саясатына сай келмейді. Бұл – аса байыптылықты, терең зерттеуді қажетсінетін жауапты іс.
2016 жылдың 27 қазанында өткен облыс әкімдігінің отырысында аудандардың басшыларына әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық нысандарға атау беру, оларды қайта атауды ретке келтіру туралы хаттамалық тапсырма берілді.
Өткен тарихымызды еске салатын атауларды қайтару – уақыт еншісінде. “Мәңгілік Ел” идеясын ту еткен Қазақстан халқының бір бөлігі мекендейтін ақ қайыңдар өлкесінің ұлттық келбетін келтіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Фарида ТҰЯҚОВА,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас маманы.